Мемлекет иелігіне алу
Мемлекет иелігіне алу
Мемлекет иелігіне алу — шаруашылық жүргізуші субъектілерді тікелей басқару атқарымдарын мемлекеттен жеке немесе заңды тұлғаларға ішінара немесе толық (соның ішінде жекешелендіру жолымен де) беру. Әкімшілдік-әміршілдік экономикадан нарықтық экономикаға көшудің, тауар өндірушілердің дербестігін нығайтудың, рынокты тауарлармен (қызметтермен) молықтырудың, тауарлардың сапасын арттырудың, мемлекет кәсіпорындардың монополизмін жоюдың маңызды бағыты ретінде қаралады. Жалпы ел экономикасының тиімділігін арттыруға және оның азаматтарының тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталады. Қолданыстағы заңдарға және жекешелендіру бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік айыптаушы
Мемлекеттік айыптаушы — қызметі қылмыстық іс бойынша айыпталушының кінәсін дәлелдеуге бағытталған, сот отырысында заңға сәйкес негізде мемлекет атынан айыптауды жүзеге асыратын лауазымды тұлға. Мемлекеттік айыптаушы қызметінің құқықтық жай-күйі әр мемлекетте әр түрлі аталады және мұндай қызмет барлық жерде біріне бірі ұқсай бермейтін салалық мемлекет қызмет жүйелерінде атқарылады. Бір елде мемлекеттік айыптаушы лауазымы сот жүйесінің құрамындағы қызметтік тармақ болса, басқаларында ол өз алдына бір мемлекет қызмет жүйесі. Қазақстанда мемлекеттік айыптаушы қызметі прокурор лауазымының атқаратын міндеттерінің бір саласы. Мұндай қызмет прокурордың қылмыстық іс материалдарына сүйене отырып, заттай дәлелдемелер мен куә айғақтары арқылы айыптаушылық тұжырым айтып, соттан сотталушыға жазаның нақты бір түрін тағайындауды сұрауынан тұрады. Сотта мемлекет айыптауды қолдау үшін прокурор өз дәйектерін алдын ала орнықтыру сатысынан өтеді. Тергеу органдарынан келіп түскен қылмыстық істің заңдылығын қадағалау барысында прокурор заңсыз қозғалған істі қысқартады не қайта саралайды немесе нұсқау беріп тергеушіге қайта жібереді. Ал заң талабына толық жауап беретін іс болса немесе заңсыздықтар жойылып, қайта түскеннен кейін прокурор істі сотқа өткізеді. Мемлекет айыптауды қолдау да қылмыс жасаған адамның қудалануын талап еткен заңның орындалуын қадағалаудан туындайды.
Мемлекеттік алтын және асыл металдар музейі, 1992 жылы құрылған. Қазақстандық қолөнер шеберлерінің туындыларын және көне замандардан жеткен зергерлік бұйымдарды жинап, сақтап және зерттеп, насихаттауды көздейді. Мемлекеттік алтын және асыл металдар музейін құрудағы мақсат: республика көлеміндегі көптеген музейлерде сақталған, археологиялық қазбалардан табылған әр ғасыр қолөнер шеберлерінің бұйымдарын бір жерге шоғырландыру; тәуелсіздікке дейін жақын және алыс шетелдерге шығарылған тарихи-мәдени құндылығы зор асыл заттарды Қазақстанға қайтарып, жинақтауға ықпал ету. Зергерлік өнер туындыларын осылайша бір музейге шоғырландыру ерте замандардан бері сабақтастығын үзбей келе жатқан өнердің көркемдік, технологиялық әдіс-тәсілдерін, композиция стилдерін салыстырмалы түрде, әр қырынан зерттеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік алтын және асыл металдар музейі 2000 жылы Астана қаласына көшірілді