Мемлекет басқаруы түрлері
Мемлекет басқаруы бойынша
Монархия (гр. μοναρχία — біртұтас билік) — абсолюттік және конституциялық болып екіге бөлінеді. Абсолюттік монархия
— мұраланған тақ иесінің (монархтың) ешқандай заңдармен шектелусіз, өз қалауынша дара билік жүргізуі. Шыңғыс хан және оның ұрпақтары билеген Қыпшақ мемлекеттері, XVIII ғасырдың соңындағы буржуазиялық революцияға дейінгі Людовиктер басқарып келген Франция осы абсолюттік монархияға мысал. Атадан балаға мұра боп қалған билік иесінің мемлекеттің сайланып қойылатын басқару органдарымен біте қайнасып, демократиялық ұстанымдармен үйлесім тауып басқаруын конституциялық монархия дейді. Мысал ретінде қазіргі Англия, Жапония мемлекеттерін айтуға болады.
Республикалық басқару — парламенттік және президенттік болып екіге бөлінеді. Парламенттік жүйесі бар елдерде парламенттегі орындардың көпшілігін сайлауда жеңіп алған партия немесе партиялар коалициясы — премьер-министр басқарады. Үкімет өзі жасап парламент бекіткен бағдарлама бойынша жұмыс істейді, парламентке есеп береді. Парламент жетекші рөл атқарады, қажет десе, басқарушы үкіметті қызметтен кетіре алады. Парламент заңдарды ұсынады және оларды қабылдайды. Премьер-министр де парламенттің қарауына заңдар ұсынады. Сот билігі тек заңдарға сүйеніп жүзеге асырылады. Парламенттік республикалық басқаруға Италия, Алманияны жатқызуға болады. Президенттік жүйеде президентті және парламентті халық сайлайды, заңды билік пен атқарушы билік арақатынасы өзгереді, ел президенті мемлекеттің де, үкіметтің де басшылығын өз қолына алады. Президенттік басқару үлгісі ретінде АҚШ-ты келтіруге болады.
Диктатура (лат. dictare — нұсқау беру) — бір қолға шексіз биліктің жинақталуы, заңды аяққа баса отырып, күш көрсету арқылы мемлекет басқаруды жүзеге асыру. Диктатура мемлекеттік билік формасының ерекше көрінісі ретінде монархиялық және республикалық режімдер жағдайында ұшыраса береді.