Айбалта туралы не білеміз?
Көшпенділердің көнеден келе жатқан қаруының бірі. Қазақ батырлары айбалтаны өте жиі қолданған. Ол екі бөліктен тұрады: «басы» және «сабы». Басы мен сабының түйіскен жерін «сағағы» деп атайды. Қолға іліп алу үшін бүлдіргітағылады. Балтаның басы жалпақ келіп шабуға арналған жағы «жалманы»,шабатын жері «жүзі» деп аталады. Айбалтаның негізгі түрлері сақ, скиф, сарматтар заманында, біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІІ ғасырларда қалыптаса бастаған. Қазақ батырлары қолданған айбалта түрлері 18-19 ғасырға дейін сақталған. Сабының ұзындығына қарай қысқа, орташа,ұзын сапты болып бөлінеді. Ең көп қолданыста болғаны — сабының орташа ұзындылығымен. Қазақ айбалталарының бізге жеткен үлгілерінің басым көпшілігі орташа сапты айбалталар. Саптарының ұзындығы ат үстінде айқасуға ең ыңғайлы мөлшер. Балталардың сабы әр түрлі ағаштардан жасалып, кейде терімен немесе тұтастай металмен қапталған.
Айбалтаның сабы ағаштан жасалып, кейде терімен қапталады, металл жапсырмалармен әшекейленеді. Кейбір балта саптары түгелдей терімен, күміспен қапталуы да мүмкін. Қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдіргі тағылады. Қазақ ұсталары айбалта сабының ұңғыдан өтер екі жағын темір құрсаумен шегелеп, оны ұлттық қошқар мүйіз тәрізді ою-өрнекпен безейді. Қазақтың айбалтасының басына күмістен ою-өрнек салынады. Қазақтар ұстанған айбалта саптарының ұзындығы негізінен 70-90 см аралығында. Балтаның басы жарты Ай тәріздес дөңгелене соғылуы ай атауына негіз болған.
Айбалтаның кішірейтіліп, сәнді етіп жасалған түрін сал-серілер, батырлар, хандар белгілі жиындарға, мәслихаттарға барғанда өзге де қару-жарақтарымен қоса жандарына байлап жүрді.
Қазақ жауынгерлері айбалтаны белге байлап, жорыққа шыққан. Ал, аттың үстінде жүргенде оны ертоқымның сыртқы қабына салып қойған.
Айбалтаның көлеміне байланысты оны бір немесе екі қолмен де пайдалануға болады.
Қазақтар бұл қару түрін ХХ ғасырға дейін пайдаланып келді.