Ы.Алтынсарин шығармаларындағы сыни ойлар

Ал Ы.Алтынсаринның әдебиет туралы ғылымға қосқан үлесі жұртқа мәлім ағартушылық еңбектерімен сабақтас. Осы бағытта ол қазақтың әдеби тілінің тазалығы, әдеби шығармалардың халықтығы, тәрбиелік мәнінің биіктігі үшін күресті. Ы.Алтынсариннің әрбір өлеңдерінде сын басым. Мысалы:
Азған елдің хандары,
Тақ үстінде отырғандары.
Жарлыдан алып байларға,
Сыйлар берсе керек - ті.
Азған елдің қожасы,
Қыдырып келер есікке.
Бұл үйде кім бар екен деп- осы өлең жолдарында бай шонжарларды сынға алады. Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. Сонымен қатар әңгімелерінде, сыни ойлар басым келеді. 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында ол: "Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру — қалай дегенмен де аса қажет болып отыр", – деп жазды. Осы жолда Ыбырай көп қиыншылықтар да кездестірді. Ел ішіндегі ескішілдік, парақорлық пен өсек-аяң оның жанын күйзелтті. "Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек" деп санады. Мәдениетті де талантты педагог-жазушы әрі мінезге бай, адамгершілік, жолдастық қасиеті мол Ыбырай орыс зиялыларының арасында мейлінше беделді, сыйлы болған. Оқулық жасау жолында оқулыққа Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді. Ыбырай балаларды мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды... қазақтың өз тілінде... басып шығару керек деп білді. Өзі 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. "Бұл кітапты кұрастырғанда мен, – деп жазды. Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, – біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім". "Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді.