Қазіргі кездегі сынның жағдайы
80жылдардың соңына қарай елімізде басталған түбірлі бетбұрыстар қазақ әдебиеті сынына да тың серпіліс әкелді,алға жаңа міндеттер қойды.Мұндай үлкен міндетерді атқаруға сынның ғылыми сипаты артып,әдебиеттану ғылымының өрісі кеңейе түсті.Қазіргі кезде әдебиет сыны жан-жақты өркендеп,жанрлық түрлері дамыды.Әдебиеттану ғылымының бұл саласында сын мақала,сын пікір(рецензия),шолу мақала,эссе(ғылыми очерктер),сын-монографиялар т/б жанрлық түрлері дами бастады.Қазақ руханиятында қайталанбас көркем мұра сыйлаған Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов, Қ.Мұхаметжанов, қазір де қолынан қаламы түспеген Ә.Нұрпейісов, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова сынды шынайы суреткерлер жайындағы толымды,тағылымы биік әдеби-эстетикалық эсселер мен әдеби талдау мақалалар шоғыры осының барлығы әдебиет сыншысының кейінгі он-он бес жыл көлемінде тынымсыз ізденіс үстінде екенін көрсетеді.Әрқайсысы қазақ әдебиетінің бір-бір шоқтығынга айналған жоғарыда аты аталған қаламгерлердің шығармашылық зертханасының,олардың көркемдік әлемнің қазіргі әдебиеттану,сыни-эстетикалық дүниетанымымыздың бүгінгі жеткен биігінен талдау арнасында қарастырылуы басты рухани олжамыз дер едік.Әдебиетімізге тәуелсіздік кезеңінде келген жастардың шығармашы лығы да толымды әңгіме көтеруді талап етеді.Олардың нысаны-тұнып тұрған бүгінгі күн,бүгінгі заман десек болады.Жалпы,айта кетсек,әдебиет сыны көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келеді . Көркемдік даму мен эстетикалық талап – талғамның өркендеу процесі уақыт жағынан бір – бірінің ілгері - кейінділігіне қарамастан, өзара байланысты болады. Ал енді көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келген сынның дәрежесі қандай болмақ деген мәселеге келгенде, екі себепке, атап айтқанда, субъективтік және объективтік себептерге тоқтала кеткен жөн. Субъективтік себепте ең алдымен, сыншының білім деңгейі мен эстетикалық талғамының мол – аздығын еске алу керек. Қай кез болмасын, әдебиеттің өрлеу кезінде де, оның кейде көркемдік жағынан да, қоғамдық пікірді ұйымдастыру жағынан да биік деңгейден табылмай қалатын шағында да сыншыға қойылатын субъективтік талап шығып қалған емес. Екінші объективтік себеп – көбіне әдебиеттің жалпы дәрежесіне тәуелді. Егер көркем шығармалар өзінің қоғамдық мәні жағынан көркем бейнелер жасау, типтік жағдайларды көрініспен суреттеу, тіл байлығын игеру, оқушыны ілгері ұмтылдыратын эстетикалық идеяларды белгілеу жағынан биік деңгейден табылып жатса, онда сынның өресі биік болғаны. сыншы әрқашан көркемдік дамудың кезеңді асуларында ойын өрбітуге қажетті дәлелдерді әдебиеттің күнделікті шындығынан ала отырып, келешекте шығар биіктерді бағдарлайды, әдебиеттің өркендер арнасын анықтайды, әдеби процеске белсене араласады.