Әдеби хабар

Сын жанрының ішіндегі “жасы жағынан ең үлкені де,көлемінен шағыны да,икемділігінен шапшаңы да,ең елгезек тіл алғышы” да –әдеби хабар.Баспасөз бетіндегі әдеби пікірлер ең алғаш рет хабар түрінде көрінді десе де болғандай.Мәдени өмірдегі елеулі деп табылған әдеби фактілер оқырманға ең алдымен,хабар түрінде баспасөз арқылы жетеді.Қандай оқиғаны хабардың объектісі етіп алудың өзінде де сыншылық-бағалаушылық сипат бар.Көбіне оқырманға пайдасы бар ,ұнамды оқиғалар хабардың объектісіне айналады.
Хабар жанрының аты айтып тұрғандай,басты міндет-жаңа болған әдеби оқиғаны,жаңалықты оқырманға хабардар ету.Хабардың “жаны”-жаңалық
Жаңалығы жоқ болса хабар да жоқ.
Алғашқы қазақ баспасөзінде көрінген әдеи сынның мұндай түрін профессор Т.Кәкішев “жарнама-сын” деп атады.Әдеби хабар түріндегі “жарнама-сындар” қазақ әдеби сыны жанрлық жағынан әлі қалыптаспаған төңкеріске дейінгі кезеңде “Түркістан уәлаятының газеті”,”Айқап” журналында көптеп көрінді.Әдетте, хабарға әдеби маңызы бар оқиғалар өзек болады.Онда оқиға,оқиғаның қай жерде болғаны,кімдер қатысқаны сөз етіледі.
Баспасөз бетіндегі әдеби хабарлар жеке күйінде де,немесе ортақ тақырыппен топтама түрінде де көрінеді.Мысалы “Қазақ әдебиеті” газетінде номер сайын беріліп тұратын “ҚӘ” хабарлайды,Қазақстан жазушылар одағында атты айдарлар жұмыc іcтейді.Осыларда берілетін материалдар айдар аясында да,жеке-жеке тақырыптармен де жариялланып жүр. Мұндай топтама түрінде берілген хабарлардың қысқалық,нақтылық сипаты басым келеді.
Хабардың басқа жанрлардан көлем жағынан шекарасы қай жерден өтеді деген сауалға дәл жауап беру қиын.Бір мәселе жанрдың ішкі мүмкіндіктері қаншалықты дәрежеде пайдаланылды,немесе жанр шарттары орындалды ма деген мәселелердің төңірегінде түрлі жағдайда түрліше шешіледі.Сыншының жанрға “шамасы келмей” ,”басын жарып,көзін шығарып” жатуы мүмкін.
Ондай жағдайда,жанрын анықтаймын деп әурелену артық.
Көлем жағынан келгенде тіпті бір сөйлемнен тұратын хабарлар да бола береді.Мысалы, С.Жанәбіловтың «Жазушыға құрмет» атты хабары «Әлжаппар Жылқышиевқа Шымкент қаласының құрметті азаматы атағы берілді деген сөйлемнен ғана тұрады.Сонда да болса жоғарыда айтқан жанрдың басты шарттары орындалып тұр.Осы жерде мынаны ескеру қажет:басты мақсаты хабарлау болғанымен де көлемі жағынан көбейе берсе, белгілі мөлшерде санның сапаға айналатыны сияқты, хабар да өзінің жанрлық табиғатын жоғалтып, басқа кейіпке ауысып кетеді.