Әдеби пародия

«Пародия – көркем шығарманың, стильдің, жанрдың күлкілі бейнесі». Л. Гроссман «пародияның сөз өнеррін шығармашылықпен бағалайтын» сын жанры екендігін дәлелдеп жазады. Сол сияқты пародияны публицистикалық, әдеби жанрға жатқызып жүрген пікірлер де бар. Пародияның публицистикалық та, көркемдік те сипаты бар екендігі, оның көркем әдебиеттегі кемшіліктерді сатира уытымен түйреп, сынайтындығы анық. Десек те бұл жанрда публицистикалықтан гөрі әдеби сипаттың, сыншылдық мақсаттың басым екендігі анық. М. Поляков пародияны сынның «заңды жанры» С. Тяпков «көркем образдарға сіңірілген әдеби сын» деп біліді. Сонымен, сынның көркем жанры пародия «өлеңге қарсы өлең» дегенді білдіреді. Көбіне поэзиялық шығармаларға арналып, олардың көзге ұрып тұрған өрескел мінін сынауға арналады. Сыналып отырған объектінің сыртқы формасын сө саптау, стиль, бунақ ырғағына дейін сақтай отырып, басқаша айтқанда, оған «еліктей» отырып, дәл сондай түрмен оның мазмұнына, не формасына дау айтқан қарсы шығарма жазылады. Яғни, пікір білдіріп отырған шығармаға қарсы оның өз «қаруымен», тәсілімен күрес ашады; мінін әсірелеңкіреп, келемеждеп сықақтайды. Автордың сәтсіз жақтарын пародист шебер пайдаланып, бүкіл шығарманы, оның өзіне қарсы бағыттайды. Пародияның басқа сын жанрларынан артықшылық жағы – онда өнер жарыстырудың барлығы. Әдетте ақын-жазушылардың сыншыларға айта беретін «біреуге ақыл айтпақ түгілі, алдымен, өзің осындай шығарма жазып ал» қарсы уәжі бұл жерде іске аспай қалады. Өйткені, сыншы пародияда ғана сынап қоймайды, қалай жазудың үлгісін де көрсетеді. Пародияда сыналып отырған шығарма «қисық айнаға» түскендей, кемшілігі күлкі тудырып келемежделеді. Сынға ұшырап отырған әдеби туындының тілдік, стильдік, идеялық ерекшеліктерін мазмұны мен түрін, жалпы көркемдік болмысын оқырманға сол күйінде жеткізе білуде пародияның басқа сын жанрларына қарағанда бейнелілік, әсерлілік жағынан көп артықшылығы бар. Пародияны оқыған оқырман белгілі бір әдеби кемшілік туралы сыни пікір білумен бірге эстетикалық тұшыным татуы оның басты ерекшелігінен саналады.