С.Мұқановтың портрет жасаудағы шеберлігі

Әр жанрда қалам тербеген ұлы жазушы С.Мұқановтың әңгімелері түрлі қоғамдық-саяси өзгерістер мен дүмпулерге толы XX ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Ұлы Қазан төңкерісінен кейін қазақ әдебиетінде прозаның шағын түрі — әңгіме өріс алып, көркемдік жағынан дами бастады. Әдеби шығарманың негізгі қозғаушы күші кейіпкер характері дейтін болсақ, автордың негізгі идеясы, айтар ойы кейіпкер характері арқылы жүзеге асады. Өмір шындығына бейімделген характер бейнелеуде кез-келген суреткер ішкі монолог пен диалог, портрет пен пейзаж, көркем деталь, авторлық баяндау типтерін қолданып, шығарманың көркемдік мәнін тереңдете түседі. Ендеше, шығарманың көркемдік деңгейі көркем сөзбен өрілген сюжетке негізделген кейіпкер характерімен үндесіп жатады. С.Мұқанов әңгімелеріндегі характер бейнелеуде қолданған көркемдік тәсілдері: монолог пен диалог, портрет, пейзаж, авторлықбаяндау, деталъ, психологиялық параллелизм. Соның ішінде кейіпкер характерін айқындауда портрет С.Мұқанов үшін негізгі рөлдердің бірін атқарады. Кейіпкерлерін суреттеуде автор портреттің бірнеше түрін колданған: сипаттама портрет және мінездеме портрет. Жазушының шеберлік даралығының бір түрі табиғат суретін сюжеттің дамуына кіріктіре білу болса, С. Мұқанов әңгімелерінде пейзаж штрихтары қаһарманның көңіл-күйіне, психологиясына үндестіріле бейнеленеді. Мысалы, "Азғын" әңгімесіндегі өз баласынан жеріген Мырзабектің шешесінің көңіл-күйі табиғат көрінісімен қабаттаса, психологиялық параллелизм әдісімен беріледі: "Күн түсте айнадай жарқырап, баласын көре келе жатқандардың қуанышын құттықтаған сықылды еді. Енді жер де емшегін қолына алып назаланған кемпірдің, даусына сілкінгендей болды. Бұлт қоюлана қалды. Кемпірдің іштегі жалынымын дегендей, әр жерде бұлтты жарып нажағай оты жарқ-жұрқ етті...".
Тағы бір мысал: "Саятшы Ораз" шығармасындағы Ораз портретін С.Мұқанов былай суреттейді:"Ораз аса жарқын мінезді, ұрыс-талас дегенді білмейтін, өзі ешкімге соқтықпайтын, кісіге телмірмейтін, сұрағанның қолын қақпайтын, үлкенмен де, кішімен де құрдас, ойыншыл, әзілқой, қалжыңшыл, аса жайдары мінезді адам". Негізгі баяндау арнасы авторлық баяндауға құрылған әңгімелерінде жазушы қаһарман портреті мен пейзажға аса жиі мән бермегенімен, нақты портреттік деталь, штрихтардан адам мінез-құлқына сай бет-әлпет нұсқасын нанымды кестелеген. Бұл турасында әдебиеттанушы Щепилова Л. В. былай дейді: "Әдеби туындыдағы портреттік детальдар мейлінше сан алуан. Бұл тек адамның бет-әлпеті, сырт пішімі, киімі ғана емес. Бұл оның қозғалысы мимикасы, ымдауы, даусы".Сонымен, С.Мұқанов әңгімелеріндегі характер жасау принциптерін бірнеше аспектіде зерттеу барысында көз жеткізгеніміз, қаламгер әңгімелерінде жалаң схематизм кездескенімен, алайда көркемдік қуаты жағынан жазушы бірталай жетістіктерге жетіп, XX ғасыр басында дамып, көркем әңгіменің көркемдік дамуына өз үлесін қосқан.