Аннотация
Аннотаңия – сын жанрларының ішіндегі ең шағын көлемдісі. Шын мәніндегі әдеби сынның бастау алар бұлағы. Алғаш көрінген түрі десе де болғандай. Аннотацияның объектісі – бір ғана шығарма, кітап. Мақсаты – кітаптың не туралы екендігімен таныстыру. Әдеби сынның басқа жанрлары сияқты, алдына көп міндеттер қоймайды; жоғарыда айтылған бір ғана мақсатты шағын көлемде орындау аннотацияның негізгі жанрлық ерекшелігін айқындайтын өлшем болып табылады."Қазақ совет энциклопедиясында" аннотацияға мынадай анықтама берген: "Аннотация (лат.аnnotatie - ескертпе) – кітаптың, мақаланың мазмұнын, саяси – идеялық бағытын, құндылығын түсіндіретін қысқаша сипаттама". Бұл анықтамаға сүйенсек, аннотация дегеніміз – кітап туралы қысқаша сипаттама. Ал, "Қысқаша әдеби энциклопедияда" "кітап, мақала, қолжазба, шығарма мазмұнының қысқаша мазмұндамасы" деген түрде түсіндірілген. Академик М. Қаратаев бір мақаласында аннотацияны "қысқаша мазмұндама" деп атапты. Профессор Т. Амандосов аннотацияны рецензияның "ең шағын да қысқа түрі" екендігін, ол "шығарманы қысқа, тұжырымды баяндап береді", "кеңірек үгіттеуді көздейді" деп жазады. Т. Кәкішев "аннотация сол шығарманың негізгі мән – маңызын қысқаша түйіндейді" – дейді. Аннотация басылып шыққан бір кітаптың алғашқы бетіне басылады да оның төлқұжаты (паспорты) сияқты қызмет атқарады. Әрбір адамның төлқұжатында ол туралы негізгі мәліметтер жазылатын болса, әр кітаптың аннотациясынан да осы секілді мағлұматтарды алуға тиіспіз. Ең басты- "кітап не жайлы, бізге қажет пе, қажетсіз бе?" деген сауалдарға жауап іздейміз. Осы орайдан көрінген аннотация мақсат үдесінен шыққан, ал көрінбесе, өз міндетін орындай алмаған. Сондықтан да әрбір кітапқа берілер аннотацияның ойдағыдай жазылуы әрдайым назарда болғаны жөн.