70-80 жылдардағы әдебиет сынының жағдайы
Әдеби сын да уақыт пен кеңістік категориясына тәуелді. Белгілі әдебиет сыншылары-ғалымдар С.Қирабаевтың, Ш.Елеукеновтің, Т.Кәкішевтің, Д.Ысқақұлының және өзгелердің еңбектерінде де сын эстетикалық категория ғана емес, идеологиялық құбылыс, күрес құралы екені де айтылады. С.Әшімбаевтың сынға белсенді араласқандығы ХХ ғасырдың 70-90− жылдарында байқалды. С.Әшімбаевтың «Сыншыл ой туралы сыр» мақаласында қазақ әдебиеті мен сынының диалектикалық бірлікте дамуы, оған еңбек сіңіріп жүрген сыншылар, ақын-жазушылардың сын кітаптары туралы толымды ой қозғайды. Қазақ әдеби сынының өнер дәрежесіне, профессионалдық деңгейге көтерілуінде академик, сыншы М.Қаратаев еңбегінің үлесі ерекше екендігіне тоқталады. М.Қаратаев еңбегінің маңызын да осы әдебиеттің өзектес салаларының тығыз бірлігінен таниды. М.Қаратаев мақалаларында әдебиет тарихына, теориясына қатысты мәселелер қашан да қоян-қолтық араласып жүреді. Бұл жетістіктен басқаға саналмайды. Сынның да өз эстетикасы бар. Сынның эстетикасы парасатты сыншы ойларының тереңдігі мен сыршылдығында деген, С.Әшімбаев. М. Қаратаев мақалаларының оқушысын осындай қырларымен өзіне тартып, ойлантып, баурап алып отыратынына сүйсінеді. Оның «Социалистік релаизмнің қазақ прозасындағы қалыптасуы», «Әдебиет және эстетика», «Эпостан эпопеяға» атты күрделі еңбектерінің қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынының кәсіби дәрежеде өскенін көрсетеді. Қазақ әдебиетінің тарихын әріден бастау керек деген пікір айтар ауызға жеңіл болғанмен, оның шын ғылыми дәлелдеуді қажет ететінін, бұл ретте М. Мағауинның осы бір күрделі, маңызды тақырыпты игеруде көп еңбектеніп, көп ізденгенін құптайды. Қазақ поэзиясының дамуында шығыс поэзиясының ықпалы орасан. Абай мен оның алдындағы, кейінгі ақындардың қай-қайсысының да шығыс поэзиясынан сусындамағаны жоқ. 70-80 – жылдары жарық көрген З. Қабдоловтың «Жебе», Р. Бердібаевтың «Ғасырлар толғауы», Т. Тоқбергеновтың «Үш тоғыс», С. Оразалиновтың «Шындық және көркемдік шешім», С. Байжановтың «Замандас туралы толғау», А. Нағыметовтың «Адам және қоғам», Ш.Сәтбаеваның «Әдеби байланыстар», «Өрнекті өріс» атты әдеби-сын еңбектеріне тоқталып, жан- жақты саралайды. Бұл кітаптардың әрқайсысының алдына қойған мақсат-мұратын, көтерген проблемасын, қамтыған тақырыбы мен идеясын, талдау ерекшелігі мен өзіндік қорытындыларын, стильдік өрнектері мен тың тұжырымдарын т.б. өзгешеліктерін тап басып таниды. Сонымен бірге осы еңбектердің біразына ортақ жағдай, кемшіліктерді де анықтайды. Олар: талдау мен пікір айтудағы концептуальдық жаңа көзқарастың жоққа жақындығы, бүкіл әдеби процесті немесе белгілі бір көркем шығарманы талдауда тарихи, социологиялық, философиялық, эстетикалық жинақтап қараудың жете бермейтіндігі.