Ж.Аймауытұлының Мағжан туралы классикалық мақаласы.

Ж.Аймауытұлының әдеби-сын еңбектерінде ұлттық тарих пен оның тағылымдары, қоғамдық-кезеңдік көріністер, мәдени-рухани құндылықтар, тәлім-тәрбие ісінің мың сан иірім-сырлары кең орын алады. Танымал тұлғаның әдеби-сын мұрасы – ұлттық сөз өнерінің көркемдік көкжиегін, мәдени-рухани деңгейін, танымдық-тағылымдық сипаттарын айқындай түседі. Болмысы бөлек, дарыны сирек тұлғасы, ерек қаламгерлігі де алуан қырларымен назар аудартады.«Мағжанның ақындығы туралы» (Ташкенттегі қазақ студенттеріне етілген баяндама) атты мақаланың орны бөлек. Мақала авторы бастапқы тұста М.Жұмабаев шығармашылығы, соның ішінде ақындық өнері хақындағы мақсат-мұраттарын қалың көпшілік алдына жайып салады: «Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз: толық сынау үшін, оның алды-артын орап, өрісін арылтып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек.Мағжанның өлеңдерін аса құндап, бұлдап жарыққа шығаратын Мағжаншылар да бар; іске алғысыз қылып, өртеп жіберу керек дейтіндер де бар; қысқасы Мағжанның қасы да, досы да бар, мақтаушылар нені біліп мақтап жүр. Оны тексеру біздің мақсатымызда жоқ. Біз шамамыз келгенше Мағжанға сын көзімен қарағымыз келеді. Сын көзі дегенде, біз ғылымның жолын тұтынуымыз керек. Мәдениетті жұрттар жазушыларын, ақындарын қай жолмен тексеріп сынаса, біз де сол жолды қолдануымыз керек». Ақындық өнер табиғатын, Мағжан мұрасын, ондағы өзгешеліктерді тап басып көрсетеді. Артық-кем тұстарына тоқталады. Көркемдік құндылықтар мен сырлы сипаттарды бөлекше атайды. Талантты туынды мен құнарлы қолтаңбаны, айқын көзқарас пен рухани құндылықтарды жіті зерделейді. Мағжан мұрасының көпке ортақ сипаттарын саралап та, даралап та көрсетеді. Ақындық өнерін биік белеске көтереді. Ж.Аймауытұлының «Мағжанның ақындығы туралы» атты мақаласы «Лениншіл жас» ұлттық сөз өнеріне, өлең-мұраға қояр талап-тілегімен мәнді болып табылады. Мақалада әдеби сынның мақсат-мұраттары, көркем туындыны танып-таразылаудағы шындық сырлары, өлең-өнердің өзіндік өрнектері айқындалады. Мағжан мұрасы, ондағы көркемдік мұраттар, ізденіс арналар, ой мен сөз жүйелері, тіл-стиль сипаттары кеңінен көрсетіледі. Ақын әлемі туып-өскен, тәлім-тәрбие алған орта, өнегесімен сабақтастықта сараланады. Ақындық мұрат, өнер өрісі Мағжан поэзиясымен сабақтастықта сөз етіледі.