"Түркістан уалаятының газетіндегі" алғашқы сыни мақалалар
Қазақтың мәдени-әлеуметтік өміріндегі зор оқиға «Түркістан уәлаяты газетінің» 12 жыл бойына шығып тұруы. Бұл газетте саяси-экономикалық мәселелермен қатар, оқу-ағарту жұмысының жай-күйін, өнер-білімнің пайдасы, орыс ғылымы мен мәдениетінің жетістігі туралы бірқыдыру мақалалар жарияланған. Қазақ елінің өнегелі ұлдарының ісі мен қызметі де орайын тауып әңгімеленген. Қазақтың мәдени өмірінде тұңғыш рет жарық көрген «Түркістан уәлаятының газеті» алғашқы санынан бастап өзінің еліне, отанына адал қызмет етіп, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеп, оған сый-құрмет көрсету қажеттігін ескертіп отырды. «Түркістан уәлаятының газеті» бетінде қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтары, ақындардың өлең-жырлары, айтыстары, батыс пен шығыстың көптеген аңыз әңгімелері мен ертектері біршама мол жарияланған. Олардың ішінде «Мың бір түннің хикаялары», араб, иран, орыс ертектері, аңыздар бар. «Түркістан уәлаятының газеті» қазақ тілінің тазалығын сақтау, оны орынсыз шұбарландырмау жайында берік көзқарасты ұстаған. Онда жарияланған әдеби шығармалардың дені ертегі, аңыз әңгімелер болғанмен, қазақ ауыз әдебиетінен жұмбақтар мен мақал-мәтелдердің «базары» қызу болып, газеттің бірнеше санында көптеп басылды. «Түркістан уәлаятының газеті» әдебиетке, оның ішінде сыншылдық ой-пікірге қатысы бар материалдарды 1875-1878 жылдар аралығында бірқыдыру жариялады. «Шымкент уезіне қараған Мәделіқожа деген ақынның Сырдария облысының әскери губернаторы Головачевтың Хиваға барғаны тақырыпты шығарған өлеңін» (1875) бірнеше санға жарияланған. «Түркістан уәлаятының газетінде» жарияланған өлеңдердің ішінен бүгінгі шындықты жырлаған, түйінді ойын қара дүрсіндеу баяндаған өлеңнің екі шумағын келтірейік.
Бір жан жоқ болыстыққа талас емес.
Бір-бірінен көңілі аласа емес.
Бір құдайдан басқаға сенбегін,
Біздің қожа үш жүздің баласы емес.
Басынан бұлт кетпейді күн жайланып,
Сақау озды, шолжаңдаған тіл байланып,
Тұлпардан есек озды, бәйге алып жүр,
Бұ күнде заман кеткен теріс айналып,-дегенді (№ 12,09.10.1878) газет редакциясы «өлең тәуір жазылған» деп тапқанда, оның мазмұнына мән бергені сезіледі. Ел арасында болыс, старшын сайлаулары ендеп кіріп, бірін-бірімен қырқыстырып қою, ара жігін алшақтата беру сияқты құбылыстарды отаршылдар іштей де,сырттай да тілеген болатын.Осыны әшкерелеуге бағытталған мұндай өлеңдер бұдан кейін газет бетінен мүлде көрінбей кетті, тыйым салынды