Әдеби сынның әдебиеттанудағы қызметі
Көркем әдеби сын – әдебиеттану ғылымының бір саласы, көркем шығарманы бүгінгі әдеби процес аясында талдап, бағыт сілтеп отыратын әдеби-публицистикалық, ғылыми – эстетикалық шығармашылық түрі. Әдеби сын әдебиет теориясы, әдебиеттің тарихы жеткен жетістіктерге негізделеді. Әдеби сын жазба әдебиеттің, ғылымның дамуымен тікелей байланысты. Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, Абай Құнанбайұлының әдебиетке қатысты айтқан пікірлері қазіргі қазақ әдеби сынының бастаулары іспеттес. Кейін «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті» бетінде әдебиетке қатысты материалдардың басылуы әдеби сынның тарихындағы жаңа кезеңнің басы болды. Әсіресе, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті беттерінде жаңа кітаптардың шығуы туралы хабарлар, жекелеген жазушыларға арнаған ғұмырнамалық мақалалар, әдеби шолулар жиі жарияланды. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, т.б. қазақ әдебиеті жайлы құнарлы пікір айтты. 20 ғасырдың 20-жылдары қазақ әдебиеті қандай бағытта дамуы керектігі, көрнекті әдебиет қайраткерлері туралы қызу пікірталастар болды. Әсіресе Абай, М.Жұмабаев шығармашылықтары туралы айтыстар әдеби сынның ортақ мәселелеріне айналды.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1928), Ғ.Тоғжановтың «Мағжанның ақындығы мен Жүсіпбектің сыны» (1926), «Әдебиет және сын мәселелері» (1929) сияқты еңбектер қазақ әдеби сынының жаңа биіктерге бет алғанын байқатты.