Ауыз әдебиеті-сын тарихының бастау бұлақтары

Қазақ әдебиетінің тарихын қай кезден бастау керектігін анықтау жолындағы ізденістердің бұралаңы көп болды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында шыға бастаған алғашқы әдебиет тарихына қатысты еңбектерде бұрындары жасалынған әдеби үлгілерді ауыз әдебиеті, әдеби мұра деп жіктемей, барлығын да бір әдебиет деп, қарастырушылық байқалады. М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» атты зерттеуі осылай аталғанымен де әдебиеттің тарихы шын мәнінде ауыз әдебиетінен басталған.С. Сейфуллиннің «Ескі әдебиет нұсқалары» мен «Қазақ әдебиеті» еңбектерінде де ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихының ара жігі ашылмай, бірге араласып жүрді. Бұлай болуының екі түрлі себебі болды: оның біріншісі — әдебиет туралы ғылымның әлі балаңдығы болса, екіншісі – қазақ әдебиеті тарихының әлі жете зерттелінбеуі еді. Фольклор мен әдебиет тарихының ара жігін ашып алу мәселесі қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу барысында біртіндеп жүзеге асты. Мысалы, Халел Досмұхамедов қазақтың ауыз әдебиетіне арналған еңбегін «Қазақтың халық әдебиеті» атап, тек қана фольклорлық мұраны жанрларға жіктеп, зерттеді. Одан кейінгі еңбектерде фольклортану мен әдебиеттің тарихы әдебиеттану ғылымының дербес, жеке-жеке салалары болып қалыптасты. Қазіргі қазақ фольклористикасын әбден кемеліне келген, әлемдік деңгейдегі ғылым саласы деп бағалауға тұрарлық. Әдебиет пен фольклористика бір бірінен еншісін алған соң да кей туындыларды қайсысына жатқызамыз деген мәселе көп уақыттарға дейін шешімін таппай келді. Авторы белгісіз, ауызша шығарылып, ауызша тараған, ел арасында түрлі нұсқалары қатар жүрген әдеби үлгілердің барлығы да фольклорға жатқызылып, аузша жырлап, өлеңдері бізге ғасырлардың қойнауынан ауыздан-ауызға көшіп жеткен ақын-жыраулар ауыз әдебиетінің өкілдері атанды да олардың әдебиет тарихына кіру-кірмеуінің өзі дау туғызды. Осындай себептермен алпысыншы жылдары жарық көрген үш томдық академиялық «Қазақ әдебиетінің тарихы» ХУ111 ғасырда жасаған Бұқардан басталып, оған дейін жасаған ақын-жыраулардың барлығы ауыз әдебиеті өкілдеріне жатқызылған. Жетпісінші жылдарға дейін қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан басталады деген пікір үстемдік құрып келді. Ауыз әдебиетінің түрлері: Аңыз әңгімелер, ШЕШЕНДІК ӨНЕР,Айтыс, мақал-мәтелдер,ертегілер,т.б.жатады.Аңыз әңгімелер.Қазақ халқының оқиғасын шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының бір саласы – аңыз әңгімелер. Аңыз әңгімелер тарихта болған белгілі бір адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Мұндай адамдардың ел үшін еткен еңбегі, қамқорлығы, халық намысын қорғауы, сол жолда жасаған игілікті іс-әрекеттері ел аузында аңыз әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққажеткен.