Юра дәуірі. Парк қалай пайда болды?

«Юра дәуірінің бағы» («Jurassic Park») – 1993 жылы Стивен Спилбергтің қолынан шыққан ғылыми-фантастикалық кинокартина. Фильм Майкл Крайтонның аттас романын басшылыққа алды.


Картинада динозаврлар мекендейтін арал туралы баяндалады. Ежелгі жануарлар ғылыми эксперименттердің нәтижесінде, клондау арқылы жасалған. Бұл арал туристерге арналған үлкен парк түрінде жұмыс істеу тиіс еді. Бірақ бір қызметкердің кесірінен динозаврлар қамаудан босап кетіп, аралдағы адамдарға қауіп төндіреді.
«Юра дәуірінің бағы» техникалық тұрғыдан өте сауатты орындалуымен ерекшеленеді. Бұған дәлел – жеңіп алған 3 «Оскар» номинациясы: Үздік дыбыс, Үздік дыбыс монтажы, Үздік визуал эффектілер. Картинаны жасау барысында сол кездегі компьютерлік технология барынша молынан пайдаланылды. Кейіпкерлердің образы секілді кейбір элементтері бірқатар сыншыларға ұнай қоймаса да, арнайы эффектілер тұрғысынан өте жоғары баға алды.
Динозаврлардың бейнесі компьютер арқылы ғана сызылған жоқ, олардың шынайы моделдері де қолдан жасалып пайдаланылды. «Юра дәуірінің бағы» 2011 жылы НАСА ұйымдастырған анағұрлым сенімді ғылыми-фантастикалық фильмдер тізіміне енді.
Фильм әлемдік прокаттан 914 миллион доллар пайда тапты. Бұл көрсеткіш өз уақытында «Титаник» шыққанға дейін ең үздік саналды. 2013 жылы бірінші бөлім 3D форматпен прокатқа қайтара шығарылып, жалпы табысты 1 млрд долларға дейін көтерді. Қазіргі кезде «Юра дәуірінің бағы» кино тарихындағы ең табысты фильмдер тізімінде 15-ші орында тұр.
Осындай технологиялық және мәдени жетістіктер «Юра дәуірінің бағын» ауқымды франшизаға айналуына себепші болды. Осыдан кейін оның 2 жалғасы жарық көрді: «Жоғалған әлем: Юра дәуірінің бағы» (1997) және «Юра дәуірінің бағы ІІІ» (2001).
Бірақ кейінгі сериялар біріншінің жетістіктерін қайталай алмады. «Жоғалған әлем» 73 млн долларлық бюджетпен 618 млн тапты.
Ал, үшіншісінде (2001) Стивен Спилберг режиссерлік міндетін Джо Джонстон беріп, өзі продюсер болды. Сыншылар тарапынан аралас пікірге ие болды. 2001 жылғы деректер бойынша көрермендердің 49% ғана бұны өте жақсы деп бағалаған.
Үшіншінің бюджеті қалған екеуінікінен де көбірек болды – 93 млн, алайда прокаттан бар болғаны 370 миллионға жуық табыс әкелді.
Өз фанаттарын қалыптастырып үлгерген бұндай үлкен жоба трилогиямен шектеліп қалмауы керек еді. Ұзақ жылдарды араға салып, төртінші фильмге «жасыл шам» жағылды. Бұны 2011 жылы Спилбергтің өзі мәлімдеді.
«Юра дәуірінің әлемі» екінші және үшін сериялармен мүлдем байланыспай, бірден алғашқы бөлімнің логикалық жалғасы ретінде ұсынылып отыр. Жаңа актерлік құраммен, қазіргі заманның жаңа технологияларын пайдаланған жаңа «Юра паркі» 12 маусымнан бастап көрерменге жол тартады. Егер жаңа фильм сәтті болып жатса, әрі қарай жалғасы да түсірілетіні сөзсіз.