Киану Ривз - әлемдегі ең қарапайым, ең мейірімді актер
Киану Ривзді Голливудтың ең қарапайым, ең салмақты актері деп санайды. Сол ерекшелігі үшін де оны көпшілік қатты жақсы көреді. Оның мейірімділігі мен қарапайымдығы туралы талай айтылып жүр, солардың бірнешеуін баяндап берейік.
2014 жылдың желтоқсаны. «Құдайдың қызы» («Daughter of God») деген фильмнің шығуына орай Нью-Йорк клубтарының бірінде сауық кеші өтеді. Бұл фильмде ол басты рөлді сомдаған болатын. Киану осы жиынға 20 минуттай кешігіп келеді. Ол еш кедергісіз ішке кіре алатындай жағдайда еді. Бірақ кезекте тұрған өзгелерді сыйлап, өзі де басқалармен бірге жаңбыр астында тұрыпты. Оның қарапайым киінгені сонша, актерді кезектегі адамдар да, күзетшілер де танымаған.
Киану өзге жұлдыздар секілді күзетші де, жеке көмекші де ұстамайды. Киім киісі қарапайым тұрғындардан ерекше емес, метромен қозғалады. Жеке үйін де 40 жасында сатып алған екен, оған дейін қонақүй номерлерінде тұрған.
[youtube:1rpy42sf]http://www.youtube.com/watch?v=EMB1EOnUwX8[/youtube:1rpy42sf]
Оның мырзалығы туралы да небір қауесеттер бар. Мысалы 1997 жылы «Шайтанның адвокаты» («The Devil's Advocate») фильміне басты рөлге Аль Пачиноны шақыру үшін қаржы жеткіліксіз екенін білгеннен кейін, ол өз ақысын қысқартуды ұсыныпты. Соның арқасында атақты актерді фильмге түсіруге мүмкіндік туды. Дәл осындай жағдай «Қосалқы құрам» («The Replacements») спорт драмасында да қайталанған: К. Ривз Джин Хэкменмен бірге жұмыс істеу үшін ол еңбекақысының 90 пайызынан бас тартады.
Киану Ривздың «Матрица» түсіріліміндегі оқиғаларының өзі бір төбе. Күн сайын ол түсіру алаңына келгенде түсірілім мүшелерінің барлығымен қол беріп амандасады екен, сосын әрқайсысына түскі ас алып беретін көрінеді. Гримерлер мен арнайы эффект мамандарының еңбегін ескеріп, өз ақысының сексен пайызын соларға беруді тапсырыпты. Оның қатысуымен болған қиын трюктерді орындаған каскадерлерді де ұмытпай, әрқайсысына бір-бірден Harley-Davidson мотоциклын сыйлаған. Түсіру тобында декорация тұрғызатын бір жұмыскердің қиын жағдайын біліп, оған Рождество мейрамында 20 мың доллар беріпті.
Актердің тағдыры қиындықтарға толы болды. Ол әкесіз өсті, жан досы – актер Ривер Феникс жастай қайтыс болды. Сүйген қызы – Дженнифер Сайм автокөлік апатынан қаза тапты. Кианудың қарындасы лейкемияға шалдыққан кезде, барлық келісімшарттардан бас тартып соның күтімімен айналысқан екен. Қарындасы емделген ауруханаға қаржы бөліп, рактың емін табу үшін өз қалтасынан 5 миллион доллар төлепті. Қазір оның бастамасымен құрылған қатерлік ісікке қарсы қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Оның арқасында қарындасы Ким сырқатынан емделіп шықты.
1997 жылы Киану Ривздың көшеде үйсіз адаммен бірге тамақтанып отырғанын папарацци түсіріп алған. Ал туған күндерінің бірін актер парктегі орындықтардың біріне жайғасып, жалғыз өзі атап өтті.
Әлемдегі ең қарапайым, ең мейірімді актер бүгін 51 жасқа толды. Оны әлі де талай белестерді бағындырады деп сенеміз.