Жылқы жайлы қызықты деректер

Дүние жүзіндегі 23 ұлт жылқыны киелі жануар деп есептейді. Соның бірі – қазақ халқы. Қазақ халқының өмірін ешқашан да жылқысыз елестету мүмкін емес.

***

Жылқының ең түпкі атасын гиракотерия деп атайды. Ол осыдан 60 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Бойының биіктігі 14 сантиметр, ал салмағы 5 килограмдай ғана болған. Оның қазіргі жылқыдан айырмашылығы – алдыңғы аяқтарында төрт, артқы аяқтарында үш тұяқтан болыпты.

***

Жылқының бес мүшесі өте жақсы дамыған. Олар: құлағы, көзі, аузы мен мұрыны және сезім түйсігі. Жылқы өз иесінің көңіл күйінің қандай екенін бірден сезіп қояды. Мас адамды да алыстан біледі. Сондай-ақ, оның құлағы өте сақ, көзі көреген, мұрыны иіс сезгіш, аузы кез келген дәмді ажырата алады.

***

Басқа көптеген жануарларға қарағанда жылқы айналасын түрлі түсті реңкте көреді. Бірақ қызыл мен көк түсті ажырата алмайды. Тағы бір қызығы, жылқының көру аумағы 360 градус екендігі. Яғни, жылқы бір бағытқа қарап тұрғанда тек алдын ғана емес, арт жағын да толық көріп тұра алады. Сондай-ақ, жылқының көзі түн ішінде де өте жақсы көреді.

***

Жылқы дегенді білдіретін ең қысқа сөз қай халықта екенін білесіңдер ме? Білмесеңдер, біліп алыңдар! Ол «ат» деген сөз. Ал «ат» деген сөздің қазақтікі екеніне ешкім таласа алмасы анық. Ал жылқы дегенді білдіретін ең ұзақ сөз перуан тайпасының үндістерінде екен. Олар жылқыны «Оквила упара кламару коалу накла ната» деп атайтын көрінеді.

***

Дүние жүзі бойынша жылқының 160-тай түрі бар. Солардың ішінде тұқымы жағынан ең тазасы араб тұқымдас жылқы болып саналады екен.

***

Жылқының жасы мен денсаулық жағдайын атбегілер оның тісіне қарап ажыратады. Ата-бабаларымыздан қалған «Жақсы аттың тісін қарамас болар…» деген нақыл соған байланысты туындаған болар.

***

Ақылы, өресі жағынан барлық жан-жануарлардың ішінде жылқы иттің алдында, яғни, бесінші орында тұр. Жылқы адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетін саралай алады. Иесі өзіне ұнаса оған шын беріледі. Қазақ халқы жылқыны ең алдымен ел қорғаған ердің жан серігі деп дәріптеген. Біздің аңыз-ертегілерімізде, батырлық жырларымызда ақылды, күшті тұлпарлар мен олардың иесі қысылғанда көмекке бірінші болып келетіндігі туралы көп айтылады. Мысалы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қамбардың Қарақасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген.

***

Жылқылар жалпы 25-30 жыл өмір сүреді. Англияда өмір сүрген «Кәрі Билли» деп аталып кеткен бір ат 62 жасқа келіп өлген деген дерек те айтылады. Қазақ халқы жылқы жасының әр деңгейіне орай арнайы атаулар берген. Сендер біле жүрсін деген мақсатпен сол атауларды да ұсынып отырмыз. Құлын (жылқының жас төлі), Жабағы (6 айдан асқан құлын), Тай (1 жаста), Байтал (1-2 жастағы), Құнажын (3 жаста), Дөнежін (4 жаста), Бесті (5 жаста), Қасабалы бие (7-8 жаста), Қартамыс бие (11-14 жаста), Жасаған бие (20 жастан асқан).
Ескерту: бұл атаулар ұрғашы жылқыға қатысты айтылады.

***

Қазақ халқында жылқының қатысуымен болатын әртүрлі жарыстар мен ойындар да баршылық. Жылқының жүйріктігін сынайтын Тай жарыс, Құнан бәйге, Бәйге, Аламан бәйге, Жорға жарыс сияқты бәйге түрлері халқымызбен бірге жасасып келеді. Ал Көкпар, Аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстіндегі тартыс, Жамбы ату, Қыз қуу, Теңге ілу, Салма ілу сияқты ойындар жылқының да, оған мінген жігіттің де мықтылығын анықтаған.