Тәуелсіздік тәу етер жалғыз кие

Мұғалім: Тіл-ұлттың аса игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты. Тіл- ұлттың жаны, тіл- ұлттың асыл қазынасы.

Құрметті оқушылар! Бүгін біз дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың желтоқсанына арналған «Тәуелсіздік таңы» атты сынып сағатын өткізбекпіз.

1986 жылы 16 желтоқсанда қазақ елінің азаттық көктемі үшін, солақай саясатқа қарсы алғаш рет бас көтеріп, құрбан болған ұлдарымыз жайлы сыр шертпекпіз. Ол оқиғаны ешбір қазақ азаматы ұмытуға тиіс емес.

Балалар, 1986 жылы 16 желтоқсанда Брежнев атындағы алаңға жастар мен студенттер не үшін жиналып еді?

Оқушылар: үкімет басына Колбиннің келуіне наразылық білдіру үшін.

Мұғалім:

v Колбинге неге қарсы шықты?

Ø Қазақстанда қазақ мектептері мен бала бақшалары азая бастады. Қазақтар өз ана тілін ұмыта бастады.

v Колбин қайдан келген?

Ø Колбин Ресейден келген болатын.

v Тәуелсіздік дегенді қалай түсінесіздер?

Ø Өз алдына дербес, еркін мемлекет, яғни ешкімге тәуелді болмай, ішкі – сыртқы мәселелерді өздерінің шеше алатын мүмкіндігі болуды – тәуелсіз мемлекет дейміз.

v Сонымен біз тәуелсіздігімізді алдық па?

Ø Иә, қазір біз тәуелсіз мемлекетпіз.

v Тәуелсіз мемлекет атануымызға кімдердің еңбегі сіңді?

Ø Қайрат Рысқұлбеков, Ербол сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сияқты үлкен азаматтардың.

v Дұрыс балалар! Бүгін бір сәт осы аты аталған азаматтарды еске ала отырып, олардың ерлігін, не үшін алаңға шыққандығын көпшілік алдында айта кетсек артық болмас.



(Оқушылар қолдарында «Қазақстан – қазақтардікі!», «Дербестік талап етеміз!», «Ресейге қайт!», «Долой, Колбина!» деп жазылған транспаранттар.)



Оқушылар 1:

Желтоқсан айы естесің,

Дауыл боп бұрқап ескенсің.

Азаттық күйі қашаннан,

Көкейін елдің тескенсің.



Оқушылар 2:

Шектеліп ана тіліміз,

Оқылмай өлең – жырымыз.

Жабылып жатса мектептер

Жадырар қалай күніміз?





Оқушылар 3:

Тарылып жатса даламыз,

Қайтып біз тыныс аламыз?

Қақымыз да жоқ айтуға

әділет қайдан табамыз?



Оқушылар 4:

Жібердік еркін ат басын,

Қиянат жанға батпасын.

Тоқырау таңын күйреттік,

Деп: «Теңдік күні батпасын!»



(Музыка әуені: «Желтоқсан желі»)



Мен қазақпын, биікпін байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім.



(Көрініс)



Екі – үш милиция, жасақшылар ортаға шығып жастарды ұрып соға бастады. «Ұлтшылдар!», «Бұзақылар!», «Тәртіпсіздер!» деп ортадан қуа бастайды.

Алаңдағы қозғалысты бейнелеген оқушылар бір сәт қозғалмай тұрып қалады.



(Музыка әуені естіледі)



Хор. «Желтоқсан желі».

Желтоқсан бірде,

Ел тосқан түрде,

Келетін мүлде жайдарлы.

Сол жылы бірақ,

Әдеттен жырақ,

Көрінді шын – ақ айбарлы.

Тоңдырды мені, тоңдырды сені,

Желтоқсан желі ызғарлы.

Солдырды гүлді,

Оңдырды нұрды,

Көңілде мұңды із қалды.



Мұғалім: Түн. Кәдімгі миллиондаған түндердің бірі, бірақ бұл түн өзгеше түн еді. Себебі, бұл түнде қаланың кез – келген тұсынан ұсталған қазақ жастарын ұрып – соғып, өлімше халге жеткізді. Осындай қатыгездікті көрген, оларға араша түсем деп жүргендердің арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар.



Оқушы милиционер:

- Ұстаңдар,бұзақыны! Әкетіңдер, жауып тастаңдар!

- Савицкийді өлтірген сен бе?

- Жоқ, мен емес.

- Сен өлтірген! Мойныңа ал!

- Мен өлтірген жоқпын. Өтірік жала жаппаңдар.

(Қайратты ұрып соға бастайды)

Қайрат:

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең атыңдар.

Милиционер: Алып кетіңдер. Бәрібір құтылмайсың, бұзақы!

Қайрат:

Шыңғырдым да, шындықты айтып жаңғырдым,

Кете бардым жетегінде тағдырдың.

Бірге өткізген студенттік шақтарды,

Хош аман бол,

Оралам ба, жан құрбым?!



Мұғалім: Ол әділеттің, шындықтың жеңетіне іштей сенді. Қайрат орысша – қазақшаға бірдей, өте сауатты, өз ойын ашық айтатын жігерлі, отты жігіт еді. Қайраттан қорыққан Колбин мен оның қолшоқпарлары одан тез құтылу үшін «Атылсын!» деп үкім шығарды.

Өкінішке орай, 1988 жылы 13 мамырда Семей түрмесіне әкелінген Қайрат Рысқұлбеков 21 мамыр күні таңда өмірмен қоштасты.



Хор. «Желтоқсан желі». Екінші шумағы.

Шайқалды күнім,

Шайқалды миым,

Бомбалар жиі жарылды.

Малым да кеміп,

Әлім де кеміп,

Қинады берік жанымды.

Қайырмасы.



Мұғалім: Желтоқсан қозғалысына қатысқандардың бірі Ербол Сыпатаев еді. Өзі сияқты студент қыздар мен ұлдарды қорғаймын деп жүргенде Ерболды жасақшылар қатты соққыға жығып, емханаға түседі де, екінші күні қайтыс болады. Ерболдың мәйітін ауылға мұғалімдері алып барады. Ата – анасы баласын жылап жерлейді.

1986 жылғы желтоқсан жанғырығы Өскемен қаласындағы жастар қозғалысына әсер еткені шындық. Өскемен педучилищесінің студенті Сәбира Мұхамеджанова мен мұғалімнің арасында түсінбеушілік болып Сәбираның анасын шақыртады.



Сынып жетекшісі: Сен барлық қыздар үшін жауап берем деп едің ғой. Соны шешеңе қайталап айтшы.



Сәбира: Өзіңіз ауылдың мұғалімі емессіз, осы сөзді қалада тұрып қалай айтасыз ауыл мұғаліміне?



Шешесі: Менің балам, сүт кенжем, өзімнен де ауыр сөз естімеп еді.



Сынып жетекшісі: Иә, солай ма? Енді бұлардың училищиде оқу – оқымауын директор шешеді! (Осылай деп мұғалім шығып кетеді. Осы кезде бір бала жүгіріп келеді).



Бала: Шолпан апай, бесінші қабаттан құлап, қызыңыз өліп қалды!



Шешесі: Не? Менің Сәбирам ба? (Осыны айтып жылап шығып кетеді).



Мұғалім: Міне, өмірден тағы бір қыршын жас қызғалдақ осылай кеткен еді. Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асановаға өзін - өзі өлтірді деген өтірік жала жабылған еді. Тексере келе Ләззаттың алаңда болғаны анықталды.

(музыкалық үзіліс)



Мұғалім: Желтоқсан оқиғасы! Аз ғана уақытта әлем назарын аударған толқу күштеп басылғанымен, оның мәні мен маңызы енді еш уақытта өшпейді. өйткені азаттық аңсаған, теңдікті талап еткен ел есінде де ол мәңгі қалады. Ауыз аштырмауға тырысқан Коммунистік партияның лаңы ары таза, бүтін бір халыққа күйе болып жағыла жаздады. Алайда, уақыт әділ сыншы екен. Өзі көрсеткендей ақ пен қараның ара жігі ажыратылды. Сөйтіп, біз өзімізді ақтадық. Бұл да ерлік. Желтоқсан қозғалысының ақ – қарасын айыруға ат салысқан азамат ақын Мұхтар Шаханов еді. Халықтық қолдау арқасында желтоқсан құрбындарына арнап ескерткіштер ашылып, көшелерге арттарын беріп, құрмет көрсетіліп жатыр. Желтоқсан қозғалысында жазушылар, әншілер, композиторлар да өзнаразылықтарын білдіріп, қасиетті қазағының намысын қорғады.

- Брежнев алаңы қазір қандай алаң?

- Республика алаңы.



Сабақтың қорытындысы:



Міне, балалар, Бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Біздің өзіміздің жалауымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз бар. Сендер Отанымыздың болашақ ұрпақтарысыңдар. Егеменді Қазақстанымыз тәуелсіздік алғанына биыл 20 жыл толып отыр. Бұл елеулі мереке. Осы мерекені жақсы оқумен, үлгілі тәртіппен қарсы алайық! Өз еліміз бен жерімізді көркейтіп, Қазақстаннның намысын қорғайтын келешек ұрпақ- сендерсіңдер. Сәт сапар!