Ана тілің – арың бұл…

Ана тілің – арың бұл...Тіл-адамдар арасындағы қатынас құралы, өйткені адамдар қоғамдық өмірде бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі, пікір алмасады, ойын жеткізеді. Тіл арқылы адам баласы ғылым, білім, мәдениетпен танысып, парасаттылыққа ұмтылыс жасайды, болашақтың негізін қалап, таңдаған мамандығын игереді.Тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем, асыл ойдың бұлағы, ұлттың жан дүниесі.Тілдің құдіреті — ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадында жатталып, бақытқа жеткізеді.Сол себепті,тіл – қай ұлтта, қай елде болсада қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге бойға сіңіп, қалыптасатын, атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра, елдің ұлттық мақтанышы. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс. Ана тілі – ең басты байлығымыз. Қазақ ұлтының ана тілі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі- қазақ тілі. «Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі»,- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек.Тіл — ұлттың жаны.Ол халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола деңгейіне жету мүмкін емес. Еліміздің әр азаматы тіл тағдыры — ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпауы тиіс.

Біздің мемлекеттік тіліміз, ана тіліміз осы тілді жасап келе жатқан халқымыздың өткені, бүгінгісі, ертеңі. Қазақ тілі өзінің даласындай дархан, көңіліндей кең, халқымыздың қасиетті қара домбырасының үнімен үндесіп жатқан тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Ана тіліміз – әкеміздің қанымен, анамыздың бесік тербеп салған әнімен бойымызға сіңген, туған халқымыздың небір асыл жәдігерлерін заманымызға жеткізген қастерлі тіл.Ана тіліміз – ұлтымыздың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасынадарыған ана тілі ғана.Халқымызға сан ғасыр арман боп келген тәуелсіздіктің ең басты тірегі, белгісі де – ана тіліміз, ұлттық мәдениетіміз. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, баға жетпес қазынасы мен байлығына балайды. Оның себебі неде?Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі екенін ұмытпауға тиіспіз.Тас бұлақтың тұнығы да , ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да, назды сұлудың нәзіктігі де, сахара даланың жазықтығы да қасиетті қазақ тілімізде!

Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым, атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра, еліміздің іргетасы, яғни «ұлттың қуаты — тілінде».

Халқымыздың тілге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес, ана тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін сөздер көп-ақ. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Осы сияқты ой тұжырымдардың баршасы ел аузына түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталған қанатты сөздерекені мәлім.«Тәрбие басы — тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөз XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Махмұд Қашқаридың есіміне қатысты.

Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық.Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы елбасымызды аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар. Ал кейінгі Қазақстан халқына жолдауында айтылған «Біз барша Қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеп отыр.

Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда қазақ тілі –мемлекеттік тіл. Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қандастарымыз үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда орысша сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіпті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері орыс тілінде сөйлейді, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді. Басты кемшілігіміз – осы.Қазір көптеген жастар ана тілін дұрыс білмейді. Ауылдық жерде жақсы, қалалық жерлерде тіл құнарлылығы сұйыла түскен.

«Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.

Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл — ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз. Ақын Оразақын Асқар «Тәуелсіздік тартулары» жинағына енген өлеңінде:

Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,
Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.
Құтылмайсың барлық тілді білсең де,
Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей…
Ана тілінде ата-баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар, — деп өлең жолдарында өз тілің өзге тілді үйренуге де басты тірек екенін баяндаған.

«Тілден асқан байлық жоқ» тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық. Сөзімнің соңын өзімнің ана тілге арналған жыр жолдарымен түйіндегім келеді.

Ана тілім — аяулы үнім, ардақтым,
Өзіңменен күллі әлемге тіл қаттым.
Нар бабамның көзіндей боп сақталған,
Нұрлы жұлдыз туған тілім қымбатсың.

Ана тілім–бақ-қазынам, айбыным,
Сенсіз менің өтіп жатыр қай күнім?!
Тұғыры биік туған тілім тұрғанда,
Өзге тілде сөйлер болсам қайғы-мұң.

Ана тілім – тірегім, ар намысым,
Бар қазақтың қастерлер ардағысың
Әр жүректе ұран болып жырланар,
Жарқырап шығатұғын таңда нұрсың.

Жасай мәңгі, жасай берші тілегім,
Бір өзің деп соғар менің жүрегім.
Сенсің менің болашағым, өткенім,
Сенсің менің енді жасар көктемім.

Қазыналы, қастерлі ана тілім,
Талмауын мен тілейін қанатыңның.
Бойымда қазақ деген қаным барда,
Өзің ғана көтерер дара туым.