Өмір философиясы немесе ойдағыдай өмір сүрудің жеті қағидасы

Өмір туралы көп айтылып, көп жазылды. Мен оған қайта соқпақ емеспін, менің айтайын дегенім өмірдің өзі емес, оның жолы немесе өмір сүру өнері туралы болмақ. Ашалап айтқанда, адам өз өмірін қалай меңгеруге болады немесе өз-өзінің қожайыны болып, тәнді жанға қалай басқартуға болады? -осы сұрақ төңірегінде сөз қозғамақпын.

Менің бұл мәселеге көңіл аударғаныма біршама уақыт болды. Қазіргі өмірдің күрделілігі ме, әлде адам баласының төзімі тозып, ақылы сарқылды ма білмеймін, өмірден торығып, ертерек арғы әлемге кетуге асығатындар да жыл сайын көбейіп, саны артып келеді. Бір таңқаларлығы солардың көбі жоғары немесе ортадан жоғары білімі бар адамдар. Мен күні бүгінге дейін естімедім бір сауатсыз, жай шаруа адамы өзіне қол жумсады дегенді. Сонда қалай білім адамзатты барлық тығырықтан алып шығуға қауқарсыз ба? Қаладағы жүйкесі тозғандардың көпшілігі ғалымдар, мамандық иелері. Сонда, білімді адам дегеніміз жүйкесі жұқарған, өзін-өзі зорға ұстап жүрген, сырты бүтін, іші түтін пенделер ме? Кім бар менің осы сөзімді теріске шығарып, мен ондай адам емеспін дейтін. Менше ондай «күнәдан пәк» адам табылмас. Себебі, осыны жазып отырған менің өзім де өз-өзімді меңгеруден қалып, қарадай қайғы жұтып, салыным суға кетіп аласұратын шақтарым болып тұрады. Кейде тіпті, иенге кетіп тып-тыныш табиғатпен тілдесіп жүргім келеді. Ең сорақасы сол барлық адам баласынан безініп, бәрін же жек көріп, бәрінің бойынан бір жаманшылық пен пендешілікті көріп түңілесің. Ондай сәтте бүк түсіп өз бөлмеңнен шықпай жатып аласың. Неге ? неге бұлай? Мен неге өзімді-өзім басқарып, жөнге сала алмаймын? арғы жақтан, жүрегімнен жан дауысым: Бұның дұрыс емес, серпіл, қалпыңа түс, өміріңнің әр сәтін аяла -деп айқайлап тұрады. Керең болғыр құлағым түк естімегендей меңірейіп жан дауысыма ырық бермейді, әлде қайдан келерін білмеймін жан дауысым шығатын жерден бері бір тұстан сірескен мұздай қатты да, суық бір кұй жүрегімді құрсаулап, тапжылтпастан ұстап тұрғандай боламын. Жүрегіме жарық түспегендей, қорқынышты түстен ояна аламаған адамдай жүрегім аунақшып не тынысын шығара алмай, не соның айтқанына көне алмай мазап кетеді………….

Менің осы басымнан кешетін аумалы-төкпелі күйімді жұмыр басты пенденің барлығы түсінеді ғой деп ойлаймын. Өйткені осынау «дерттен»- ада адам баласының жоқ екендігін айтып өттім ғой. Бәлкім осы «дерттен» ауыратын уақыттың әркелкілігі немесе ауыр-жеңілдігі мен әкелер зардабы түрліше болар, бірақ бәрінің астары бір. Олай болса осы күйден арылуға, ең болмағанда сирек болсада сауығуға болар ма? Мәселенің мәні осында. Өз басым ойланып-толғанып, оқи-зерттей келе төмендегідей тұжырымдарға ат басын тіредім. Оны «Ойдағыдай өмір сүрудің жеті қағидасы»-деп атауды жөн санадым. Енді Сіздермен осы ойларымды бөлісейін:

Бастысы, Сен дүниені жаратушы емессің, сен жаратылған дүниені пайдаланушысың. Бар болғаны сол. Аспан мен жерді, ауа мен суды, жел мен гүлді жаратқан біз емес. Біз тек осыларды уақытылы пайдаланушымыз. Олай болса, біздің еншімізде тек өмір сүру ғана. Табиғат пен тағдырыңның сиын ал да тірлігіңді жалғастырып, жұмысыңды жасай бер. Қолыңнан келмеске талпын ба, шамаң келетін іспен айналыс, орныңды біл. Қазақ оны «Көрпеге қарай көсіл»-деп баяғыда -ақ айтып кеткен. Сен оған келіскің келмей ме? Бәлкім мені кері тартпа біреу, өмірден таяқ жеп, әбден жаншылып қалған біреу екен-десең онда өзің біл. Мен ондай адам емеспін. Бірақ, өмірдің басты заңы осы деп түсінсең, күндерің тыныш, өмірің мәнді, еңбегің берекелі болады.

Одан соң, өлімнен соң да өмірдің болатынына шынайы сен. Мынау ғалам мен жер бетінің, адамзаттың жаратылысы мен олар арасындағы заңдылықта саралап, зер салған пенде үшін тұнып тұрған тылсым дүниенің бар екендігі анық. Ешқандай дүниенің сұрауы жоқ екен деме. Көрген жақсылық пен жамандықтың өз себебі мен соңғы үкімі бар. Егер ондай тәртіп пен жүйе болмаса, мына ғалам мен дүние өз шеңберінде айналып, тіршілік өзінің тәртібімен сан-ғасыр тұрмас еді. Адам баласының өлімнен соң да өмір бар екеніне шынайы илануы, оның осы өмірде бақытты болуына жеткілікті-ақ. Себебі, бұл сенім — біздің бүгініміз үшін емес, болашағымызға берілген кепілдік. Ол сол үшін де адам баласы бойындағы ең ұлы сенім болып қала береді. Осы сенімге берілу, сену арқылы адам бойында құштарлық пен махаббат оянады. Сол үшін махаббат — адам бойындағы ең ұлы сезім болып отыр.

Үшіншіден, Әр адамның өмірге келуінде асқан ұлы жауапкершілік пен міндет бар. Сен осыны түсін. Сенің міндетің не? -Осыны ойла. Сенің міндетің әнші болу емес, қартайған ата-анаңа қарау болар. Сенің міндетің ғалым емес, ғалымның кітабын сатушы болар. Мейлі, қалай болмасын, сенің мойныңда осы өмірде өтеуге тиісті міндетің мен борышың бар. Оны сен ұнат немесе ұнатпа, бәрі-бір, сен сол үшін арнап «соғылғансың». Саған басқаша болу мүмкін емес. Жүзден — жүйрік, мыңнан — тұлпар -деген осыдан шығар. Бақа, бақа күйінде, қыран, қыран күйінде өмірге келіп, өмірден өтеді. Егер кім де кім өзінің басты міндетіне немқұрайлы қараса, немесе одан басын алып қашатын болса, онда, ол өмірден таяқ жейтін сорлының өзі болмақ. Сен өзіңнің басты міндетіңді білмеймін -дейсің бе? Онда, өзіңе, отбасыңа және айналаңа, қоғамға қара, назар сал, сонда міндетіңнің не екендігі су тартылған айдыннан көтерілген аралдай су бетіне шығады. Тек соны көретін көкірек көзі керек. Ертеде бір ғалым бұтханаға келсе, шақырайған күн астында жеміс қағын кептіріп отырған қарт монахты көреді. Содан ғалым монахқа:

— Сіз неге басқа монахтарды жұмыс істеуге шақырмайсыз-дейді. Сонда қарт монах:

— Олар мен емес, бұл менің міндетім-депті сабырлы үнмен жұмысын істей отырып. Оның сөзіне орай ғалым:

— Солай деңіз, деседе, күннің ыстығы мынау, шаршап қалмағайсыз-депті. Оны естіген қарт монах сол байсалды бейнесін өзгертпестен:

-Қазір жаймағанда, мұндай ыстық күн қашан болар дейсіз-депті. Міне әр кім өз міндетін және оны орындаудың кезін түсініп, жібермегенде өзін де, жақындарында бақытты етер еді. Иә, мен сен емес, сен мен емессің, әркім өз жұмысының атқарушысы, өз міндетінің құлы. Осыны түсінген адам бос қиал мен құрғақ арманан аулақ болады. Себебі, менің тірі жүруім ол менің өмірім, мен үшін басқа ешкім ғұмыр кешпейді. Абайша айтқанда, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»-кетігін немесе орнын таппау өзін танымаумен бірдей.

Төртіншіден, сен бір сәтте өзің және өзге екеніңді ұмытпа. Бұл сені айналаңа силы, сиымды, құрметті ететін басты құндылықтың бірі. Бұны айтып отырғаным әр адамның өзінің «кім» екендігінен басқа, «кімсің»-деген сұраққа жауап беретін сипаты болады. Мысалы, сенің бір компанияның бастығы немесе білдей мекеменің қожайыны болуың, ол сенің «кімсің?»-деген сұраққа берер жауабың. Ал біреудің ақ некелі жары, аяулы анасы әлде әкесі болуың, біреуге іні, біреуге бала болуың, ол сенің «сен кім?»-деген сұраққа беретін жауабың болмақ. Егер сен жұмыс та да, жұмыстан тыс кезде де осы «кімсің»-деген сұраққа берер жауап көлемінен шыға алмасаң онда адамдармен болған қоғамдық байланыста жеңіліс тапқан әскерлердің қолбасшысы болғаның. Онда сенің жалғасты биіктеуің яғни сол биігіңде қалуың екі талай. Оған дәлел ретінде мына әңгімені тыңдаңыз. Бірде әйел патыша күйеуімен сөзге келісіп қалады. Әйелінің үстемдігіне ренжіген күйеуі бөлмесіне кіріп алып шықпай қояды. Әйел патша ұйқыға жатар кезі болып, жатын бөлмесіне кіру үшін амалсыз есік қағады. Күйеуі іштен:

-Кім?-деп сұрақ қояды.

-Әйел патыша-дейді әйелі такапарлана. Есік ашылмайды. Ол есікті қайта қағады. Іштен тағы сол сұрақ қайталанады. Бұл жолы әйел патыша атын атайды. Алайда есік тағы

үнсыз қалады. Аздан соң ол амалсыз үшінші мәрте есік қағады. Күйеуі сол сұрағын қайталап:

-Бұл кім? -дейді. Әйел патыша аз да болса әдеп сақтап:

-Бұл әйелің ғой-дейді. Сонда барып есік ашылған екен.

Алайда, адамның өз қадірін білуі, бағалауы адамның өз бақытын табудың бір жолы.

Бесіншіден, Уақыттың қәдірін екі еселеуді үйрен. Бір сағатты бос өткізсең, онда бір ғана сағатым бос өтті деме, сенің жоғалтқаның екі сағат. Егер бір күнің бос өтсе, онда екі күнім зая кетті деп біл. Ол үшін 1-1= ? емес, (-1)-1=? формуласын өміріңнің өлшемі ет. Бір баянсыз жұмысты істеп, одан пайда таппадым десең, онда оның мәніне терең түсінбегенің. Сен осы тұрлаусыз жұмысты істеуден пайда таппаудан бұрын, басқа бір пайдалы жұмыс істейтін уақыт пен мүмкіндіктен құр алақан қалдың. Мұнда сен тек уақытты жоғалтып қана қойған жоқсың, орайды жоғалттың. Міне бұл уақыт үшін шығынның екі есе болатыны. Ертеде бір қалада екі жас жігіт көшеде жайма ашып, ұсақ-түйек бұйымдарды саудалайды екен. Біріншісі күніне бір сағат артық істеуді дағдысына айналдырыпты. Екіншісі белгілеген уақытында келіп-кетеді екен. Арада он жыл өткенде біріншісі жеке компания ашып кетіпті де, соңғысы сол жаймасын жайып қала беріпті. Міне бұл бір сағаттық артық жұмыстың берген нәтижесі. Алдыңғысы 1+1 = 2 әдісімен жұмыс істесе, оның әріптесі (-1)-1= — 2 формуласымен істеп артта қалды. Екеуінің айырмашылығы күніне 4 болып шықты. Ал он жылдан соң жоғары да айтылған нәтиже көрініс берді. Күллі табыстың кілті осында жатқандай сезіледі маған.

Алтыншысы, тұрмыстың үйлесімділігі мен өмір ләззатын татуды ұмытпа

Әйгілі Кан Фусый: күнмен бірге оянып, күнмен бірге ұйқыға бат, сонда, денің сау, бақытты боласың деген екен. Адам өмірінің де осындай ритмі сақталуы керек. Тәртіпсіз тұрмыс дағдысы денсаулығыңды құртатын білінбес жегі құрт екенін ұмытпа. Өмірде бақытты ақшаның молдығы немесе атақ пен даңқ екен деме. Бақыт — ол сенің жаның сүйіп істейтін кәсібің. Сен содан ләззат аласың, содан шаттық табасың. Неге адам сүйген адамы кедей болса да, соған ынтық болады? себебі ол сол адамнан құштарлық көреді, бақыт табады. Бұның барлығы да тылсым да, құдіретті жанның қалауы. Ал «жанды» біз өз қалауымыз бойынша таңдап алмағандықтан, ол біздің ыңғайымызға сай рай танытпайды. Міне бұл өмірдің түп сипаты, түрлішелігі. Егер өмір түрлі болмаса, қызығы да болмас еді. Бір сәт болса да өзіңізге тыныштық силауды, өзіңізге көңіл бөлуді ескер. Бағана да айттық, сенің өмірің тек саған қана керек, сен үшін ешкім өмір сүрмейді. Жаның қалаған жұмысты істе, мейлі ол қоғамда орны жоғары болмаса да, қаржылық қажеттілігіңді толық өтеуге жарамаса да. Қаржылық қажеттілік үшін өзің қаламаған іспен айналысқаныңмен де одан нәтиже жаратарың күмәнді. Керісінше жүрегіңнен маза кетіп, жаныңды қоярға жер таппай шарқ ұрасың. Сөйтіп жүріп денсаулығыңнан, жақын адамдарыңның ықыласынан қалай алшақтап кеткеніңді білмей де қаласың. Өмірде тұрмыстың бір сарындылығынан құтылуға тырыс. Өмірдің түп сипаты алуан түрлілік екенін жадыңнан шығарма, тұрмысыңды байыт, жұмыс кезінде белсене істе, дем алғанда рахаттанып дем ал. Сен демалғанда дүние күйреп қалмайтынын түсін. Сен болмасаң да күн шығып, таң ататынын біл.

Соңғысы, жаныңның сенің емес, Құдайдың қолында тұрғандығын әркез есіңнен шығарма. Демек, еркі өзіңде емес дүниенің кез-келген уақытта қолыңнан сусып шығып кететінін біл. Ол кезде сенің жағдайың қалай, онымен санасатын Ол болмайды, бергенін алады да кетеді. Сондықтан әр таңыңды көргеніңе шүкір ет, бәлкім бұл сенің соңғы көрер таңың болар. мынау күз соңғы күзің, мынау қыс ақырғы көрген қарың болыр. Кім білсін. Әне сол үшін де мейіріңді аяма. Жан шуағыңды жақындарыңа төге бер, оларда сен сияқты жаны Бір Құдайдың қолындағы шарасыз пенделер. Өзіңнің де, олардың да жүрегінде өкінішке орын қалтыра көрме. Адамдарды жақсы көр, аяла, кешір, сүй, бағала, ренжітпе. Мынау жарық дүниеде олардан артық, олардан қымбат бір зат барын маған көрсетші. Махаббатыңды күн сайын емес, сәт сайын төк, сенің мейірің мен жылуыңа мұқтаж қаншама адамдар бар екенін ескерші. Жеті қат жер астына түскенің де мейірім

төге қарауға жанарыңда нұр болар ма, амандасып құшақтасуға қолың көтеріле ме, айналайын-деп айтуға үнің жете ме. Бәрі де кеш, бәрі де өмір дастаныңның соңына қойылған қара нүктедей болып үйілген қара топырықпен бірге келесі өмір кезеңіне аттанып кетті. ………

Берген уәде мен алған қарызды уақытылы орындамайтындар мен қайтармайтындар қәзір тым көп, олар өздерін «өлместің суын ішкен» жандай сезінеді. Егер осы қарыз арқалап о дүниеге аттанып кетсең не етер едің? Бірде силас ағам басынан кешкен бір оқиғаны айтқаны бар. Кеңес үкіметі ыдыраудың қарсаңында одан бір танысы ақшалай қарыз алып кейін бермей кетеді. Шарасыз қалған ағамыз бір жылдан артық ақысыз еңбек етіп мекемесінен өзі кепіл болып алып берген ақшаның орнын толықтайды. Арада талай жылдар өтіп қарыз алған кісіде өмірден өтеді. Содан көп ұзамай қасиетті жерге тәу етуге барған ағамыздың түсіне кісенделген, үсті-басы қан-жоса, қатты қорланған әлгі кісі кіріп өзін кешіруді, босатуын сұрап жалұрады. Ағамыз сонда барып ол кісінің баяғыда алған ақшасы үшін қорлық көргенін сезініп, құран оқып, оны кшіреді. Содан кейін ол адам түсіне енбейтін болған.

Қорыта айтқанда, мынау дала, мынау тіршілік үшін сен түк емессің, сенсіз де жер бетінің тіршілігі өз жалғасын таба береді. Көктем кетіп, жаз да шығады, уақыт тоқтап қалмайды. Бірақ, өз ортаңда, сол уақыт, сол мекенде сенің орның ерекше, сенсіз жұмыс жүрмейді, сенсіз ата-анаңның тамағынан ас өтпейді, жарыңның жүзінен мейірім төгілімейді, сенсіз балаңның жанарынан күлкі ойнамайды, достарыңның әзілі жараспайды. Өйткені сен -сенсің, басқалар сен емес!

Достым, мен осы айтқанымды өзімде өмірімде қолданысқа енгіздім, нәтижесі жақсы. Ең бастысы осыларды жан-жүрегіммен сездім, білдім. Сондықтан да қағаз бетіне түсіріп саған ұсынып отырмын. Пайдаланып көр, өміріңде сөзсіз өзгеріс борлып, құштарлығың артары, өмірді шексіз сүйе бастағаныңды, жолың ашылып, табысты бола бастағаныңды өзің де біртіндеп сезе бастайсың. Ал егер бұдан да «ауыруың» айықпаса, онда маған кел, мен ең соңғы тәсілді айтамын. Бірақ, оған жетпейтінімізге мен сенемін.