Жүсіп Баласағұн көзқарасының исламға қатысы

Талай ғасыр өтсе де түркі дүниесінің асыл қазыналарының бірі болып табылатын Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны күні бүгінге дейін өзінің рухани құндылығын жоғалтқан емес. Қайта жылдар өткен сайын ақын еңбегін жан-жақты зерттеп зерделенушілер қатары көбейіп келеді. Себебі ақын поэмасы — терең таныммен, көркем тілді жыр жолдарымен тоғыстыра отырып жазылған, рухани құндылықтарға толы, алуан түрлі қырлары бар, ірі туынды. Зерттеушілердің бір қатарын дастан мазмұнындағы тәлім-тәрбиелік мәні қызықтырса, енді біреулерге түркі-ғұлама ой-пікірлерінің ғылыми құндылығын кеңінен ашатын философиялық, мәдениеттану, аудару мәселесі зерттеу тақырыбына арқау болды.

Жүсіп Баласағұн өмір сүрген X-XІ ғасыр қазақ даласында билік құрған қарахандар хандығы мәдениетінің ерекше гүлденуіне үлкен әсер тигізген ислам дінінің келуі және оның мемлекеттік дін ретінде қабылдануына тұспа-тұс келген еді. Бұның көрінісі ақын еңбегін жазу кезінде исламның негізгі қайнар көздеріне сүйене отырып жазғаны анық байқалады.

Бұл орайда Құранда уағыздалатын тақырыптар мен «Құтадғу біліктегі» тараулардың аттарын, айтылатын сөз, қозғалатын мəселелерді атап қана өткеннің өзінде көп нəрсеге көз жетеді.

«Құран Кəримнің қазақша мағынасы мен түсінігінде» мынадай мазмұндық анықтамалар бар:

«Адам баласы; Алла; Алланың сипаттары; Əлемге байланысты аяттар; Ғибадат; Ғылым; Ақыл; Ой жүгірту, ғибрат; Дін-иман жəне жақсы-жаман жол; Жиhад, яғни соғыс; Қоғамдық тəртіп; Мінез-құлық /ахлақ/: Өлім жəне өлімнен кейінгі ахуал; Үй-іші тəртібі; Экономикалық өмір»

Міне, осындай он төрт тақырып. Олардың əрқайсысы тарамдалып кеңейіп кетеді. Ал, «Құтты білік» дастанында Жүсіп Баласағұн осы мəселелердің бəрін де жете қамтиды. Əрі өлең жолымен, өз заманына лайық қарапайым да ұлағатты ұғыммен түсіндіреді. Азғындыққа салынбау, имандылықты сақтау, кісіліктен айнымау, арақ ішпеу, қылмыс-қиянатқа бармау, білім қуып, тіл ұстарту, ұрпақ тəрбиелеу, тағы басқа тіршілікте, қоғамда маңызды орны бар мəселелер хақындағы ақын тебіреністері Құранның талап-шарттарымен үндесіп түсіп отырады. /1/

Тіпті ақынның мұсылмандықты қабылдағаны да жыр жолдарынан көрініс тапқан. Ақынның:

391. Жалғыз Аллаһ білетін бар күнәмді,
Саған ғана ашамын мұң-шерімді.

393. Түзу бастап, ақ жолмен жүргізгейсің,
Иман тонын үстімнен шешпегейсің.

935. Шығарда бұл тәнімнен жаным менің,

Шаһадатпен үзілсін соңғы демім.» /2/ — деп жырлаған өлең жолдары Пайғамбарымыздың: «Кімнің соңғы сөзі «Аллаһтан басқа Тәңір жоқ» болса, ол — жәннәттік» деген хадисіне ғұламаның амал етіп тұрғандығын дәлелдейді.

Сонымен қатар данышпан өз туындысын «Бисмиллаһир рахманир рахим» деп бастап, Аллаһ Тағалаға мақтау мадақтар айтып, Оның Құдыретін дәріптеп, одан кейін Пайғамбарымызға салауат айтып, Қияметте Пайғамбармен бірге болуды Аллаһтан сұрап, бұдан әрі Пайғамбарымыздың төрт асыл сахабаларының өздеріне тән ерекше мінездеріне тоқталып кетеді. Тек осыдан кейін ғана ақын дастаннын әрі қарай өрбітеді. Бұдан ақын еңбегін жазу тактикасының өзі исламға негізделгенін көруге болады Себебі, қандай да бір істі Аллаһтың атымен бастау, онан кейін пайғамбарға салауаттар айту, сенімді сахабаларына Аллаһтың рахметін тілеу — ислам әдептерінен.

Сонымен қатар, Жүсіп Баласағұн дастаны мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистеріндегі ұқсастықтар да көптеп кездестіруге болады. Сөзіміз дәйекті болу үшін олардың кейбіріне мысал ретінде келтіре кетейік: Ақын:

1026. «Тура сөзге келгенде тіл тарпағын,
Қыңыр сөзді жасыр, текке лақпағын!» /2/ десе, ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаһқа және ақырет күніне иман келтірсе жақсы сөз сөйлесін немесе тіліне ие болсын…» деген.,

Ақын:

1334. «Шарап ішпе, арамнан бой тасала,
Пасық болма зинақорлық жасама.

1336. Зинақорлық, шарап уын тигізер,
Жоқшылықтың жыртық тонын кигізер.

2765. Шарап ішкен — мал, ырысын ішеді,
Құты қашып, міскіндікке түседі,»/2/ — дейді.

Бұған байланысты хадистерде былай келген: «Арақ мал-мүлікті жояды, ақылды аздырады.», ал зина жөнінде: «Зинақорлық кедейлікке ұшыратады» делінген.,

Шайыр:

4129. «Оң қолмен ал қойған асты алдыңа,
Әуелі Аллаһ аты түссін аузыңа.
/Оң қолыңмен ал алдыңдағы асыңды,
Айт әуелі «Бісмілләһ рахман рахымды./

4130. Қол созба асқа кісі алдында,
Ал, ей, зерек, қойған асты алдыңа.» /2/ дейді.

Нәби (с.ғ.с.) тағамды әдепсіздікпен жеп жатқан бiр балаға айтқан өсиетінде : «Ей, бала! «Бисмилләһ” деп, оң қолыңмен және алдыңдағыңды же”, – деп айтты.,

Дана ақын:

4486. «Әйел алса төрт белгісін көздейді,
Бұл төртеуден кездеспейді өзгесі.

4487. Бай әйелді біреу іздеп жүреді,
Енді бірі сұлуға көз тігеді.

4488. Бірі тілер тұқымы асыл тектіні,
Қуаныш боп ұлықтығы, бектігі.

4489. Бірі нәзік имандысын таңдайды,
Оны тапса, көңілде алаң қалмайды,» /2/ — десе,

ал хадисте: Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Әйелдің төрт нәрсесіне қарап некелесу керек: мал-мүлкіне, тегіне, сұлулығына және діндарлығына. Сен мүмкіндігің барынша діндарды таңда»- деп бұйырды.

Жалпы, дастанының желісі Күнтуды, Айтолды, Одғұрмыш, Өгдүлміш атты кейіпкерлердің арасында болған диалогі арқылы жазылған. Жүсіп Баласағұн — қоғамында болып жатқан, болуы мүмкін және күні бүгінге дейін өз шешімін дұрыс таппай жүрген небір күрделі мәселелер жөнінде осы төрт кейіпкер арқылы ой қозғап қана қоймай, оның шешімін Аллаһтың Құраны мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінен таба отырып, оны шешендікке толы жыр жолдарымен халқына жеткізе білген дара тұлға. Сол себептен де бұл шығарманың кейінгі ұрпаққа берер пайдасы зор.