Поэзия жинағы

ТҮС. ҚЫСҚЫ АҚТАУ

Алғашқы қардай тап-таза болып,
Алдымда жатыр ақ қағаз өліп.
Жазылмай қалды бетіне жазу,
Өлең екеуміз Хаққа зар едік.

Періште ғой ол жерге құлаған,
Кәләмнан хабар бермеді маған.
Ақынның жасы тамады түннен,
Ағады түннен шерленіп әмән…

Қағаздың жоқ-ау ақ түсінде мін,
Бақ құсым дедім, дақ түсірмедім.
Өмірдің түсте кермегін татып,
Көрермін өңде тәттісін керім.

Бүлдіріп қайтем, сақтауға тұрар,
Күл қылып қайтем, жақпауға тұрар.
Қыс жатыр аппақ құрбаным сынды,
Аққудай әлем – Ақтауға құмар…



ТЕҢІЗГЕ ҒАШЫҚ ҚЫЗ

Мені іздесең теңіз жақта деп ізде…
Айгүл Талыс

Теңізге ғашық қыз – жағада,
Тағы да жалғыз қалған ба, сірә?
Шарқ ұрып ұшады шағала –
Ұқсайды-ау аппақ армандасына.

Жандар көп жүйелі бақ қуған,
Теңізді мұнда сүйеді Ақтау да.
Аумайды ол киелі аққудан –
Ант еткен арға күйе жақпауға.

Сыр шертіп тұңғиық тереңнен,
Тулайды сезім толқындай тынбай.
Жырлаған жүрекке сенем мен,
Өлеңсіз дүние солқылдайтындай.

Толқындар салғандай ғашық ән,
Махаббат көлі – қасиетті айдын.
Теңіздей көңілім бар тасыған,
Аз болмаса да қасірет-қайғым.

Теңізге ғашық қыз – жағада,
Тағы да, сірә, жалғыз қалған ба?
Өмірлік серігін таба ма,
Жеткізсін Алла мәңгі ізгі арманға!


ҚАРАША МЕН ЖЕЛТОҚСАН

Қарашаның қарлы боларын,
Желтоқсанның желді боларын
Кәрі қарға ертерек бізге айтпады,
Қыс түскен соң жүрегім мұздайд тағы.
Өзің жайлы ойлаймын күз қайтқалы,
Өлең жайлы ойлаймын күз қайтқалы.

Қарлы болса қараша – қаралы да,
Желді болса желтоқсан – жаралы да.
Күлдір-күлдір кісінеп күлік-бұлттар,
Бейтарапқа баз кешіп барады ма?..

Қарашаның қаралы халін,
Желтоқсанның жаралы халін
Кәрі қарға ертерек бізге айтпады,
Қыс түскен соң жүрегім сыздайд тағы.
Өмір жайлы ойлаймын күз қайтқалы,
Өлім жайлы ойлаймын күз қайтқалы.

Түннің жалғыз көзіндей мөлдіреп Ай,
Маған қарап тұрғандай соңғы рет-ай.
Ауыр тиді-ау саған да, қалқатайым,
Сол бір екі ай!..


ҚАРЛЫ СОНАТА

Қар жауыр тұр аппақ гүлдей төбемнен,
Ақ жүзіңнен аппақ нұрды көрем мен.
Ақ көңілден оянды аппақ сағыныш,
Аппақ арман жалқындайды өлеңмен.

Қар жауып тұр аппақ дүрдей аспаннан,
Ақ жүректен ақ махаббат басталған.
Жанарымнан жалғыздығым мөлдіреп,
Аппақ түннің сұлбасына жас тамған…

Қар жауып тұр аппақ бүрдей ашылған,
Аппақ дүние ақ сезімге бас ұрған.
Алла жақтан жұмақ мекен табылар,
Ең алдымен сен табылсаң қасымнан.

Қар жауып тұр аппақ ділдей шалқыған,
Ақ періштем өзің болдың қалқыған.
Аппақ қанат бітеді ертең маған да,
Саған деген ғашықтықтың зарпынан…


ПӘРУАЙ

Жаным дірілдеп,
Тәнім қалшылдап…
Өлген елес бейуақытта тірілмек –
Әруақтардың жанарынан тамшы ұрлап!

Менің қайғым салмақты ғой табыттай,
Сол үшін де күліп жүру – қауіпті.
Масайған жұрт даңғазадан жалықпай,
Тойлап жатыр жаңа жылдық сауықты.

Шым-шытырық түс көремін ояу да,
Төрт құбыла төрт жағымда құбылып.
Мұрша бермей өз-өзімді аяуға,
Жүрегімнен жасап алдым жұдырық.

Құтылам деп бұ дүниенің зарпынан,
О дүниеге барар жолдан шатастым.
Жалғыз болып сорға тусам жалқыдан,
Баяғыда-ақ жұтар еді-ау қапас түн.

Қыс қылышы тіреліп тұр алқымға,
Жер күнәсін аппақ қармен жасырып…
…Шиыр-шиыр ізім қалар артымда –
Уақыт пенен кеңістікке шашылып!


ҚЫСҚЫ ТҮННІҢ ЕЛЕСІ

Түн келді – Ай сәулесі дір-дір қаққан,
Жұлдыздар үсіп жатыр мұңды ырғақтан…
Бүгін мен жыламаймын өксіп-өксіп,
Мың жылғы көз жасымды кім құрғатқан?..

Сыртта қыс мұз табанын жерге тіреп,
Бұлаңдап қылкөпірдей тербетілед.
Өлеңнің обалынан шарап жасап,
Ұрттайды шайыр деген шеркөкірек.

Жоғалған жұмағым да күнә жұтты,
Тұншығып жанайқайым құлазыпты…
Қап-қара құлпытас бар жүрегімде,
Сондағы жас бейнеме дұға жұқты!..

Жетім шам жарық қылып санамды сәл,
Ұйықтайды қар астында қараңғы шәр.
Жөтеліп бейуақтағы соқыр аспан,
Қайғысын күрсініспен маған құсар.

Терезем – суық сурет қырау қатқан,
Дүр көктем гүлхат жазды тым аулақтан…
Елестен айығайын шымыр-шымыр,
Тағы да атар ма екен тұмаурап таң?..



ӨМІРКЕЗЕК

Есік алды – тайғақ мұз,
Үй арасы – күртік қар.
Кеше біздер бұлбұл болып сайраппыз,
Жамалмай тұрып жыртықтар.
Уа, босына, босына,
Көңілім, енді шошыма!
Жан-жүректі сыздатқан
Аязы құрғыр жүз батпан –
Абайдың “кәрі құда” дегені осы да…

Күн райы бүлерде
Қалың бұлт құрсайды ғой аспанды.
Бүгін борандай соғып түнерме,
Бір жасармыз ертең бастаңғы.
Ай, арайна, арайна,
Өлең оқысам жарай ма?
Жақсы-жақсы тілекпен
Дүниені тегіс гүл еткен –
Келеді “құдаша қыз” қалайда…




ҚЫСҚЫ САРЫН

Тайғақ, тайғақ, тайғақ жол, тарлауыт кіл,
Неге сонша көңілім зарлауық-дүр?..
Қыстың төккен қаһары аз болғандай,
Бүгін тағы қалада қар жауып тұр.

Тас төбеме түсердей аспан құлап,
Бұлағайдан мен емес қашқан бірақ.
Жамалымнан сұп-суық мұң сүйгенде –
Жанарымнан ып-ыстық жас тамдырад.

Айналайын дүниенің жарығынан,
Жалғыз қалсам саламын тарығып ән.
Әуре болма, ешкім де түсінбейді,
Сорлы ақынды қайтесің – зарығы нән!..

Келмеген соң шабытым, амал бітіп,
Құр отырмын көктемнен хабар күтіп.
Жазсам деймін бір өлең құс тілінде –
Қыдыр басқа қондырса таң алды құт.

Салқын үрей сияқты түнгі елеспен
Қараңғыда дәл мендей кім кеңескен?..
Ойламаймын қоштасқан махаббатты,
Шығып кетті ол енді мүлдем естен…