Автокөліктер жайлы қызықты деректер

Алғашқы көлік пайда болғалы бері бұл индустрия күннен-күнге жаңа, қызықты, кейде аянышты деректерге толып отырады. Адам баласының өмірін мейлінше жеңілдеткен төрт дөңгелекті темір тұлпар жайындағы қызықты деректерді ұсынамыз.
АҚШ-тың екі азаматы - Чарльз Крейтон мен Джеймс Харгис 1930 жылы көлікпен ең қызықты әрі "рекордты" саяхат жасаған. Олар Нью-Йорктан Лос-Анджелеске дейін, сосын кері бағыттағы арақашықтықты артқы жүріспен жүріп өтті. Бір қызығы аталған арақашықтық 11 мың километрді құрайды.
Дүниежүзіндегі ең кішкентай көлік - Peel P50 Англияда 1962 жылы құрастырылды. Оның ұзындығы 134 см болса, ені 99 см. Бұл "тұлпармен" жүргізуші 64 ш/с жылдамдықта қалаған жеріне қатынай алады. Бір қызығы бұл көліктің беріліс қорабында артқы жүріс баспалдағы қарастырылмаған еді. Бірақ бұл жайт жүргізушіде ешқандай мәселе туғызбайтын. Салмағы бар-жоғы 59 келі болатын көлікті бамперінен бір қолмен көтеріп, орында тұрып айналдыруға болады.