Әдебиеттанудағы монистік және мәдениеттанушылық бағдар турал

А.Н. Веселовский барша догматизмді теріске шығарып, табанды түрде қандай да бір ғылыми әдісті бірден-бір қолдау табушы, әрі дұрысты деп жариялаудан бас тартты. Ол әрқайсының қолдану шегі турасында сөз етті. Тұрмыстық қалыптағы халық әні сюжетінің шығу тегінің байланысына назар аударған өзі тұстас бір ғалымының еңбегіне сипаттама бере келе: «Әдіс жаңа емес, бірақ оның бірден-бір әдіс еместігін есінде тұта отырып, ыңғайын табатын жан ғана қолдануға тиіс, қай кезде тұрмыстық өлшеуіш өз мүмкіндігін жойғанда, басқасының жалына жабыс» дегенді ауызға алады. Веселовскийдің догмалық емес, айқын теория-әдістемелік ойлауы әлі күнге дейін құнды әрі мәнді болып келіп, кез келген «бірден-бір құтқарушы» тұжырымдамалар мен ғалымдардың ақиқатқа толық үстемдік ету, әдістемелік кестелілік, априоризмдік күпірлігіне қарсы тұрады.Осындай ешкімге ештеңені таңбайтын, өте сақ ауандағы Веселовскийдің жұмыстары, біздің ойымызша, теориялық әдебиеттану үшін қолдануда тиімді. Ғалым қатаң декларация мен қызба тезистерді көкке көтеруді жаны сүймеді. Оның жинақтаушы ойының басты берілуі – жормалдап сөз қозғау мен сауал түріндегі ой толғау болып табылады. Мысалы: «Халық наным-сенімдерінің ұқсастығы нәсілдік өзгешелік пен тарихи байланыс болмаған жерде, адам жүзеге асыратын психологиялық процестің табиғатымен түсіндіру мүмкін емес? Ғалымның «бағыттаудан тысқары» еңбектеріне тән қасиет ХХ ғ. ірі ғалымдары В.М. Жирмунский, А.П. Скафтымов, М.М. Бахтин, Д.С. Лихачевтардың да жұмыстарына да ортақ болып келеді. Бұл әдебиеттанушылар өткен дәуір мен өз заманының әр текті әдеби-теориялық тәжірибесін белсенділікпен синтездеді. Осындай теориялық бағдарлар ұстанушылықты жуықтау мәнінде дәстүршілдік немесе мәдениеттанушылық деп атауға болды. Әдебиет теориясы пікірталас пен даулы сәттерге толы. Көптеген пікірлер мен тұжырымдамалар өзара алшақтанып тұрады, кейде тіпті бір-біріне мүлдем сәйкеспейді. Ғалымдардың пікірлерінің, ұстанымдарының, көқарастарының әркелкі болуы заңдылық, әдеби шығармашылықты ұғыну көп жағдайда ол пайда болған, бастау алған мәдени-тарихи жағдайға байланысты, сонымен бірге, әлбетте, сан алуан болып келетін әдебиеттанушылардың дүниетанымдық бағдар ұстауынан деп санауға болады. Заманалық поляк ғалымының сөзі бойынша, кез келген теорияны: «аталған дәуірдің көркемдік санасының жағдайы жөнінде куәлік беретін құжат деп қарастыруға тиіспіз». Осы арадан шығарып мынандай қатаң түйіндеу жасауға болады, барша кезеңге арналған біртұтас, әмбебап әдебиет теориясының болуы мүмкін емес: «бұрынғы теориядағы түйіндеулер, өте жаңа теориялық байыптаулардың құрамына енбейді, бұрынғы не терістеледі, не тіптен қаперге алынбайды. Ал одан бірдеңке алына қалса, жаңаша тұрғыдан түрлендіріліп ұғындырылады». Оның үстіне көптеген теориялар аймақтық көркемдік тәжірибеге бағдар ұстанып, белгілі бір әдеби мектептің (бағыттың) бағдарламаға негізделген тәжірибесін танытып, әлдебір шығармашылық жаңашылдықты қорғап, манифестентіп, өзінің алдындағы айтылғандармен дау-дамайға түсуге қашанда дайын тұрады. Формалдық мектеп өзінің алғашқы дамуы кезінде футуризммен, 30-50 жылдардағы кейбір еңбектері соцреализммен, француз структуализмі қазір өте беделді эссеистік делінетін кейінмодернизмнің «жаңа романымен», осындай байланыста болды. Осы тақылеттес әдебиеттану тұжырымдамалары бағыттанушы сипатқа ие болып келеді. Олар әдетте, біртектес болып келіп: әдеби шығармашылықтың тек әлдебір қырына ғана баса назар аударады. Бұл даусыз құндылыққа себепші болады, кейбірде біржақтылықтың орын алушылығына: догмалық тар байыптамаға, сонымен бірге сөз өнерінің сан алуандығы мен «көп түстілігін» қаперге алмауға бастап алып келетін қатаң кестелеушілікке бейімділікке ұшырайды. Біртекті теориялар психоталдамалық әдіс Фрейдке сүйенеді, марксистік әлеуметтану, структуализм, өнердің мәнінің мифтіпоэтикалық тұжырымдамасы К. Г. Юнгқа иек артады. Біз санамалаған ғылыми мектептердің әрқайсы өздерінің өзгелерден өзгешеленетін әдістеріне сүйеніп, оның жақтаушылары көбіне өздерінікін бірден бір жемісті де, дұрысты деп ойлайды. Яғни бұлайша біржақтылыққа бой ұруды монистік бағыт деп түсінеміз.