Фольклористика мен әдебиет теориясының ортақ зерттеу әдістем
Әдебиет теориясында әдіс мәселесінен көп айтысқа, талас-тартысқа түскен нәрсе аз шығар. Алдымен, әдіс деген атаудың өзін әркім әр түрлі айқындайды: біреулер көркемдік әдіс десе, біреулер творчестволық әдіс, енді біреулер әшейін әдеби әдіс дей салады. Алайда бұларға дау айтып, уақыт оздырудың керегі жоқ, өйткені бәрінікі — бір ұғым. “Әдіс — творчестволық тәсіл” дейді Б. Щербина. “Творчестволық тәсіл дегеніңнің өзі не нәрсе,— дейді Л. Тимофеев,—оны нақты шығарма талдауға қалай қолданамыз?”.Біреулер әдісті суреткердің дүние танымына байланыстыра байыптаса, біреулер бұған қарама-қарсы, “әдістің таза дүние таным категориясымен қабыспайтынын” (Л. Новиченко) дәлелдеп жатады.Г. Абрамович “әдіс — шындықты суреттеудің жалпы принципі” десе, Л. Щепилова “әдіс — өмірді образ арқылы көрудің айрықша типі” дейді.Сондай-ақ, мәселен, Ф. Головенченко “Әдіс пен ағымның арасында анық шекара жоқ” десе, В. Сорокин әдісті ағымға қоса тексере тұра, екеуінің ара жігі айқын екенін, яғни “әдіс - ағымнан әлдеқайда кең, ұғым” екенін айтады.Шынында, қалай өзі? Айталық, романтизм немесе реализм… Осылар ағым ба, әдіс пе? Біреулер әдіс десе, біреулер ағым дейді; ал үшінші біреулер әрі әдіс, әрі ағым деп, екеуіне бірдей телиді.Байқап отырсақ, бұлайша бұлдыратып жүрген тек бүгінгілер ғана емес екен. “Менің бір байқағаным,— деп жазыпты бір кезде Пушкин Вяземскийге,— біздің бәріміздің романтизм туралы түсінігіміз барып тұрған бұлыңғыр”. Айтты-айтпады, “романтизм әр үйдің әруағы тәрізді,— деп жазыпты Вяземский Жуковскийге,— жұрттың көбі осыған ден қояды, әйтеуір осындай бірдеңе бар деп біледі; бірақ қайда сол, қай жерден көруге болады, саусақпен түртіп байқауға бола ма өзін?..”Қысқасы, романтизм жайлы әр тарап әңгіме сол Пушкин заманының өзінде ондаған жылға созылған, әйтседе “бірде-бірі мәселенің басын ашып бере алмаған, романтизм бәз-баяғы құпия һәм жұмбақ қалпында қалған да қойған” (Белинский). Содан бері, міне, бір жарым ғасыр өтті, бірақ романтизм хақындағы айтыс әлі толастаған жоқ. Бірақ біз романтизм мен реализмді әдіс деп танып, фольклористика мен әдебиет теориясы саласына ортақ әдіс екенін айтқымыз келіп отыр. Кез келген әдіс әдебиет теориясында аталады. Ал фольклористикада көрініс табатыны романтизм әдісі. Өйткені ол жерде жақсылықты аңсау, арман-мұраттарға ұмтылу бар. Мысалы, эпостардың барлығы да батырдың алапат ұлымдыққа қарсы күшін сипаттап, ақырында оның жеңуші, сүйген жарына қосылшы кейіпкер ретінде көрсетеді.