Көне үнді, шумер мәдени ескерткіштерінің тарихи тағлымы тура

.«Ригведа» гимндері арқылы қалыптасқан әдеби дәстүр, эстетикалық талғам тағы 1 мың жыл бұрын өткен соң үнді халқының әлемге әйгілі ұлы дастандары «Махабхаратаға», одан келе «Рамаянаға» ұласады. Махабхарата – керемет көркем ескерткіш. Дастанның 19 кітабындағы өлең көлемі – 214 000 жол, яки Илиада мен Одисеядан сегіз есе артық. М-ның бір алуан аңызын кезінде В. А. Жуковский аударып, оның көркемдік құнын В. Г. Белинский жоғары бағалаған. Осы фактінің өзі-ақ көне үнді поэтикасында әжептәуір эстетикалық талап және талғам болғанын аңғартады. Екі поэмадағы бас кейіпкер – Махабхаратадағы Кришна, Рамаянадағы Рама мифтік нанымдар тұтқынында бұлыңдап, құдайға баланған қалпында қалып қоймайды. Жерге түседі, кәдімгі жер басып жүрген адам бейнесінде суреттеледі. Әсіресе Рамаянаның 2,6 кітаптарындағы суреттеулер мен баяндаулар әрі шынайы, әрі шыншыл. Осыған қарағанда, я болмаса поэманың көркемдік ерекшеліктеріне қарағанда, көне үнді поэтикасында эстетикалық принцип және жүйе болғаны кәміл. Қысқасы эллада эстетикасының жүздеген жылдар бұрын көне үнді көркемдік көзқарасы туып, қалытасқан. Сол арқылы үнді поэтикасының өзгеше заңы, ережелері қалыптасқан. Ол заң, ереже бойынша, үнді жазушылары өздерінің көркем шығармаларын әрқашан тек «Ригведа» гимндеріндегі, Махабхарата және Рамаяна дастандарындағы сюжеттер мен образдар негізінде ғана жазуы шарт болған. Мысалы, аты шулы Калидаса өзінің «Шакунтала» драмасын Махабхаратаның бір эпизодына құрса, одан 1100 жыл кейін туған Тулси Дас «Рамаяна» сюжетін негізге алып, «Рамаяна, яки Рамачаритманаса» деген поэма жазған. Шумер мемлекетінің мәдени жетістіктері орасан зор болды. Адамзат тарихындағы алғашқы «алтын ғасыр туралы» поэмасы шумер елінің топырағында жарық көрді, шумерліктер алғашқы элегияларды жазды, дүние жүзінде бірінші рет кітапханалық каталогтар жасауды игерді. Осы орайда ғалымдар «Месопотамия — архивтер отаны» деп тегіннен-тегін атамағанын атап өткіміз келеді, өйткені мүнда мемлекеттік архивтермен қатар жеке адамдардың да архивтері болған. Сонымен қатар шумерлер — ең көне медициналық еңбектердің, дәрі-дәрмек рецептері жинақтарының авторлары, диқаншының түңғыш күнтізбегін жасаған да осы шумерліктер.Дүние жүзіндегі алғашқы жазуды ойлап табу да осы дарынды халықтың үлесіне тиген. Шумерлер сына жазуын ойлап табумен қатар, оның жетілген оқулықтарын, грамматикасын жaсады. Шумер елінде мектептер мәдениет пен білім ошағына айналды. Бір таңқаларлық жағдай дінтану оқу бағдарламаларына енгізілмеген. Оқушылар негізгі пәндер — шумер тілі мен әдебиетімен қатар, математика, астрономия, грамматика сияқты ғылым салаларын оқумен шұғылданған.Адамзат қауымының тұңғыш әдебиет үлгісі, сына жазу арқылы бізге келіп жеткен даңқты «Гиль-гамеш туралы аңыз» қасиетті шумер елінде дүниеге келді. Бұл тамаша дастанда адам өмірінің мәні мен маңызы туралы мәселе көтеріліп, өлім мен өмірдің арақатынасы жайында фәлсафалық толғаулар айтылады.