Көркем мәтін қабаттарын сипаттаңыз.
Көркемдік қабылдауды психологиялық тұрғыдан зерттеудің талабына сай келетін – көркем мәтінді «сатылап талдау»әдісі болып табылады. Неміс философы Н. Гартман көркем шығарманы «сатылап» талдай отыра, онда тілдік құрылым қабатын, кейіпкердің іс – әрекеті қабатын, характерлер қабатын және идеялық мазмұн қабатын көрсетеді. Поляк эстетигі Р.Ингарден де поэтикалық шығарманы сөздің дыбысталу қабатынан, сөздердің көптекістегі беретін мағынасы қабатынан, заттық қабаттан (шығармадығы көрсетілген заттық болмыс), «көріністер қабатынан», көркем мәтіндегі астарлы ой және сезімдік – элюционалдық көріністер қабатынан тұратынын көрсеткен. «Сатылап талдау» кезінде көркем шығарма көп сатылы біртұтас жүйе ретінде қарастырылады. Жалпылай келе, көркем мәтіннің мынадай қабаттарын көрсетуге болады: 1) Табиғи тіл қабаты; 2) Суреттелетін фактілер қабаты; 3) Идеялық – мазмұндық қабат. Соңғы қабаттың ішіне автордың тарихи, дүниетанымдық, адамгершілік позициясы және қоршаған ортаны түсіну, сезіну ерекшелігі кіреді. Тәжірибесі аз немесе эстетикалық жағынан қалыптаспаған оқырмандар жалпы мазмұнның кейбір ғана қабаттарын алады да басқа – жоғарғы сатылы қабаттарға үңілмейді. Мұндай оқырмандардың қиялы мен елестету қабілеті жақсы дамыған болса, олар шығармадағы фактілер қабатын (кейіпкерлердің іс – әрекеттері, оларды байланыстырушы өмірлік қарым қатынастар мен сезімдер, т.с.с.) өте жақсы құрай алады. «Ассоциация қорының» молдығы және мазмұндылығы оқырманның өмір тәжірибесіне, жоғары мәдени дәрежесіне, гуманитарлық мәселелерге қызығушылығына және әр түрлі жазушылар шығармашылығындағы идеялық – көкемдік концепцияларынан хабардар болуына байланысты. Көркем мәтін дегеніміз – күрделі жүйе. Идеялық мазмұн жүйенің ең жоғарғы сатысы бола тұра, ол осы жүйенің әр сатысынан көрініс табады. Дегенмен, көкем шығарманың ең жоғарғы сатысын қабылдау кейде қиынға түседі. Автордың ұстанымын қабылдау фактілері қабатын түсінуден (мысалы, кейіпкерлердің қылықтарының, іс – әрекеттерінің мәнін түсіну) кейін оңайырақ та, стилистикалық, тілдік ерекшеліктерін түсінуден кейін қабылдау қиынырақ болып табылады. Соңғы кезде көркем мәтіннің құрылымы туралы эстетикалық түсініктер семиотика саласының бірқатар ұғымдарымен толыға түсті. Көркем шығарма тілін туынды, яғни негізгі емес модельдік жүйе ретінде қарастыру – эстетикалық қабылдау психологиясы үшін өнімді тәсіл. Көркем бейне – нақтылық пен жалпылықтың бірлігі. Дегенмен, адекватты эстетикалық қабылдау үшін тек мәтіннің негізінде нақты бейнелердің тууы жеткіліксіз. Олар оқырман түсінігінде көркемдік – идеялық мазмұнның бір қыры ретінде қалыптасуы қажет. Оқырман үшін ең қиыны – осы. Егер шығармадағы суреттелетін болмысты қабылдау оқырманда кейіпкермен бірге ойланып – сезінуді, оның бейнесі мен өз ойының үндесуі сезімін тудырса, оқырман мұны шығарманың идеялық мазмұны ретінде қабылдайды. Сондай – ақ туындының көркемділігінің көрсеткіші ретінде оқырмандардың көбі «жазылған дүниені түсінуді» санайды. Бірақ мұндай жағдайда шығарманың идеялық мазмұны оқырман үшін белгісіз болуы мүмкін. Сондықтан, эстетикалық қабылдау үшін бейнеленген нәрсені айқын елестете алу жеткіліксіз. Осындай елестету әрқашан көркем елестету, яғни эстетикалық құндылықты көрсететін образдық жалпылау бола алмайды. Яғни, эстетикалық қабылдау үшін көркем шығармадағы құбылыстарды, болмысты елестету жеткіліксіз. Бұл – көркемдік елестету, көркемдік сезіну болуы тиіс. Яғни көркем мәтін қабаттарын ой желісінен өткізу үшін «өзіңде барды өзгеге ұсыну, өзгенің өнегесін бойға дарыту» ұстанымын дұрыс ұғынған жөн.