Сұлтан Қожықовтың шығармашылығы
Сұлтан Қожықов шығармашылық жолын қазақ драма театрының суретші-безендірушісі ретінде 1932 жылы бастаған еді. Бұл кезде ол он сегіз жаста ғана болатын. Он тоғыз жасында «Еңлік-Кебек» спектаклін безендірді. 1941 жылы соғысқа аттанған ол республика үкіметінің шақыруымен тез арада кері оралып, Мәскеуден Алматыға кө-шірілген Біріккен орталық киностудияда киносуретшілік кәсібін бастады. Қожықов әйгілі режиссер Григорий Рошаль түсірген «Абай әні» фильмін жасауға, өзге де алғашқы қазақ киноларына тікелей атсалысты,
Қ.Қожықов ұлттық кинемато-графияның алтын қорына енген, жоғарыда аталған көптеген киноленталардың қоюшы-суретшісі болды. «Қыз Жібек» фильміне көшпенділердің өмірін кеңінен қамтитын алғашқы эскиздерді жасады. Акварель мен қарындашты қолданып, сұлу Жібек пен ержүрек Төлегеннің киімдерін бейнеледі. Замана көріністері мен киіз үйді, оның жасауын көрсетуде этнографиялық мағлұматы молдығын байқатты. Кино өнеріндегі тұңғыш ұлттық қоюшы-суретші ретінде Абдолла Қарсақбаев, Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов және басқа да шеберлермен тізе қоса жұмыс істеді. Сондай-ақ, Құлахмет Қожықовтың республикамыздағы тұңғыш қолданбалы өнер мұражайын ұйымдастырудағы сіңірген еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ол жастайынан жинақтаған мол білімі мен бай тәжірибесі арқасында «Қазақтардың қолөнері» деген ғылыми-танымдық фильмнің сценарийін жазып, 1957 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаевпен бірге фильм түсірген-ді. Ұзақ жылдар бойы халық қолөнершілерінің туындыларынан жинаған коллекциясының негізінде 1970 жылы Алматыда Республикалық ұлттық қолданбалы өнер мұражайы ашылғанда, оның директоры болды. Құлахмет Қожықов 1914 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген.
Суретшінің әкесі Қоңырқожа Қожықов ағартушы-педагог, мәдениет зерттеушісі болған. Анасы Латифа Мұңайтпасқызы Қожықова – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сахна безендіруші, ұлттық киім тігу шебері. Қазақ бұлбұлы Күләш Байсейітова 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде Латифа апай арнайы тіккен костюммен Үлкен театр сахнасында Қыз Жібектің ариясын шырқады. Ол 1944 жылы Қазақстан Республикасы үкіметінің мемлекеттік тапсырысымен АҚШ президенті Франклин Рузвельтке сый ретінде ерлердің салтанатқа киетін костюмін тікті. Осындай шығармашылық отбасында өскен балалары Қожахмет, Нұрахмет, Құлахмет өзіндік қолтаңбаларымен өнер тарихына енген дарынды суретшілер болса, Сұлтанахмет киноклассикаға айналған «Қыз Жібекпен» қатар өзге де тамаша фильмдер түсірген кинорежиссер ретінде танылды. Қазақстанның тарихы мен өнерінде Қожықовтар әулеті жарқын із қалдырды. Өкінішке қарай, қазақ мәдениетіне төрт бірдей үлкен тұлға сыйлаған бұл әулеттің өмірі мен өнер жолы туралы қалың көпшілік егжей-тегжейлі біле бермейді. Атақты режиссер С. Қожықовтан басқасы әлі күнге дейін жұртшылыққа етене таныс емес.