ҚЫТАЙЛАР ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГЕОСАЯСАТЫН ӨЗДЕРІНШЕ ПАЙЫМДАП ЖҮР

Қазақ елі егемендігін алып, алыс-жақындағы шетелдермен тең дәрежеде дипломатиялық қатынастар орната бастағанына да ширек ғасыр болды. Солардың ішінде айрықша маңызы бар мемлекет — шығыстағы көрші Қытай елі. Жоңғар хандығы біржолата жойылғаннан кейін 1755-1760 ж.ж. аралығында екі ел шығыс жақтағы шекарасын тұрақтандырса, екінші реткі шекара айыру патшалық Ресей билігіне бағынышты болып тұрған 1860 жылдар кезінде орын алған. Арада ғасырдан астам уақыт өтіп, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Қытаймен ресми түрде дипломатиялық қатынастар орната бастады. Қазірге дейін тату көршімен арадағы алыс-беріс күн санап артып келеді. Осынау қарым-қатынастардың даму беталысы туралы ел іші-сыртындағы сарапшылар неше түрлі болжамдар айтуда. Бүгінде ел көлемінде 30-ға жуық Орта Азияны зерттеу институттары жұмыстарын жүргізіп жатыр. Солардың сараптамалары негізінде «Ресей және Орта Азия елдері», «Орта Азия хабарлары» сынды журналдар мен көптеген сайттар біздегі қылт еткен жаңалықты іліп алып, өз оқырмандарын құлағдар етуден жалыққан емес. Барлығында қытайлық ұстаным мен өлшемді ғана басты орынға қоятын қытайлар әлемдегі алпауыт елдердің өзіне Қытайдың көзімен қарайды. Әрі бұл туралы түрлі болжамдар, болашақ стратегиялық жоспарлары мен «Қытай арманын» ғаламтор беттерінде ашық жазуға көшті.

Сондай сараптамалардың ішінен Қазақстан туралы жазбаларды да көптеп кездестіруге болады. Солардың біреуін осы мақаламызға арқау еткелі отырмыз. Аты-жөнін толық жарияламаған әлдебір саясаткер «Қазақстан Ресейден айырылғысы келмейді» деп баға беріпті. Тақырыпты осылай бастаған «данышпан» сөз түйінін «Путиннің идеясымен құрылған еуразиялық одақтан» бастап: «Қазақстан орыстар мен белорустар секілді ортақ мәдениет пен туыстығы болмаса да, аталмыш одаққа белсенді түрде мүше болды. Бұл қазақтардың неше жүз жылдық орыс отаршылдығында түгелдей ассимиляцияланып кеткендігінен емес, қайта, кең-байтақ территориясы мен мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін болып отыр. Десе де, сырт көзге Ресейдің «өмірлік досы» болып көрінгенімен, қазақтар ішкі жақта ақырындап қазақ ұлтшылдығын биікке көтеру арқылы онда тұратын орыстардың кеңістігін тарылтып келеді. Қазір онда Кеңес одағы кезіндегі орыстардың 3/1 ғана қалды», — деп «күйініш» білдіріпті. Мұнан әрі: «Қуаты күн санап әлсіреп, айбарынан айырылып бара жатқан Ресей қаншалықты төмендесе де, Қазақстанға әмірін жүргізуге толық қауқарлы», — деп бір-ақ кесіпті. Бұдан кейін автор Қазақстанның ішкі географиялық жағдайына кеңінен тоқтала келіп: «Сібір жазығының шеті болып саналатын солтүстіктегі ылғалды жазық аймақ, оңтүстік шығыс бөліктегі таулы алқап (аңғары Жетісу өңірін меңзесе керек) және Каспий жағалауы сынды үш бөлікке бөліп алып, бұл аумақтардың бір-бірімен байланысын «аса тығыз емес, бөлініп кету қаупі қашанда төніп тұрады» деп салыпты. Сондағы қорытқаны — «солтүстіктегі ылғалды жазық өңір кезінде Ресейдің меншігі еді. Бұл жерлерге патшалық Ресей немесе Кеңес одағы кезінде орыстар көптеп қоныстанған.

Сондықтан бұл өңірге орыс мәдениеті мықтап орнықты, қазірде Ресейдің іргесінде жатқан астықты алқапта орыс ықпалы басым. Ал оңтүстік шығыс өңірде тарихтан бері ислам өркениеті тамыр тартқан, бұған қосымша, қазіргі күнде Алматыны орталық еткен бұл жаққа Қытай мәдениеті дендеп келеді. Каспий жағалауындағы шөлейтті жерлердің табиғаты жайсыз болғанымен, жаратылыстық байлығы мол. Бұл мұнайлы алқапта батыстың ықпалы едәуір жоғары. Онда жұмыс атқарып жатқан АҚШ компаниялары, сонымен қатар басқа да еуропалық компаниялар бар. Қазақстанның осынау үш бөлігінен басқа аумақтарының климаты қолайсыз, шөл аймақтарға жататындықтан, ол жерлерінен ел экономикасына пәлендей пайда келеді деу қиын. Бұдан да маңыздысы — жоғарыдағы айтылған үш өңірдің аралығында оларды бір-бірімен тығыз байланыстырып тұратын экономикалық және мәдени байланыстар қою емес. Сондықтан бұл өңірлердің бөлініп кету қаупі басым. Кеңес одағы кезінде Мәскеудің қатал пәрменімен сақталып тұрған бұл аймақтардың шынайы жағдайы әлі де болса бір тегеурінді сыртқы күштің ықпалына мұқтаж», — деп «тарқатыпты».

Бұдан кейінгі жерде мақала авторы бізге «шығар жол» нұсқап, стратегиялық бағыт «сілтеген» екен. «Географиялық жағдайы қолайсыз, жан саны шағын, жері кең Қазақстан көшпенді өмірге қайта оралуды қаламасы белгілі. Ендігі бағыт елді индустрияландыру болмақ.

Барлық жағынан Ресейдің шылауында тұрған қазақ елі, халықаралық ықпалдастықта да Ресейге арқа сүйеп жүр. Соңғы кездері АҚШ, Қытай секілді алпауыттардың да тілін табуға бет бұрып келеді. Алайда Ауғанстан мәселесі жөнінде Ресеймен бір майданда болғандықтан, АҚШ-тың Орталық Азияға ірге кеңейту жоспары мысық табандап қалды. Десе де Қазақстан, АҚШ-пен де ынтымақтастыққа мүдделі. Ал экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытаймен арадағы байланысы тереңдеп келеді. Қазақстан көздеп отырған АҚШ, Ресей, Қытай сынды елдермен болған үш жақтылы байланыстың да қазақ мемлекетіне тигізер ықпалы зор. Шығыстан кіретін ханзу мәдениеті, солтүстіктен ықпал ететін орыс мәдениеті, тарихтан келе жатқан ислам өркениеті мен батыс мәдениетін қазақтар ұтымды пайдаланып, өзіндік даралыққа ие қазақстандық жолға түсе алса, онда мемлекеттің дамуына оң ықпалын тигізері даусыз. Ал керісінше болса, соңғы нәтижесі ыдыраумен аяқталары анық. Егер Қазақстан өзінің ішкі географиялық құрылымын бір-бірімен тығыз байланыстыра алса, орнықты дамуға қол жеткізері сөзсіз.

Таяу болашақты болжағанда, жағдайлары қиындап бара жатқан Ресей мен ислам әлемінен қазақ еліне пайда келуі қиын, сондықтан Қытай, АҚШ, орталық Еуропа елдерімен болған ынтымақтастық қана тың нәтижелерге жетелеуі мүмкін, бұл тұрғыдан қарағанда, қазақ жері Қытай мен батыс мәдениетінің тоғысатын аумағы болып қалмақ. Алайда территориялық тұтастығы үшін болса да табиғи байлықтарын сатумен күнін көріп отырған Ресей сынды бақталасынан да қол үзіп кете алмайды…» — деп, біраз жерге «көсілген» автор сөзінің соңында Қазақстанның жалпы жағдайында оң өзгерістердің орын алып жатқандығын Қытай елімен болған қарым-қатынасының «жемісі» екендігімен байланыстырып тоқталыпты.

Кезінде «Әскери істер талқысы» журналының кезекті нөмірінде қазақ елінің әскери қуатын «жіліктеп», Орталық Азия аймағындағы дәрменсіз елдердің біріне балаған зерттеусымақтарын да көрген едік. Ұзын-ырғасын қазақшаға аударып, оқырман назарына ұсынған болатынбыз. Ол жазбаларда да: «Қытайдың шектен асқан әскери қуаты Қазақстанды толығымен жаулап алуға толық жетеді», — деп көпірген еді. Ал мына жазбаның айтқысы келгені «алыс-жуықтағы ағаларсыз» қазақ елінің күні қараң дегенді ескертпек сынды.

Ерқазы Сейтқали