Көше тазалаушы қалай миллионер болды?
Миллионер» деген сөзді естігенде ең алдымен көз алдымызға «Мерседес» автокөлігі бар, үйі үш қабаттан кем емес, жақсы орынтаққа жайғасқан адам елестейді. Және көп жағдайда мұндай жандардың ұл-қыздары ата-ана тәрбиесін көрмей, жағымсыз қылықтарымен жиі көзге түсіп жататыны жасырын емес. Алайда, қытайлық Ю Южен есімді миллионер әйелдің өмір сүру қалыбы мүлдем өзгеше. Тіпті, өзгелерге үлгі боларлықтай.
Ю Южен (Yu Youzhen) Қытайдың Ухань қаласында тұрады. Миллионер. Тұрғын үй саласында жеке кәсібі бар. Яғни, ол 17 қымбат пәтердің иесі. Мұнысына қарамастан Южен соңғы он-он бес жылдан бері көше тазалаушы болып жұмыс істейді. Иә, қарапайым сыпырушы әйел.
Мұндай қадамға миллионер ең алдымен балаларын тәрбиелеу үшін барыпты. «Өмірдің соңына дейін жететін дүниесі болса да балаларым ауыр еңбектің дәмін татса деймін. Ұлым мен қызым бар. олардың жатыпішер болғанын қаламаймын» дейді Ю Южен.
Ол күніге таңғы 3-те оянып, сыпырғысымен көшеге шығады. Еңбегі расында да ауыр. Ал, бұл жұмысы үшін алатын айлығы 1420 юань немесе шамамен 230 АҚШ доллары. Отбасында осыншама дүниесі бола тұра Юженнің балалары да еңбекке жегілген. Ұлы – жүргізуші. Айына табатын табысы 2000 юань (320 доллар). Ал, қызы болса кеңсе қызметкері және табысы да жаман емес – 3000 юань (480 доллар).
Міне, қытайлық миллионердің күнделікті өмірі осылай өтіп жатыр.