Ғалымдар ғажайыптары
Австриялық психолог, психиатр, невролог, психологиялық талдаудың негiзiн қалаушы Зигмунд Фрейд 62 санынан өлердей қорқып өтiптi. Әсiресе, жолға шығар сәтте “қонақүйден 62 санды бөлме тиiп қала ма?” деген үрей бойын билеп алады. Өле-өлгенше бұл қорқыныштан арыла алмаған. Ол да сол кездегi замандастары секiлдi кокаин қабылдапты.
Фрейд өзiнiң сүйiктi қарындасына “Менi таңда немесе пианиноны таңда” деп шарт қойыпты. Сөйтiп, кенже қарындасының пианиносының көзiн құртып тыныпты. Оған себеп: музыкаға не таланты, тiптi есту қабiлетi де болмаған. Музыканы жек көретiнi соншалық, оркестрi бар мейрамханалардан ұдайы қашық жүрген.
Фрейд өзiмшiл адам болыпты. Әйелiне үйленбей тұрып-ақ төркiнiмен ешқашан араласпауын, егер олармен қарым-қатынасы барын естiсе, екеуiнiң айырылысатынын айтқан. Әйелi атақты психологты қатты жақсы көрсе керек, Зигмундтың айтқанын қалт етпей орындаған. Туыстарымен араласуды қойған.
Авиценна
АВИЦЕННА
Абу Али Хусейн ибн Абдаллах Ибн Сина әлемге Авиценна деген атпен белгiлi. Әйгiлi ғалым көп жазған, көп еңбектенген, бiзге оның 240 кiтабы ғана жеттi. Ол тек дәрiгер, фармацевт қана емес, астрономия, философия, геология, поэзия және т.б. салаға зерттеу жүргiзген. Ол 57 жасында қайтыс болды. Бiрақ оның өмiрi мен дарыны осы уақытқа дейiн аңыз болып келедi.
Авиценна 17 жасқа толғанда-ақ дәрiгер ретiнде атағы елге мәлiм едi. Бiрде Бұхар әмiрi қатты ауырып қалады. Науқастарды емдегенi, олардың жазылып кеткенi туралы естiген әмiр Авиценнаны шақыртады. Ел арасында әртүрлi алып-қашпа әңгiме тарайды: “Оның ем-домы тек қара халыққа ғана арналған. Әмiрдi жаза алмайды” десе, ендi бiрi: “Әмiрдi ауруынан жазу үшiн әмiрдей болу керек” дейдi. Кiмнiң аузына қақпақ боларсың?! Жас дәрiгер Бұхар әмiрiн емдеген соң, ол ауруынан құлан-таза айығып шығады. Әмiр: “Не сұрасаң да беремiн!” дейдi. Авиценна оған ештеңенiң қажетi жоғын, тек қана әмiрдiң жеке кiтапханасынан кiтап алып оқуға рұқсат беруiн сұрайды. Әрине, оған әмiр келiседi.
Бұхара әмiрiнiң бұл үлкен кiтапханасы бiрнеше жылдан соң өртенiп кетедi. Өртеген – билiкке қарсы шыққан, ашынған халық. Өкiнiшке қарай, Авиценнаны көре алмайтындар, оның жетiстiгiне қызғанатындар өрттi ғалымнан көрдi. “Авиценна ешкiмнiң ол кiтаптарды оқығанын, өзi секiлдi бiлiмдi, дана болғанын қаламағандықтан өртедi” дестi.
Гиппократ
ГИППОКРАТ
Ежелгi грек дәрiгерi, көне медицинаның реформаторы Гиппократ ауруды туғызатын – май деп есептедi. Сондықтан өзiне емделуге келетiн науқастарға алдымен ем-дәм (диета) ұстауға кеңес бередi. Ал өкпесi ауыратындарға Везувия етегiнде дем алуға жiбередi. Себебi, “ол жердiң ауасы өзгеше” деп есептейдi ол. Және “алоэ – емдiк қасиетi бар өсiмдiк” дейдi. Тiптi, алоэ өсетiн Үндi аралындағы Сокотроны жаулап алу керек дегендi де Гиппократ айтқан.
Булгаков
МИХАИЛ БУЛГАКОВ
Әдебиетке келмей тұрып, Булгаков медицина университетiн тәмамдаған. 1916 жылы студенттердi ауылдық жердегi ауруханаларға жiбередi. Ал Михаил Афанасьевич пен оның әйелi Татьяна Смоленскiнiң бiр ауруханасына тап болады. Ерлi-зайыптының бiрiншi күнгi кезекшiлiгiнде босанатын әйелдi алып келедi. Әлгi әйелдiң күйеуi жас Булгаковқа тапаншасын кезеп: “Өлсе, сенi атып тастаймын”, – дейдi. Бiр қызығы, Булгаковтың зайыбы Татьяна гинекологиялық кiтап арқылы Булгаковқа не iстеу керегiн тез-тез оқып бередi. Ал жазушы кiтаптағы нұсқауды айна-қатесiз орындап, жас келiншектi аман-есен босандырып алады.