Әлемдегі мықты дуэттер
Екі түрлі дауыста орындалған ән әсерлі шығатыны анық. Бұған дәлел – өнер әлемінің тарихындағы әндері жүрекке жеткен дуэттер. Атап айтсақ, Ұлыбританиялық әнші қыздардан құралған «Lips» дуэті өз дәуірінде үлкен ілтипатқа ие болған. Продюсері - Стэнли Лауден (Stanley Lowden). 70-жылдары құрылған бұл дуэтті танымал қылған «Hubble-Bubble» әні. Дәл осы әнмен Польшада өткен SOPOT-77 музыкалық конкурсында 2-ші орын алған. Өкінішке орай, топ құрамындағылардың жиі ауысуы, әндердің халыққа өтімсіз болуы дуэттің ыдырауына себеп болып, ХХ ғасырдың 80 жылдары "Lips" дуэтінің өнер теңізіндегі ағысы тоқтайды.
Ал 1967 жылы құрылған Аль Бано мен Ромина Пауэрдің отбасылық дуэті әлі күнге дейін өз биігінде. Олардың «Sharazan», «Felicità», «Ci Sarà», «Libertà» әндері үлкен сұранысқа ие болған-ды. Әсіресе, «Felicità» әні әлемнің түкпір-түкпірінде орындалды. Тіпті, қазір де бұл әннің тыңдаушылары табылады. Өмірде табысып, өнерде бағы жанған бұл дуэттің тоқырауы отбасылық қарым-қатынастың шиеленісуінен болды. Бірақ өмірдегі жолдары екіге айырылғанымен, сахнада бірге өнер көрсетіп жүр,
80-жылдары жұлдызы жарқыраған дуэттердің бірі – «Оттаван» дуэті. Франциядан шыққан бұл өнерпаздардың үлесіне әлемдік хитке айналған «Hands Up (Give Me Your Heart)», «You’re OK» өлеңдері тиесілі. Тіпті, «You’re OK» әні үнділердің белгілі Митхун Чакраборти ойнаған «Танцор диско» фильмінің сәнін келтірді. Осы фильмде «Jimmy Jimmy Jimmy Aaja» деген атпен әннің хинди тіліндегі нұсқасын Парвати Хан орындаған болатын.
1984 жылы құрылып, 3 жылдан кейін тарап, кейін 11 жылдан соң қайта құрылған «Modern Talking» - Германия азаматтарынан құралған дуэт. Дуэттің жұлдызды шағы «You're My Heart, You're My Soul» әнінен басталды. Сол сәттен бастап бұл жігіттердің әндері де, өздері де талай арулардың жүрегін жаулады. Сондай-ақ, «Cheri, Cheri Lady» «You are not Alone» сынды әндері де "суперхитке" айналды. 2003 жылы дуэттің тарағанын ресми түрде жариялап, соңғы концерттерін береді, Алайда 2014 жылы «Modern Talking»-тің 30 жылдығына арналған ән жинағы шыққан болатын.
Ресейлік дуэттердің ішінде «Чай вдвоём» дуэті 90-жылдары халықтың ықыласына бөленді. Сондай-ақ қыздардан құралған «Тату» дуэтінің де бір кездері аты шарықтаған еді. Қазіргі таңда қос дуэтте өз өмірін тоқтатқан. Топ құрамындағы әншілер жеке-жеке өнер көрсетіп жүр,
Ришат және Муслим Абдуллиндер – Қазақстанға жаңа серпін әкелген дуэт. Олар – вокалды дуэт жанрының алғашқы орындаушылары. Ал, Қазақстанға ғана емес, бүкіл ТМД елдеріне белгілі «Мюзикола» дуэтінің мүшесі Карина Абдуллина – Ришат Абдуллиннің немересі. Қанға сіңген өнер деген осы...
Атап өткен дуэттердің қай-қайсысы болмасын үлкен атақ-даңққа ие. Өйткені олар - "дуэттердің" үздігі.