Математикалық дәмхана

“Математикалық дәмхана ” атты сайыс.
Мақсаты:
Білімділік: Білімге деген көзқарасын қалыптастыра отырып, математика пәніне деген қызығушылығын ояту.
Дамытушылық: Оқушылардың математикалық ой - өрісін дамыту.
Тәрбиелік: оқушыларды алғырлыққа, шапшаңдыққа, ізденімпаздыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: ойын тақырыбына байланысты плакат, математикаға байланысты нақыл сөздер, үлестірмелі карточкалар.
Пәнаралық байланыс: Қазақ тілі, бейнелеу.

Ойын барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі: ойын шартымен таныстыру, қатысушыларды анықтау.
II. Ойын жоспары: Командаларды таныстыру, сайыс тапсырмалары:
Ас мәзірі:
«Мәңгі ұмтылмас» салаты
«Математикалық винегрет»
«Біздің столдан сіздің столға»
«Тез пісер» атты қаймақ қосылған борщ
«Рагу»
«Математикалық рулет»
«Қаймақпен көпіршіктелген балмұздақ»
«Мерекелік шашу торты»
«Мезим»

III. Жеңістерді анықтау, марапаттау.
Сайыс барысы:
Сәлеметсіздер ме оқушылар!
Нақты білімге қызығушылар
Естігенін естіп тұрып,
Оқығанын миға тоқушылар.

Сәлеметсіздер ме ұстаздар!
Айтар ойын тұспалдар.
Біз оқытқан оқушылардың,
Сәті келді сыналар.

Есепті түрлі – түрлі шығарамыз,
Арасында ойын ойнап жарысармыз.
Ойлы сұрақ, жеңіл сұрақ бәрі де бар,
Әзіл есепке бүгінгі кеште де орын бар.
Олай болса, бұл не тұрыс,
Кешімізді біз бастайық.

Әділ бағаға қалтасы толы,
Әділ – қазыларды ортаға шақырайық!
(Әділ – қазы алқасымен таныстыру)
Сіздерден кафенің «Бухалтерлік мекеме» - деп аталатын бөлмесіне жайғасуларыңызды сұраймыз!
Сонымен қатар есепшілер: Есепшілерді таныстыру.
Қымбатты математика жанкүйерлері мен осы залға жиналғандар! Сіздерге осы ойынға қатысушылар атынан қатал да, қатесіз математикалық сәлем!
Математика – бұралаңсыз нақты ілім,
Үйрететін бақыт тілін, бақ тілін.
Айдыныңда сүңгіп, сүңгіп жүзсең бір,
Тарқалмайды қуаныш пен шаттығын – деп

Мектебімізде өтіліп жатқан «Математикалық дәмханаға» хош келдіңіздер демекпін! Біздің дәмханамызда бүгін математиканың алғырлары, тапқырлары білімдермен сынасады. Осы кафенің ашылуына орай арнайы шақырылған меймандарымыз бар ендеше, олармен таныс болыңыздар!
Жиналған ылғи дарындар,
Жүректе от көздерінде жалын бар – дей келе,
ортаға кішкентай қонағымыз 5 «в» сыныбындағы «Квадрат» тобын халайық,
Қол соғып қарсы алайық!
Үлгілі тәртіп, жақсы оқу,
Алға қойған мақсатын.
Әрқашанда мектепте,
Шығып жүрген жақсы аты – деп
6 «ә» сынып оқушыларынан құралған «Үшбұрыш» атты тобын ортаға шақырамыз!

Асып әсте саспайтын,
Батыл қадам бастайтын.
Еркін билеп барынша,
Жарыстан сірә қалыспайтын – деп ортаға 7 «б» сыныбы «Трапеция» тобын шақырамыз!

Құрметті кафе қонақтары! Өздеріңізге арнайы әзірленген столдарға жайғасыңыздар. Өздеріңіздің үйлеріңізде отырғандай еркін сезініңіздер!
Сондай – ақ бұл кафеде математиканы сүйіп оқитын, оның қыр – сырын меңгеруге құлшынысы бар барлық математика жанкүйерлеріне де орын бар. Сіздер әрқашан біздің кафенің таңсық тағамдарына тамсанып, сіздер қызықты да мазмұнды уақыттарыңызды өткізесіздер деген сенім білдіремін! Кафе мәзірінен колориялы тағамдармен қатар, ыстық және суық тағамдарды, сонымен бірге тіл үйіртетін, мәңгі есіңізден кетпес, дәмімен денеңізді балқытатын десерт пен сусындарды таба аласыз. Сонымен бірге біздің кафеде өз қызметін, ас мәзірін ұсынатын даяшылар мен бармендер әрқашан да сіздердің қастарыңыздан табылады. Ендеше, астарыңыз дәмді болсын!

Құрметті кафе қонақтары! Сіздер қандай қонақ екендеріңізді, қандай тілде сөйлесетіндеріңізді білгіміз келеді, және де осы ішкен астарыңыздың ақысын қалай өтемексіздер! Ендеше, өздеріңді таныстырып өтсеңіздер!
Бұл бөлімде таныстырумен қатар, әр топ өздерінің тобымен таныстыра отырып, өздері дайындаған газет немесе буклеттерін таныстырып өтуі тиіс.
Сонымен, ортаға: (әр топ өздерін таныстырады)
Таныстыру сайысы бойынша сөз кезегі әділ – қазы алқасына беріледі. Ал, ендеше құрметті көрермендер! Нақты сайысымызды бастайық!

1 – сайыс: Құрметті кафе қонақтары! Біз сіздерге кафенің аспаздары әзірлеген сұрақтар соусынан тұратын «Мәңгі ұмтылмас» салатын ұсынамыз.Бұл салат сіздердің бойларыңызға жағымды сіңуі үшін командаларға кезектесіп сұрақтар қойылады. Егер бір команда сұраққа дұрыс жауап бере алмаса, онда басқа команда жауап беру құқығына ие болады. Дұрыс жауап бір балмен есептеледі.
Сұрақтар:
5-сынып: Ол оқушы құралы,
Қатені түзетіп тұрады. (Өшіргіш)

6-сынып: Ағаш үстінде 100 торғай отырады. Аңшы 10 торғайды атып алады. Торғайдың қаншасы қалады? (10 торғай)
7-сынып: Математик, дәрігер, ақын, музыкант, екінші Аристотель атанған шығыстың ғұламасы кім? (Әл - Фараби)
5-сынып: Балаларды жазалау үшін қандай геометриялық фигура қолданылады? (бұрыш)
6-сынып: Қар жауғанда жауатын ақшақардың формасы қандай фигураға негізделген? (алтыбұрыш)
7-сынып: 1 т мақта ауыр ма, 10ц темір ауыр ма? (тең)
(Әділ – қазы бағасы)

2 – сайыс: Қадірменді қонақтар сіздерге келесі кезекте «Математикалық винегрет» ұсынылады. Даяшылар ұсынған астан алып отырыңыздар! Сіздерге ұсынылған тағамда бейнеленген геометриялық фигуралар қандай да бір әріпке сәйкес келеді. Қоршауда тұрған фигуралардың орнына осы әріптерді қойсақ қандай сөз шығады екен? Ол нені білдіреді? Жауап іздеп көрелік. Кім тапқыр? Ойлануға 1 минут уақыт беріледі. (Математика ми гимнастикасы)
Сайыскерлер жауап бергенше: Кезекті үй тапсырмасы ретінде берілген қызықты қойылымдармен КВН-ге берелік.

Ортаға 5-сыныптың «Топ қояйық!» көрінісін тамашалаңыздар! Енді әр топтың жауабын тыңдалық. 2-сайыс қорытындысы бойынша әділ-қазы алқасына берелік.
3 – сайыс: Келесі кезекте әр команда өздерімен кафеде бірге көңіл көтеріп көрші столда отырған адамдарға ас сыйлауы керек. Ол сыйлық - «Біздің столдан сіздің столға» деп аталады. Бұл ұсынылған астан алу үшін әр команда үй тапсырма ретінде әзірлеп келген қызықты да тартымды сұрақтарын кезектесіп қоюы керек. Есепшілер 1-3 сайыс бойынша қорытындысын шығарғанша 6-сынып «Нан туралы шығарма» атты көрінісін тамашалаңыздар!

4 – сайыс: Ендігі кезекте сіздерге кім үлгерсе, сол ішер дегендей біздің аспаздар «Тез пісер» атты қаймақ қосылған борщын ұсынады. Оқушылар ұсынылған астан алып отырыңыздар! Ол үшін орны ауыстырылып берілген сөздерден математикаға байланысты сөздер құрастыру керек. Ойлануға 3 минут уақыт беріледі.
Сөздер: уткабура(кубатура), имртеиямс (симметрия), келшөб(бөлшек), гарифу (фигура), картвад (квадрат), акрофитамни (инфарматика).
Командалар уақыт бітті. Жауаптарыңызды даяшыларға берулеріңіз сұралады! (Даяшылар әділ-қазыға жауаптарын береді)
Сайыскерлердің жауаптарының дұрыстығын қазылар алқасы анықтағанша:
Кезекті үй тапсырмасына берілген 7-сыныптың «Жұлдызбен жүздесу» атты көрінісіне берелік.

5 –сайыс: Қадірменді қонақтар! Келесі кезекте зейін мен ойланудан тұратын әр түрлі тіл үйіртер ащы дәмдеуіштер қосылған «Рагу» ұсынылады. Егер команда бірінші кезектен жауабын тапса, онда оған 15 ұпай беріледі, екінші кезектен тапса 10 ұпай, үшінші кезектен тапса 5 ұпай беріледі. Астан алып отырыңыздар!
1-топқа: Теңдеу.
а/ Бұны орындағың келмесе де, орындайсың, оны білмейтін сияқтысың, бірақ оны білгің келсе, лезде таба аласың. (15ұпай)
ә/ Оның өсімдік сияқты сабағы, тамыры бар ма білмеймін, бірақ онда өсімдікке қажеттісі бар. (10 ұпай)
б/Кей кезде есептер оның көмегімен шешіледі. Кейбір оқушылар оны шеше алмағандықтан шешкісі келмейді. (5ұпай)
2 – топқа: Түбір
а/ Адамдар қатты мазасызданғанда кей кезде дәрігерге барғанда да осы сөзді қолданылады. (15ұпай)
ә/ Ол өсімдіктерде қажет нәрсе аталады. (10ұпай)
б/ Оны табу үшін терең білім қажет. (5ұпай)
3 – топқа: Пифагор
а/ Ол ғалымның фамилиясымен атанған. Ол ғалым оны оқымағандардың өзіне де әйгілі. (15ұпай)
ә/ Онда біз бала кезімізден білетін бір фигура туралы айтылады. Мектепке келгенде ол туралы кеңінен оқимыз. (10ұпай)
б/ Одан біз ол фигураның қабырғалары туралы білеміз. Оны дәлелдеу керек. (5ұпай)
(Әділ – қазы бағасы)
Есепшілер: 3-5 сайыс қорытындысын әзірлегенше өз кезегін

6 – сайысты бастайық: Бас аспазшы ретінде мен сіздерге «Математикалық рулет» атты геометриялық ассорти ұсынамын. Сіздерге ұсынылған ассорти бөліктеріне әр команда 1 минутта фигура құрастыру керек. ( трапеция, параллелограмм,квадрат)
Құрметті даяшылар! Біздің қадірменді қонақтардың тауысқан тағамдарын алып, столды келесі тағам түрін әкелгенше тазалап әзірлеңіздер. Жеген тағамның есебін анықтау үшін бухалтерлік мекемеге тапсырыңыздар.
Бухалтерлік мекеме өз бағасын бергенше көрермендерге де кезек келді:
Сұрақтар қою:
1. Бұл заттың пішіні тік төртбұрыш тәрізді. Ол мектептен қашық тұратын оқушылардың көбінде бар. Мектепке жақын тұратын оқушылардың кей біреуінде де жоқ. Оны сен жай алмайсың. Әр мектепте оны тарататын адам болады. Бұл не? (жол билеті)
2. Бұл зат біреуінің қалтасында, біреуінің сөмкесінде. Бетіңде сандар бар. Ол сан заттар ауысып кетпеу үшін жазылған. Бұл не? (Киім тапсырғанда берілетін белгіше)
3. Бұл құралды әдебиет мұғалімі ешқашан қажет етпейді. Ал математика мұғалімі ешқашан қолынан тастаған емес. Ол өзі ерекше бір зат: өлшеп-өлшеп алып, түр –түрге бөліп тастайды. (транспортир)
4. Онымен ертеректе дүкендерге қолданылған. Әр сатыларында дөңгелек тоқаштар ілінген. Оны қолданғанда өзі сарт-сұрт етеді. Қарапайым калькулятор деп атауға болады. (Есепщот)
Бухалтерлік мекеме өз бағасын беруге әзір екен, ендеше тыңдалық!

7 – сайыс: Енді құрметті қонақтар! Сіздерге «Қаймақпен көпіршіктелген балмұздақ»десертін ұсынамыз.
Ол үшін сіздерге, сандарға байланысты мақал – мәтелдер ұсынылады. Сіздер мақал – мәтелдердегі сандарды дұрыс табуларыңыз керек. Әр дұрыс жауап 1 балмен бағаланады.
5-сынып:
....(екі)жақсы қас болмас, ....(екі) жаман дос болмас.
Досыңды ...(үш) күн сынама, ...(үш) жыл сына.
...(10) рет айтқаннан ...(1) рет көрсеткен артық.
Білгенің бір ...(9), білмегенің ...(99)
Ер қаруы - ...(5) қару.
6-сынып:
Жұмысқа ...(үш) жылда үйренеді, жалқаулыққа ...(үш) күнде үйренеді.
...(6) жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа.
Болар бала.....-інде (15) баспын дейді, болмас бала ...(25)- інде жаспын дейді.
...(бір) елі ауызға -...(екі) қақпақ.
Жерді ....(екі) рет жыртқан, өнімді ...(екі) есе өнім алады.
7-сынып:
Біреуге ...(5) күн алдында келсе, біреуге ...(5) күн кейін келеді.
...(бір) күн тұзын татқанға, ...(40) күн сәлем.
Оқымаған ...(бір) бала, оқыған (екі) бала.
Жақсы жігіт ....-інде (15) де жас емес, ...-ге (100) келсе де пәс емес.
...-ау (6) ала болса ауыздағы кетеді, ...-еу(4) түгел болса төбедегі жетеді.
7- сайыстың қорытындысы бойынша сөз әділ-қазыда.

8-сайыс: Құрметті қонақтар! Кафе әкімшілігі сіздерге әлі де осы кафеден басқа кафелерге кетіп қалмай біздің бас аспазшымыз ұсынған тағамдарды жақсы бағалап отырғандарыңыз үшін өз ризашылықтарын білдіреді. Осы құрметтеріңіз үшін кафе әкімшілігі сый құрмет ретінде. «Мерекелік шашу» тортын ұсынады. Тортты кесуден кім шеберлік көрсетеді екен көрелік? Ол үшін сіздер мерекелік тортты үш кесу арқылы тортта орналасқан жемістер әр бөлінген бөлікте біреуден қалатындай етіп кесулеріңіз керек. Ойлануға 3 минут уақыт.

9-сайыс: Бүгінгі кеште сіздер біздің аспазшылар әзірлеген астардың дәмділігіне риза болып, барлық ұсынылған ас мәзірлерінен бас тартпаңыздар. Кейбір адамдарда қабылдаған астары тез қорытылады, ал кейбірінде іштерін ауыртып мазасыздандырады. Асты көп қабылдаудан іштері ауратындарға, сонымен қатар бүгінгі ас бойларыңызға тез сіңуі үшін сіздерге асқазан үшін таптырмас дәрі «Мезимді» ұсынамыз. Логикалық есептермен жұмбақтар береміз.
1. Егер тырна бір аяғымен тұрса 3кг болады, ал егер екі аяғымен тұрса, оның салмағы қанша? (3кг)
2.Үстел беті төртбұрышты, оның бір бұрышын арамен кесіп алсақ, неше бұрыш қалады? (5бұрыш)
3. Нәрселерді санағанда,
Керек ол бізге ауадай,
Айтыңдаршы, бұл қандай сан,
Жан-жағыңа қарамай? (натурал сан)
4. Жоқ өзінде бас та, қас та, мойын да,
Ұзындығы жазылып тұр бойында. (сызғыш)

Командалар уақыт бітті. Сайысымызды қорытындылағанша
Осыменен бұл қызықты тамамдасақ,
Бұл жайды айтамыз ба жаман болсақ?
Үйрендік білмегенді осы жолы,
Тағы да үйренеміз аман болсақ.
Шынымыз биік болар, білім қусақ.
Өмір деген өнермен үйлеспей ме?
Жадыратар жанымызды ән тыңдасақ.

Құрметті қонақтар! Сіздердің құрметтеріңізге кафе қызметкерлері әзірлеген барлық тағамнан ас тартпай, қадірлі қонақ бола білгендеріңіздің құрметіне және шынында да кафеде отырғандарыңызды сезіндіру үшін мектебіміздің сүйікті әншісі Мүрсәлім Мейірбектің орындауында жандарыңызды жадыратар бір ән ұсынамыз. Қабыл алыңыздар!
Кешіміздің соңғы сәті таяп қалды,
Ал, қазір әділ-қазы сөз алады.
Кешіміздің жеңімпазын анықтап,
Мақтау қағаз, сыйлықтарын тапсырады.
Қорытындылау: Жеңімпаздарды марапаттау, сыйлықтар беру