ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРМЕН ЖҰМЫС

Дарынды балаларды қоғамның ғылыми келешегі ретінде қарап тану үрдісі өте ертеде басталған. Ал ХХ ғасырдың басында дарындылық, оны зерттеу әдістеріне арналған алғашқы ғылыми еңбектер пайда болды.

«Дарындылық » термині «дарын сөзінен шыққан» дамудың ерекше қолайлы, ішкі алғышарттары дегенді білдіреді. Әлі күнге дейін дарындылықтың тура анықтамасы жоқ екендігін атап кеткен дұрыс. Әзірге құрдастарына қарағанда оқуға деген жоғары зеректігі, анық байқалатын ерекше шығармашылық қабілеті бар бала «дарынды бала» саналады.



Балалар дарындылығын дамытуда оның байқау жиілігі, сонымен бірге өсу кезеңі өте қиын мәселе болып табылады. Дарындылықтың байқалуына екі түрлі көзқарас бар: «барлық балалар дарынды» және «дарынды балалар өту сирек кездеседі». Іс-әрекеттің әр алуан түрлеріне байланысты әлеуетті дарындылық көптеген балаларға тән. Ал, асқан дарындылықты балалардың аз бөлігі ғана көрсете алады. Кез келген дарындылық түрінің байқалмау себептері мынадай болуы мүмкін: қажетті білімнің, шеберліктің, дағдының жетіспеушілігі, бала дамуындағы кейбір қиындықтар, мысалы: тұтығу, жоғары әсерленгіштік, тіл табысу өзгешелігі, т.б.

Дарынды балаларды айрықша оқшауландыратын ерекшеліктер – ақыл-ой еңбегіне бейімділік, жоғары зерттеушілік қабілеті мен танымдық мотивация, білімді, жаңа хабарды ұдайы қабылдауға ұмтылыс, яғни, танымдық қажеттілік.

Дарындылық белгілерінің ең белгілісі – оқу бағдарламасын табысты меңгеру және шығармашылық қабілет. Дарынды балаларға табандылық және үлкен еңбексүйгіштікпен бірге жүретін сурет салу, музыка, техника және т.б. арнаулы сабақтармен ерте әуестену тән. Дарындылықты анықтағанда төмендегі факторларды ескеру керек:

Жас ерекшелігі

Тұлғалық ерекшелігі.

Экспериментатордың тұлғалық ерекшелігі.

Дарынды балалармен жүргізілетін жалпы жұмыс жоспары:

1.Дарынды баланы іздеп табу және іріктеу

2.Тереңдетілген бағдарлама бойынша (жеке, топтық, жұптап) оқыту

3.Дарынды балалармен жүйелі түрде қосымша сабақтар өткізу

4.Проблемалық оқыту әдістерін пайдалана отырып оқыту. Ізденіс жұмыстарын (реферат, баяндама, сөзжұмбақтар, ребус, шығарма жазу, өлең шығару, т.б.) өз бетіншеізденіп оқуды ұйымдастыру, дамыту.

5. Мектепішілік және аудандық пәндік олимпиадаларға, конкурс-сайыстарға, ғылыми-практикалық конференцияларға қатыстыру

6.Жаңа педагогикалық технологиялар элементтерін пайдалана оқыту

Адам сүйіспеншілікпен жасайтын ісін ұдайы жетілдіріп, осы іс-әрекет барысында туындаған жаңа ойларын іске асырады. Іс-әрекеттің бала бастамасы бойынша дамуы – шығармашылық болып саналады, елдің интеллектуалды әлеуі мен алға басуының негізі ретінде адам дарындылығы тұқым қуалаушылық пен қажетті әлеуетті жағдайлардың, соның ішінде білім беру жағдайларының да нәтижесі болып табылады.

Адамзат баласының бар мұраты – білім. Қазіргі қоғамда дарынды балалармен жұмыс мәселесі өте өзекті болып табылуда. Әр ата-ана өз баласының жақсы мектепте білім алғанын қалайды. Қоғам мен ата-аналар үшін «жақсы мектеп» деп оқушыларды барлық пәндер бойынша терең біліммен қаруландырып, мектепті аяқтаған соң өзі қалаған жоғары оқу орындарына оңай түс алуы, жоғары білікті педагогтардың қызмет атқаруы, заман талабына сай білім беру құралдарымен жабдықталған, оқушымен жеке тұлға ретінде қарым-қатынас орнатып, тек сабақ берумен ғана шектелмей, қосымша білім беру жүйесінің орнауы, оқушының үш тілде еркін сөйлеуі. Сондықтан, осы аталған талаптарға сай болудың негізгі шарты – «дарынды балалармен» жұмыстың негізгі бағыттарын анықтау, жұмысты жүйелі жүргізу.

Дарынды балалармен жұмыс жасау мұғалімнен үлкен ізденісті, көп еңбектенуді талап етеді. Барлық баланың ерекше қабілетін ашуда психолог мамандардың да зерттеулері маңызды. Ұлы ойшыл Плутарх: «Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді» деген екен. Осы сөзді ескере отырып, балаларды шығармашылыққа баулуда өажымай-талмай еңбек ету әрбір мұғалімнің міндеті.

Дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімнің жеке басының қасиеттері:

- Мейірімді, сезімтал.

-Дарынды балалар психологиясы, ерекшелігін біледі, олардың қызығушылығы мен қажеттілігін сезеді.

-Интеллектуалды даму деңгейі жоғары.

-Қызығушылығы мен икемі кең.

-Педагогикалық мамандығынан өзге де білімі бар.

-Дарынды балаларды оқытумен байланысты түрлі міндеттерді орындауға әзір.

-Белсенді.

-Әзілқой (бірақ сарказм қажет емес)

-Өзінің көзқарасын өзгертуге, үнемі өзін жетілдіруге дайын.

-Өзіндік жеке әлемтану.

-Өмірге төзімді, дені сау.

-Жоғары оқу орнынан кейін дарынды балалармен жұмыс жөнінде арнайы дайындығы болып, әлі де арнайы білімді ашуға дайын болу.

Қазіргі кезде қоғамға қажетті мамандықтар бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, өзінше ерекше ойлау қабілетін, қиындықтан аз күш жұмсап шыға білуді, адамдармен тіл табыса білу өнерін, өзін қоршаған жағдайларға тез икемделгіштікті, сезімталдықты талап етеді. Бұл қасиеттердің барлығы – шығармашылық процестерден бастау алады.

Қазақ педагогикасында шығармашылық тұлғаны дамытудың өзекті мәселелеріарнайы зерттеліп, көлемді еңбек жазылмаса да, жеке тұлғаның шығармашылық қабілетін, қиялын, ойлау белсенділігін, әдеби тілін, тағы басқа қасиеттерін жеке-дара дамыту жайлы ғалымдардың, әдіскерлердің, мұғалімдердің мақалалары, еңбектері жарық көріп тұрады. Алғашқылардың қатарына жан-жақты талант иесі Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегін атауға болады. Мұнда Мағжан Жұмабаев мектепте әдеби қабілеттілікті қалыптастырудың кейбір әдістерін көрсеткен: «бала бір затты суреттей алу үшін сол заттан бала жанында көп әсерленулер болуы шарт» деген. Яғни, «баланың өзінде бар суреттеулерден жаңа суреттеулер жасай алуы қиял деп аталады. Қиял әдемілік сезімін тереңдетеді, құлықты түзейді» деген.

Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғандықтан сабақтарымның қолайлы сәтінде ұтымды уақыт тауып, шығармашылық жұмысқа арнаймын. Осы жұмысымның негізгі түрлерін атасам:

1.Берілген шығармадағы кейіпкерлер портретін жасау, оларды мінездеу.

2.Әңгіменің, ертегінің сюжетін бастап беру, аяқтауды оқушыға тапсыру.

3.Белгілі мақал негізінде әңгіме жазу.

4.Ұйқас ұсыну арқылы өлең шумағын құрастыру.

5.Берілген шығарманың мазмұны бойынша сурет салу.

6.Берілген тірек сөздер, сөз тіркестері арқылы әңгіме жазу.

7.Өлең жазу.

Ұстаз шәкірт бойындағы шығармашылықтың бастау бұлағын ашып, оны суреткердің шығармашылығынан үйренуге жетелеу керек. Әр баланың өз сүйікті жазушысын табуына, оның шығармашылық зертханасына үңілуге, стилін тануға, тілдік қорын пайдалануға үйрету сабақтан кейін үй тапсырмасында жалғасып жатады. Мұғалім жаңа шығарманы талдау барысында ақылын, көңіл толқынын, шығармашылық қабілетін, қиялын, әдеби сезімталдық қасиетін, болмысты сипаттаудың, суретшілік, бейнелілік, өрнектілік тәсілін, көркем әдеби тілін дамытатындай шығармашылық тапсырма берудің ыңғайлы сәттерін іздестіруі керек.

1.Мысалы, мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін өткен кезде «Қожаның құпия кеңесте алған қаулысын Қожа тілімен жалғастырып жаз» немесе «жоғарыда қойылған міндеттердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету үшін ұйықтар алдында жақсы-жаман қылықтарымды осы дәптерге жазып отырамын» деген сөзін мысалға алып, «екі түрлі Қожаның» жақсы-жаман қылықтарына баға беріп, жазып келуді тапсырамын. Бұл тапсырмаларды жазу үшін оқушы кейіпкер дәрежесіне көтеріледі. Оның психологиясын түсінеді.

2. «Асанқайғының Жерұйықты іздеуі» аңыз әңгімесін оқыған кезде Асанқайғыша өз туған жеріңе баға беріп жаз деген тапсырма беруге болады.

3.Сайын Мұратбеовтың «Жусан иісі» повесі бойынша кейіпкер Аянның «Ертеде бір жетім бала болыпты...» атты ертегісін аяқта.

4.Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесі бойынша өзіңді төртінші жолаушы ретінде қарастырып, «әй,жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол» деген сөйлемнің мағынасын түсіндіріп жаз.

Белгілі бір әдеби шығарма бойынша шәкірттеріме осындай тапсырма бергенде көркем шығармадағы идея, образ, сюжет, оқиға, композиция, мінезде, кейіпкердің сөйлеу мәнері, т.б. сақталуын, шығармашылық үйлесім мен үндестіктің жарасым табуын өзім бағыттап отырамын.

« Дарынды ұстаздан – дарынды шәкірт шығады» демекші, дарынды оқушылардың көп болуы дарынды, шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаздарға байланысты.

Осы уақытқа деін елімізде небір дарынды да талантты адамдар шықты. Дарынды адамдар өзінің қандай да әрекет сферасында қабілеттіліктің жоғары деңгейін көрсетіп, қоғамға қаншама жаңалықтар енгізіп отырғаны белгілі.

Қорытындылай келе, дарынды баланың бойынан табылатын асыл қасиеттердің, өмірге құштарлықтың, биік ізгіліктің бірінші кілті – мыңды жығатын білімде бола отырып, оны дамытуды ұстаздардың дұрыс үйлестіре білуі басты мәселелердің бірі ретінде алға шығады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «бәсекеге қабілетті қоғам орнатудың негізі - білімде» - деп айқындап көрсетті. Ал, біз, ұстаздар қауымы, осы қоғамдық-әлеуметтік сұранымға сай білімді де білікті, әлемдік бәсекеге қабілетті ұрпақты оқытып, тәрбиелеуіміз керек. Қорыта айтқанда, оқушының мектеп қабырғасында алған білімі оған қызмет жасайтындай дәрежеге жеткізуге ұмтылуымыз керек.