Қазақстандық жұлдыздар қандай көліктермен жүреді.
Мәселен, «Нұр-Мұқасан» тобының мүшесі Мұқасан Шахзадаев «Range rover» көлігінің тізгінін ұстапты. Тілшілерге көліктің шетелде де қатты бағаланып, «корольдердің көлігі» болып есептелетінін де мақтанышпен айтты. Жалпы, әншінің сөзіне қарағанда көлігін жиі ауыстырмайды екен. Есесіне мінген көлігін қатты күтіп, тазалығына ерекше мән береді.
Тоқтар Серіковтың соңғы уақытта кәсіпкерлікпен айналысатыны белгілі. Ұзынқұлақтан жеткен ақпаратқа қарағанда, оның меншігінде 10 шақты көлік бар екен. Бірақ өзі тек «Land cruiser» көлігі бар екенін айтады. Әнші Айқын Төлепберген де тура осындай көліктің иесі болып табылады. Әнші Еркін Нұржанов та «Ленд Крузердің» иесі.
Актер Тұңғышбай Жаманқұлов та тура осындай көліктің салонында отырады. Ол қымбат көлікті «Бұл жәй ғана Ленд крузер ғой» деп атап, онша «крутой» көлік емес екендігін білдірді.
Әнші Нұржан Керменбаев «Infiniti» көлігін тізгіндепті.
Шахезада есімді әнші 12 жылдан бері саны бас-аяғы 40-тан жығылатын көлік тізгіндепті. Қазір ол «Land cruiser prado» көлігіне мініп, оны «әйел адамдар үшін өте ыңғайлы көлік» деп атайды.
Әнші Мақпал Жүнісова «Mercedes s class» көлігінде жүреді. Айтуынша, шығыны көп. Екі күннің бірінде жанар-жағармайға 10 000 теңге жұмсайды екен. «Халық әртісі деген атағым бар ғой, дұрыс көлікпен жүргенім дұрыс», — деп күледі әншінің өзі. 7 жылдан бері қасында жүрген жеке жүргізушісі қызын да мектепке дәл осы көлікпен тасиды екен. Көліктің құнын сұраған тілшіге, ол бір топ қазақ азаматтары қосылып, сыйға тартқанын айтты.
Ал «Музарт» тобының серілері «Lexus» көлігін бағалайды.