Мотоцикл туралы мәлімет
Мотоцикл (лат. 'motor' – қозғалтушы және гр. 'kyklos' – дөңгелек, доңғалақ) – цилиндрінің жұмыстық көлемі 49,8 см3-ден үлкенірек қозғалтқыш орнатылған, 2 немесе 3 дөңгелекті көліктің бір түрі. Оның ең алғашқы үлгісі 19 ғасырдың аяғында Еуропада жасалды. Пайдалану мақсатына қарай мотоцикл ‘‘көліктік’’, ‘‘спорттық’’ және ‘‘арнаулы’’ түрлерге ажыратылады. Көліктік мотоциклдердің көлемі шағын, салмағы жеңіл, оңай басқарылатын әрі қарапайым болғандықтан жеке меншік көлік ретінде пайдаланылады (суретті қара). Арнаулы мотоциклдер түріне күзеттік мотоциклдер, эскорттық (құрметті қарауылдық) мотоциклдер жатады. Мотоцикл қозғалтқышы (карбюраторлы, 2 не 4 тактілі) жұмыстық көлемі 125-тен 650 см3 дейінгі іштен жану қозғалтқышымен жабдықталады және күштік беріліс (ілініс, беріліс қорабы, алдыңғы және артқы беріліс), жүріс бөлігі, электрлік жүйе деп аталатын механизмдер тобынан құралады. 100 километрге 5,8 л бензин жұмсалады.