МҰСТАФА ШОҚАЙ АЛАШТЫҢ ЖАУЫ ЕМЕС!..


Заман өзгеріп, уақыт алмасса да, адам баласының пікірі өзгермейді ме, қалай өзі?! Қазақтың қилы тарихындағы дау-дамайлы мәселенің бірі — алаш арыстарының өмірлеріне тікелей қатысты кикілжіңдер. Мысалы, Міржақып Дулатұлы Аманкелді Имановты «өлтірді» деген қисынсыз әңгіменің айтылып келе жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл секілді мысалдарды тізіп айтуға болар еді. Бірақ осындай «қазақы ерегес» кімге пайдалы, кімге опа әпермек? Әрине, руды білу — міндет, бірақ бөліну індет емес пе? Әсіресе, мынадай алмағайып заманда қазақ пен қазақ қырық пышақ болып, ру-руға бөлінудің қажеті жоқ. Әлі күнге дейін руаралық жанжалдың кесірінен «алаш арыстарының идеясына қарсы көзқараста болған» сыңайлы қысыр әңгімеге арқауы болған Мұстафа Шоқай бабамыздың бар кінәсі қандықасап жылдары эмиграцияға кетуі екен. Халқымыздың ұлы тұлғасы шетелдерде жүрсе де, елі мен түркі халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған. «Қатынөсектің» ермегіне айналған «қашқын», «Алаштың жауы» деп кінәланған сол эмигрант Мұстафа бабамыз: «Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремiн және соған жету үшiн тырысамын. Демек, атамекенiмдi құтқару үшiн күресемiн», «Атамекендi сүю — оның тұтас мүддесiне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса, жан пида қылуға дайын тұру болып табылады» деген. Осы біз аруақпен алысқанды қашан қояр екенбіз?!

20 қараша күні Ұлттық академиялық кітапхана мен «Алжир» мемориалдық мұражайының ұйымдастыруымен Мұстафа Шоқай арысымыздың 125 жылдық мерейтойының құрметіне «Мұстафа Шоқай — мәңгілік ғұмыр» атты еске алу кеші болды. Салтанатты шараға шоқайтанушы ғалымдар мен оның ұрпақтары қатысты.

«Өзінің бар саналы ғұмырын, күш-жігерін түркі халықтарының азаттығы мен тәуелсіздігіне арнап, сол жолда өз өмірін пида қылған Мұстафа Шоқай бабамызға арнап, тек Қызылорда өңірінде ғана емес, Астана, Алматы сынды қалаларда оның ескерткішін орнатып, көшелерге есімін беріп, шығармаларын орыс, ағылшын тіліне аударып, таныта беруіміз керек», — дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы. Мұрат ағамыз бабамыздың 120 жылдығы қарсаңында арнайы экспедиция ұйымдастырып, шоқайтанушы ғалымдарды Франция, Германия елдеріне апарып, Мұстафа Шоқай жүрген жерлерде болған. Ағамыздың бір игі ісі — Мария Яковлевна Шоқай ханымының бейітіне барып, дұға жасап, қорымдағы жертөлемін 50 жылға ұзартып төлеген екен.

Мұстафа Шоқайдың арғы атасы Торғай Датқа Қуатбайұлы атақты би болған. Тектінің ұрпағымен 1925 жылы Францияға іссапарға барған Әміре Қашаубаев та кездесіп, шүйіркелескен.

Профессор Көшім Есмағамбетов: «…Әміренің Мәскеуде Ә.Бөкейхановпен кездесуі жөнінде айтыла бермейді. 1925 жылдың 23 маусымында Ә.Бөкейханов А.Байтұрсыновқа хат жолдап, онда Парижге жүрер алдында Әміренің ән мәтініне, ұлттық киім киюіне мән беру жөнінде пікірін айтады, дауысына қоштау білдіреді. Ә.Қашаубаев 1927 жылдың мамырында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық музыкалық көрмеде ұйымдастырылған этнографиялық концертке де қатысады. Атақты әншінің осы сапарларында Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың М.Шоқайға хат-хабар жолдамауы мүмкін емес, Парижден оралған бойда Ә.Қашаубаев Қызылордада болып, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовқа М.Шоқайдың сәлемін жеткізеді», — деген сөзінен-ақ Мұстафаның алаш арыстарымен тығыз қарым-қатынаста болғанын білеміз. Ал Стамбұлдағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарихшы ғалым Әбдуақап Қара мырза Әлихан мен Мұстафаның арасындағы азаматтық байланысты арнайы зерттеп, көлемді ғылыми еңбек жазған. Жазушы Ермек Тұрсынов, Әкім Тарази мен ақын Қасымхан Бегмановтың бабамызға арналған әдеби деректі шығармалары, ғалым Бақыт Сыдықова мен Дархан Қыдырәлі, Мейіркүл Жетпісбаеваның зерттеулері және бар. Суретші Әбілқасым Сәрсенбаевтың «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» кітабы әлемнің бес тілінде шыққан еді.

Жиын барысында мінберге көтерілген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік Тұрғынбекұлы қыпшақ-арғын төңірегіндегі даулы әңгімелерді айтып, Мұстафа мен Ахмет, Әлихандардың бір-біріне деген құрметтері жоғары болғандарын сөз түсінген жанға санамалап айтып берді. Жазушы Табыл Құлыяс, ғалым Тұрсынхан Зәкен де Мұстафаның қазақ халқы үшін атқарған ерен еңбегін жоққа шығармай, оны құрметтеп, сыйлау керектігімізді қайталап айтты. Мұстафаның аталас немересі, сексенге келіп қалған Дүйсенкүл әжеміз бабамыздың ата-тегі, олардың КСРО тұсында көрген азаптары мен қиындықтары жайлы айта келіп, бүгінгі ұрпақтың білімді болып өсіп-өніп, ұлт тарихындағы асылдарымызды құрметтеп, соларға еліктеп өсу керектігін айтып, дала «академигі» жастарға ақ батасын берді.

Ел арасында 1916 жылғы Торғай көтерілісінің басты қаһармандарының бірі Аманкелді Имановтың Мұстафаға барып, “қыпшақтар жекеленейік” деген сыңайлы сөзі бар. Сонда Мұстафа: «Мен тек қыпшақтың емес, барша түрік халықтарының басын қосып, біртұтас түркі елін құрғым келеді», — деген екен. Тағы бір сөзінде: «Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсысымыз бөлiнiп, қыпшақтың көсемi, арғынның көсемi, үйсiннiң көсемi болып жатсақ, бiздiң халық азады», — деген еді.

Мұстафа Шоқай — қазақ тарихында саяси қайраткер, түркі халықтарының біртұтас идеясының авторы және сол үшін күресуші ретінде аты қалған тарихи тұлға. Кеңес Одағы кезінде «халық жауы» атанып, қуғынға ұшырап, эмиграцияда жүріп, құпия жағдайда өлім құшқан азаматтың есімі басқа алаш арыстарымен қатар ақталып, халқына оралған алаш қайраткерлерінің бірі екені ақиқат.

Сөз соңында айтарымыз: ұлт тарихындағы ұлы тұлғаларды бір-біріне қарсы қою арқылы жүйесіз тарихты жүйелегеннің орнына, бұрмалап бітерміз. Ел арасындағы алып-қашпа әңгімелер ұлы тұлғаларға деген құрметімізді азайтпаса, көбейте қоймас. Сөзге абай болайықшы, ағайын!

Елдос Тоқтарбай, «Қазақстан-Zaman» газеті