Қазіргі қазақ тілі орфоэпиясының жай-күйі

Қазіргі кезеңде қазақ тілінің орфоэпиясын азды-көпті сөз еткен еңбектер баршылық. Мысалы, М. Дүйсебаеваның “Қазақ әдеби тілі орфоэпиясының кейбір мәселелері” – аты айтып тұрғандай, осы мәселеге арналған арнайы зерттеу.Автор дұрыс сөйлеудің нормасы тіліміздегі белгілі бір дыбыс заңдылығы бойынша
қалыптасатынын ескеріп, тіліміздегі дыбыстардың әрқайсысының айтылуындағы ерекшеліктерге жеке-жеке тоқтайды. Автор қазақ әдеби тілінің сөйлеу мәдениетінің
қалыптасуына әсер еткен негізгі жағдайлар ретінде мыналарды атап көрсетеді: халықтың дәстүрлі (традициялық) сөйлеу тілі, белгілі бір мәдени орталық, баспа орындары мен мәдени мекемелер, жазба әдеби тіл мен көркем әдебиет. Автордың мына бір пікіріне көңіл аудару керек болады: “Қазіргі Алматы қаласындағы қазақ интеллигенциясының сөйлеу тілі дұрыс сөйлеу мәдениетінің үлгісі болады дейміз”. X. Қожахметованың мектепке дейінгі балалар мекемелеріне маман даярлайтын
педагогикалық, оқу орындарының, студенттері мен оқушыларына арналған “Мәнерлеп оқу” деп аталатын оқу құралында” орфоэпияға да орын берілген. Тіпті “Орфоэпияның басты ережелерін” анықтауға да тырысқан. Алайда ол тек ниет түрінде қалған. Қазақ тілі орфоэпиялық, нормаларын жүйелі түрде біршама дұрыс баяндаған, осы саладағы ізденістерге үлгі-өнеге боларлық еңбек – Р. Сыздықованың “Сөз сазы” (сөзді дұрыс айту нормалары)”, 1983 жылы жарық көрген бұл кітапшада қазақ тілінде тұңғыш “Орфоэпия қағидалары” жүйеге түсіріліп, 36 параграфке топтастырылған. Және мұның өзі құрғақ, жай қағида болып қалмаған; мысалдар берілген, жаттығуы және бар. Еңбектің және бір артықшылығы сөйлеу үстінде сөздердің ритмикалық топ құрап айтылатынын және ондай топтардың түрлерін (он бес түрлі) анықтайды. Бұл еңбек жетілдіріліп, 1995 жылы қайта жарық көрді. Ә. Жүнісбектің еңбектері тіліміздегі дыбыстардың акустика-артикуляциялық қасиеттерін дұрыс танытып қана қоймай, орфоэпияға қатысты да құнды фактілер бере алады (әдебиет тізімін қараңыз). Сөздерімізді айтудағы ала-құлалық, орфоэпия жөніндегі пікірлер мақала, зерттеулер орфоэпиялық сөздіктердің жасалуына түрткі болды. Олар: Қ. Неталиеваның: “Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі” (1977) және М. Дүйсебаеваның “Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі” (1981)‚ М. Серғалиевтің “Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі” (1996)‚ С. Мырзабековтің “Қазақ тілінің айтылым сөздігі” (2001). Бұл сөздіктерді оқу процесінде студенттер пайдаланып жүр