Денис Тен туралы қызықты ақпараттар
Денис Тен кім десеңіз...
ХХ ғасырдың басында жапон елі Кореяға соғыс ашқан. Сол қиян-кескі соғыста корей елінің азаттығы үшін генерал Мин Гын Хо ерлік танытып, Отан үшін жанын қияды. Кейіннен корей халқының бір бөлігі Ресейге қоныс аударған. Кеңес үкіметі кезінде сол қоныс аударған корейлер тағдырдың айдауымен Қазақстанға жер аударылады. Олардың қатарында сол баяғы Мин ұрпағы да бар еді. Оның ұлы Ен Ук Шымкентте пединистутты аяқтаған екен. Ал Мин Гын Хоның шөпшегі болып келетін Денис Тен 1993 жылдың 13 маусымында дүние есігін ашыпты.
Денис Тенді отбасы бетінен қақпай өсірген. Соның арқасында қазіргі жас спортшы мәнерлеп сырғанаудан өзге, теннис, акробатика, таеквондо, карате және жүзумен айналысқан. Би және көркемсурет мектептеріне де барған. Музыка мектебінің 5 сыныбын тәмамдап, хорда да ән салыпты. Ол жолға түсуді де таңдап кетуге шақ қалған Денис соңында бәрібір мәнерлеп сырғанауды таңдаған.
Денис Тен алғаш рет мұз айдынындағы халықаралық дәрежедегі сындарға қатыса бастағаннан кейін-ақ жас талантқа құда түсушілер жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптап шыға келді. Бәлкім болашақ таланттың шеберлігін мойындағаны болар. Десе де Алматы өңірінде дүние есігін ашқан спортшы еліміздің нағыз патриоты екенін танытып, олардың ұсынысын құлаққа ілмеді.
2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен ХХІ қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, еліміздің мәнерлеп сырғанау спортындағы финалдық кезеңге өткен тұңғыш спортшысы болып танылды. Сонымен қатар сол додада ерлер арасындағы ең жас спортшы да еді. Небәрі 17 жаста болатын. Және 11-ші орынға тұрақтады. Ал Денис оған дейін талай жарыстардың алтынын иеленіп, танылып үлгергенін көпшілік жақсы біледі.
Денис Тен мұз айдында еркін өнер көрсетуімен ерекшеленіп келеді. Қобалжыса да, жұртшылыққа байқатпайтындай. Ал айдындағы басты әдістерінің бірі – бильман деп аталады. Иілгіштікті талап ететін маңызды әдісті ерлер арасында жасай алатын мәнерлеп сырғанаушылар санаулы ғана. Олардың қатарында Евгений Плющенко және бүгінгі сайысқа қатыспайтын бірнеше спортшы ғана бар.
- Аздап қобалжып тұрғаным рас! Бірақ мен қазақстандықтардың, отбасымның және достарымның үлкен қолдауына ие болып отырмын. Бұл менің жеңіске деген сеніміме қанат бітіреді. Дәл осы қолдаулардан қуат алып отырған мен, қазір ұялы телефон секілдімін. Ең басты қарсыласым – өзім! Кез келген спорт түрінде спортшы ең алдымен өзіне сенім артуы тиіс. Сондықтан мен де жүлде жолында өзімді барлық жағынан дайындау үстіндемін, – деді Денис Тен жарыс алдында «Хабар» арнасының тілшілеріне берген сұхбатында.
Міне, Денис Тен Қазақстан қысқы Олимпиада тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш жүлдені иеленді. Осыған дейін жерлестеріміз биатлон, коньки және шаңғы спорты түрлерінен ғана көзге түскен болатын.