Ақылды болғыңыз келсе...
Адамның жасы ұлғайған сайын ақылды бола түседі деп ойлаймыз. Алайда өкінішке орай, белгілі бір жасқа дейін ғана біздің ақыл-парасатымыз ойдағыдай болады. Егде шақта көбіміздің есте сақтау қабілетіміз нашарлайды. Бұл үдерісті тоқтату біздің қолымыздан келе қоймас, алайда қол қусырып отыру да жөн емес. Себебі арнайы емдәм көмегімен мидың қартаюын баяулатуға және жадыны күшейтуге болады. Сонымен еңбек қабілетін барынша ұзақ сақтау үшін миыңызға қандай заттар керек?
В тобы дәрумендері. Бұл топтағы дәрумендер ми жасушаларын қоректендіру үшін қажет. Олар астық дақылдарында мол, сондықтан ботқаға немқұрайлы болмаңыз. Оларды кез келген уақытта жеуге болады. Таңертең желінген қарақұмық, сұлы немесе күріш ботқасының миыңызға берер пайдасы мол. Астық дақылдарында пайдалы көмірсутектер көп, олар мидың оянуына көмектеседі. Үйден оразасын ашпай шыққандар қатты қателеседі, өйткені таңғы ас ақпаратты есте сақтауға зор септігін тигізеді. Сондықтан таңғы асын ішіп шыққандар жол апатына сирек ұшырайды.
Қанықпаған май қышқылдары. Егер олар жетіспесе, ми жасушаларына оттегінің жеткізілуі нашарлайды, есте сақтау қиындайды. Қанықпаған май қышқылдарын жеткізушілер - өсімдік майлары мен балық. Алайда қыздырған кезде пайдалы май қышқылдарының бұзылатындығын есте сақтаңыз. Сондықтан да қуырылған және қайнатылған балықтың, қуырылған картоптың миға келтірер пайдасы жоқ. Оған қарағанда өсімдік майы қосылған салат пен майшабақ дұрыс. Майшабақтың тұзы аздауын таңдаған жөн. Өйткені көп тұз ағзаға зиян.
Мырыш. Британдық мамандардың тәжірибелері мырыш тұтыну мен ақпаратты қорыту қабілеті арасында тікелей байланыстың бар екендігін дәлелдеген. Ғалымдардың мәліметтері бойынша мырыш тапшылығына ұшыраған адамдардың есте сақтау қабілеті шамамен 50%-ға төмендейді. Демек, сиыр бауырын, теңіз өнімдерін күнделікті дәмге көбірек қосыңыз. Себебі оларда мырыш көп.
Темір. Ол қандағы оттегінің тасымалдануына көмектеседі. Демек ол миды оттегі жетіспеушілігінен сақтайды. Ол үшін курага, бұршақ тұқымдастарды, нан мен сиыр етін көбірек тұтынсаңыз болғаны.
С дәрумені. Бұл дәрумен организмді вирустар мен бактериялардан қорғап қана қоймай, миды мезгілінен бұрын қартаюдан сақтайды. Цитрустар мен тұздалған қырыққабатты көбірек тұтынып, итмұрын тұнбасын ішіңіз.
Сонымен қатар миға көмектесетін басқа азық-түліктер де бар: пияз – ми жасушаларының оттегімен жақсырақ қамтамасыз етілуіне көмектеседі, сарымсақ құрамында ми жасушаларын белсенді ететін және жадыны жақсартатын заттар бар, жасымықта ми жасушаларындағы биохимиялық үдерістердің жылдам өтуіне қажетті аминқышқылдар бар және жылдам ойлауды қамтамасыз етеді.