Каирде Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатылады
Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Берік Арын Каир қаласының губернаторы Галял Мұстафа Мұхаммед Саидпен кездесті.
ҚР СІМ баспасөз қызметінде хабарлағандай, тараптар екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды, мәдени және туристік байланыстарды кеңейту, сондай-ақ 1999 жылы қол қойылған Достық пен ынтымақтастық туралы келісім аясында екі ел астанасы арасындағы бауырлас қатынастарды нығайту жолдарын талқылады.
Қазақстандық дипломат әңгімелесушісін Қазақстандағы маңызды ішкі саяси және экономикалық оқиғалар жайлы, Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне дайындық барысы туралы хабардар етті. Сонымен бірге ол елдегі «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында және «Стратегия 2050» құжатында айқындалған міндеттерді іске асыру аясында елдегі жүргізіліп жатқан реформалар жайында хабардар етті. Сондай-ақ ҚР Президентінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды.
Губернатор Г.М. Саид Қазақстан мен оның астанасының қол жеткізген табыстары мен даму қарқынын жоғары бағалады және Астанамен бауырлас байланыстарды одан әрі нығайтуда мүдделілік танытты.
Осы бағыттағы практикалық қадам ретінде тараптар келесі жылы ұлы қазақ ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевқа Каир қаласының «Еркіндік және достық» саябағында ескерткіш орнататыны жайлы уағдаластыққа қол жеткізді.