Баланы ұрып-соғу оның дамуына кері әсер етеді
Колумбия университетінде жүргізілген зерттеу нәтижелері ересектерден зәбір көрген балалардың когнитивті дамуында болашақта қиындықтар туындайтындығын көрсетті. Ғалымдардың айтуынша, бүгінгі күні АҚШ-та баланы ұрып-соғу оны жазалаудың кең тараған түрі болып отыр.
Әкелердің 30%-ға жуығы және аналардың 50%-ы балаларын 5 жас шамасында ұрғандарын айтқан. Зерттеушілердің басты жаңалығы – 5 жасында әке-шешесінен таяқ жеген балалар 9 жасында сөздік қорын тексеруге арналған тестілерді тапсырғанда қатты қиналады. Бұған қоса, құрдастарымен салыстырғанда бұл балаларда эмоциялық қозулар күштірек.
Талдау кезінде ғалымдар Пристон және Колумбия университеттері қызметкерлерінің 5000 астам балаға жүргізген егжей-тегжейлі зерттеулеріне сүйенеді. Бұл балалар 2003 және 2006 жылдар аралығында Американың ірі қалаларында туған. Балдырғандар 1,3,5 және 9 жасқа толғанда олардың аналарына сауалнама жүргізілген. Зерттеу кезінде ғалымдар баланың дамуына әсер ететін басқа да маңызды факторларды анықтады. Олар: анасының IQ деңгейі, ата-аналардың албырттығы, олардың басында болған стресс, торығу немесе үрей және баланың когнитивті қабілеттерін ананың дамытқаны не дамытпағандығы. Сондай-ақ ананың жасы, ұлты, білімі мен қызметі, жүктілік кезінде күйеуінің қолдауы не қолдамауы, отбасы құрылымы,табысы, баланың жынысы, жасы, туғандағы дене салмағы, отбасында нешінші бала екендігі, мінезі де көп әсер етеді. Болашақта ешқандай қиындық тумау үшін ғалымдар ата-аналарға отбасында жылы қарым-қатынас орнату мен «Тәрбие – тал бесіктен басталады» дегенді есте ұстауды ұсынады.