Інісі жеңіп, ағасы жеңілді
Кәсіпқой бокста бақ сынауға бел буған Даир Жайлауов өзінің алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады. Ал ағасы Роман Жайлауов «WBA Pan African» чемпиондық атағы үшін өткен жекпе-жекте жеңіліс тапты.
Жайлауовтар жекпе-жегін Оңтүстік Африкада Республикасында өткізді. Кемптон Паркте өткен кездесуде Даир Жайлауов қарсыласы Алохи Дибиді ұпай айырмасымен жеңді. Орта салмақта жұдырықтасқан боксшылардың жекпе-жегі төрт раундқа жоспарланған болатын.
Роман Жайлауов екінші жекпе-жек қатарынан жеңіліс тауып отыр. Қыркүйек айында оңтүстік африкалық Томпсон Мокванаға ұпай айырмасымен жеңіліп қалған еді. Бұл жолы отандасымыз конголық боксшы Пол Камангаға есе жіберді. 12 раундқа жоспарланған шаршы алаңдағы кездесу 5-раундтан кейін тоқтатылды. Нәтижесінде Конго елінің былғары қолғап шебері техникалық нокаутпен жеңіске жетті.