Бала тәрбиесі құрсақтан басталады
Баланы жастан деуші еді ғой, бірақ баланы жастан емес, бесіктен, бесіктен емес-ау, ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ескерген. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренетін, барлығын қоғамдық өмірден жинақтайтын тәрізді сезіледі. Алайда адамның бес жасқа дейінгі алған тәрбиесі бүкіл өмірден алған тәрбиесінің 90 пайызын құрайды екен. Соның ішінде сәбидің ана құрсағындағы тәрбиесі маңызды орын алады.
Бір қызығы, бала ана құрсағында жүргенде, анасы нені көп үйренсе, нені білетін болса, кейін бала сол нәрсені тез игеріп алады екен. Америкада мынадай тәжірибе жүргізіпті. Бір күнде, бір уақытта туған үш немістің, үш ағылшынның, үш орыстың баласын кіндігі кесіле салысымен барлығын бір үйге апарып, оңаша жатқызып қойып, алдымен неміс тілінде, «өмірге қош келдіңдер, жолдарың сәтті болсын» деп, жақсы-жақсы сөздер айтқан екен. Ағылшын мен орыс балалар қыбырсыз жатыпты да, неміс сәбилер қозғалып, үн шығарыпты. Ал осы сөздерді ағылшын тілінде айтқанда, жаңағы неміс пен орыс нәрестелер қозғалмай, ағылшын шараналар қимылдап, көңіл аударыпты. Орысша айтқанда да тура солай болған. Мұндағы себеп неде? Өмір есігін жаңа ашып, жарық дүниені жаңа көріп отырған сәбидің өз тілін білгені қалай? Әрине мұның барлығы — оның қанынан, ана құрсағында жүргенде күнделікті алған тәрбиесінен. Өйткені оның әке-шешесі өз тілінде сөйлейді. Ортасы қарым-қатынасы өз тілінде.
«Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» дейді қазақ. Ал бүгінгі біздің ортамыздағы қазақ балалары қалай болмақ? Көбінің күнделікті еститін сөзі орысша болса, ұлттық қаны бар, ұлттық намысы бар қазақ ұрпағын қалай өсіреміз? Ертеңгі ұрпағың туа салып орысша бейімделіп кетпесіне кім кепіл.
Қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Құрсақта жаңа қалыптасып келе жатқан шарананың қандай мінезді пенде болып туарына сырттағы әуез айтарлықтай ықпал етеді екен. Атам қазақ аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүріп ән айтқан, күмбірлете күй тартқан. Адуын мінез бәйбішелердің өздері келін-кепшікті алқақотан жинап ән салдырған, бой жаздырған. Мұның ар жағында — ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқан жоқ па?! Ән шырқаған көңілден ауру қашарын әлмисақтан білген, шадыман көңіл жас анадан шаттық кернеген, мінезді ұрпақ туады деп сенген.
Ән-әуенді айту бар да, оны тыңдау бар. Қазақ айта да білген, тыңдай да білген. Таңды таңға ұрып шырқаған сал-серілер мен ақ тер, көк тер боп арығанша жырлаған жырауларды ұйып тыңдаған ел едік. Сонан да болар негізіміз әнші, күйші халықпыз. Қазір қайда сол жырлар, алты қырдың астынан естілер әндер қайда қалды? Ұйыған «құлақты» тыңдаушысы бар ма қазір? Жоқ. Оның ауылы алыстап кетті. Жас ананың тыңдайтыны жарықшақ қатқыл музыка, жұлқынған ырғақ, тұрмыстағы ұрыс-керіс пен тыстағы тарсыл іштегі нәрестеге де сол күйінде әсер етіп жатыр. Сонан да болар қазіргі туған балалар психикалық дағдарыспен дүниеге келеді. Мінезі кең бала аз. Тумай жатып тозық жүйкеге шалдыққандар басым.
«Жаңашылмыз» деп баланы бесіктен айырдық. Құлақ ашып, азан шақырып ат қою ұмытылды. Шыр етіп жарық дүниеге келген нәрестеге шілдехана жасап, ән-күймен күтіп алатын ел бар ма? Баланың адам боп алғашқы еститіні акушерлердің «мальчик», «девочка» немесе «богатырь», «красавица» деген анықтамасы, көретіні пышақ (кесарево сечение) пен жалғыздық болды. Ол ертең жалғыздыққа, қатігездікке үйрене бастайды. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатып, ырғалған түйенің үстінде ырғақты ән салған анадан туған баланы сол ырғағынан бірден жаңылдырмай, шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Сөйтіп, ырғақты тербелісті бұзбай, құрсақтағы көмескі үнді ананың бесік жырына ұластырған. Неткен зеректік десеңізші?! Қос дүниені үндестіру, үйлестіру осындай-ақ болар.
Мұндай әуенмен тербеліп, өмірге келген бала қандай мейірімді де, мінезді болып өсер еді. Қазіргі бала жарық дүниемен үндесіп емес, үркіп келеді. Үркек, тентек мінезімен өмірден үйлесім іздеп сандалған сәби аз ба? Соғыс жылдарында аналарымыз жүкті боп жүріп трактор айдаған, айырлап шөп маялап, түн қатып станоктардың басында тұрған. Сөйтіп жүріп-ақ өмірге дені сау ұрпақ әкелген. Қазіргі жастар оны ертегідей көреді. Іштегі балаға үнемі қимыл-әрекет қажет. Дәрігерлер екіқабат әйелдерге: «Еңкейіп еден жу, шалқайып беліңді жаз, жаяу көбірек жүр» деген ақылдарын бекер айтпайды. Құс екеш құстың өзі күн аралатып, басып жатқан жұмыртқаларын тұмсығымен қағыстырып, аударыстыра, үнемі шайқап отырады.
Аталарымыз келіндері мен жүкті әйелдеріне белі қатты қазанаттар емес, әсте маң басқан түйелер, тайпалған су жорғалар ғана мінгізгені білгендік емей немене?! Ол кезде түсік ілуде бір кездеспесе, жасанды іш тастату деген болмаған. Қазіргі жастар өзінің теріс қылықтарын экологияға жабады. Істейтін жұмыс, іс-әрекет жоқ, мінгені — көлік, жаяу аттап баспайды. Ауыр толғақ, өлі перзент осыдан екенін білмейді де.
Жапон халқында мынадай жақсы дәстүр бар. Ауа райы түнеріп, аспанды бұлт басса да, жаңбыр, қар жауса да, көшеде баласымен келе жатқан ата-ана ән айтады. Әйелдері құрсақтағы нәрестелеріне ел тарихы, ұлағатты адамдар жайлы жақсы әңгімелер айтады екен. Ал біздің жас аналар «Апырмай, қалай босанам, жағдай қалай болады?» деп уайымға салынып, болмашы нәрсеге күйіп-пісіп, күйеулерімен ренжісіп жатады. Соның бәрі балаға әсер етеді.
Жанның он екі арнасын тек ана құрсағындағы тәрбиемен ғана аша аласыз. Ана құрсағындағы бала төрт айында тәрбие күте бастайды. Бала бойына біткеннен бастап ана бойын, жүріс-тұрысын түзеп, мінезін қалыптастырып, жаман қылықтардан арылып, денсаулығын қадағалауы, сұлу табиғат көріністерін тамашалап, әсем ән-күй тыңдап алған әсерін жан күй тебіренісі арқылы іштегі нәрестеге жеткізе білуі тиіс. Өйткені ана қуанса іштегі бала да қуанады, қайғырса қайғырады. Ананың бойындағы мінез-құлқы, денсаулығындағы ақаулар құрсақтағы балаға беріледі. Қазіргі таңда ана құрсағындағы тәрбиенің сақталмауынан жанның он екі арнасы жабылу алдында. Кешегі Абайдай дана өткен, Әбу Насыр әл-Фарабидей ғұлама өткен қазақ даласында бүгін де сондай дана ұрпақтар туса, кәні!?