Сенің көзің...
Сенің көзің...
Шынымен қатты ғашық болдым. Көздеріне. Қараумен болдым. Жанарына жанарым байланды да қалды. Мойылдай қап-қара. Тұңғиық. Терең. Батып бара жатқандай болдым. Қарманғым да келмеді. Батсам батып-ақ кетейінші дедім. Тірі болсам түбі бір шығармын, қазірше батсам батайын-ақ деп шештім.
Қарсы алдында отырған адам өзінің көзінен көзін алмай отырса кез-келген адамның мазасы қашады ғой. Ол да ыңғайсызданды. Қарамаңызшы,- деп жымиды. - Қарағым келеді,-дедім, қасарысып. Жоқ, дұрысында - қарай бергім келеді,-дедім жалынғандай болып. Күлді. Кірпік қаққаны қанымды ішті ғой. Кірпік қаққанында көзі-жұмылып барып, қайта ашылғанша шын мәнінде жарым секунд қой. Ал, сол жарым секунд маған ұзақ болып көрінді. Көзін жұмбаса екен, кірпігін қақпаса екен деп тілеумен болдым. Менде сезім бар екен, менде жүрек бар екен. Қуандым. Қарап отырып өлең жазғым келді. Құдай-ау, мен өлең жазбағалы қай заман. Енді мүлде жазбайтын да шығармын деп жүргенмін ғой. Жазғым келді. Бірақ ешкім жазбаған жыр жазуым керек деп талап қойдым.
"Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман",-деп Мұқағали жырлаған.
"Көздеріңе ғашықпын" деп Ұлықбек аға жазып тастаған.
"Көздеріңнен айналайын мөп-мөлдір",-деп Қайрат Нұртас күн сайын қақсап жүр.
Тағы біраз көз туралы өлең-жырларды түгендеп шықтым. Менікі олардан өзгеше болуы керек. Өйткені мен ғашықпын. Қайрат құсап қайталап айтамын, қызға емес, сол қыздың бір мүшесіне ғана, яғни, көздеріне ғана. Ғашықпын. Ал, мынандай ғашықтықтан ұлы өлең тууы керек.
Ақыры жаздым. Өте әдемі өлең туды. Ойымдағыдан жоғары деңгейде жазылды. Брақ, ертесі күні ешкімге оқытпастан жыртып тастадым. Өйткені әйелімнен естідім, оның көзіндегі линза екен... Қап-қара линза салдырып алыпты ғой. Не боп барады өзі?
Бейбіт Сарыбай