Астанада пәтер тонаушылар өз құрбандарын Instagram және Face
Астанада пәтер тонаушылар өз құрбандарын Instagram және Facebook арқылы табады
Астанада пәтер тонаушылар өз құрбандарын Instagram және Facebook арқылы табады. Бұл туралы "Алматы" аудандық прокуратурасы тергеу бөлімінің басшысы Арсен Бегалин сұхбат барысында мәлімдеді.
"Қазір адамдар барлығын әлеуметтік желіге жариялайды, өмірлерінің әр минутын, сағатын. Алаяқтар соны пайдаланады. Парақшаға кіріп: кім қалай тұрады, кімнің жағдайы қандай соны көреді. Әйелі не киеді, күйеуі қандай көлік айдайды. Олар қандай курортқа барады, іссапарға қайда барады. Сөйтіп, қылмыскерлер ол адамдар бақуатты деп ойлайды", - деді прокурор Арсен Бегалин.
Оның айтуынша, бұл пәтер тонаушылардың бірі ұсталғаннан кейін жүргізілген сараптама мен түсінік алудан кейін анықталды. Ол прокурорға біреудің парақшасына жазылып, одан әрі әрекет еткенін толықтай әңгімелеп берген.
Прокурордың айтуынша, Instagram немесе Facebook желісінде адамдардың парақшасына жазылған қылмыскерлер ол туралы толық мағлұматты біліп алады: электронды адресін, парақшасында көрсетілген телефон номерлерін. Арсен Бегалиннің айтуынша, жарияланған суреттер қылмыскерлерге одан әрі әрекет етуге жол береді.
"Кейбір адамдар ұшуға бір күн қалғанда шабадандарын, билеттерін суретке түсіріп, жариялайды, ол жерде ұшатын күні мен уақыты көрініп тұрады. Мұның барлығы қадағаланады. Ұрылар қоңырау шалмай, ақпарат жинамай, өздеріне назар аудартпау үшін пәтерлерді ашып, тонай береді", - деді прокурор, оның айтуынша, таяуда осындай жолмен пәтер тонаумен айналысқан павлодарлық қылмыстық топ ұсталды.