Киім таңдау
Бір киім біреуге қолмен құйғандай үйлесе қойса, екінші кісіге мүлдем жараспауы мүмкін. Сән қуғанның жөні осы екен деп, стильге сызат түсіруге болмайды. Киім таңдағанда мұқият болсын деген ниетпен ұсынар кеңесімізге көңіл бөліңіздер.
Кең жиекті қалпақ
Жетпісінші жылдары сәнге енген осы бір қалпақты қыздар әлі күнге киеді. Федора қалпағы көп қолданылғанымен, басқа брендтер жиегі тым кең үлгілерін де ұсынады. Мұндай өте кең жиекті қалпақты бойы аласа қыздар кимей-ақ қойғаны абзал. Ол сүп-сүйкімді аруға саңырауқұлақ кейпін беріп, күлкілі көрсетеді. Бойыңыз ұзын болмаса, жиегі қысқалау қалпақ таңдаңыз.
Ботфорт (ұзын қонышты етік)
Шағын бойлы қыз болсаңыз, барынша ботфорттан қашық жүргеніңіз абзал. Бұл сән алаңына шығатын бойы тым ұзын да арық қыздарға арналған. Өзіңізді бұл аяқ киімсіз елестете алмайтын болсаңыз, қысқаша белдемшемен не көйлекпен киюге болады.
Миди ұзындығындағы белдемше мен жайтабан аяқ киім
Бойыңыз аласа бола тұра, осы үйлесімге құмар болсаңыз, таңдаудан бас тартуға болмайды. Бірақ аяқ киімді кемінде 4-5 сантиметр өкшесі бар түрінен таңдаңыз.
Гүлді принтті көйлек
Көйлектегі гүлді принт майда болған сайын адамды толық етіп көрсетеді. Көйлекке бедерленген гүл көлемі дұрыс таңдалса, дене бітімі де тартымды көрінеді.
Барқыт не өзге де «ауыр» маталар
Барқыт секілді қалың маталар сымбатыңызды құртады. Ал одан бас тарта алмайтын болсаңыз, барқытты өзге жеңіл маталармен үйлестіріп киіңіз. Мысалы барқыт пенжакты шифоннан тігілген көйлекпен кисеңіз, өте нәзік боп көрінесіз.
Жағалы жемпір
Жағалы жемпір мойны ұзын адамдарға өте жақсы үйлеседі. Ал мойныңыз сәл қысқалау болса, жағалы жемпір мүлдем мойны жоқ адамдай көрсетуі мүмкін.
Етегі еденге түсетін белдемше қайтадан сәнге келді. Бірақ бойы кішкентай қыздар одан да бас тартқаны абзал. Ол бойды одан сайын кішірейтіп, адамды аласа етіп көрсетеді. Тобыққа келетін белдемшені тым биік өкшелі аяқ киіммен ғана киюге болады.