Қазақстандағы ең бай адамдар
Қазақстанның жоғары лауазымды басшыларының жақын туыстары арасында елдегі ең бай адамдарға айналғандары көп. Мұны ашық дереккөздерден алынған мәліметтерден көруге болады.
Американың Forbes.com сайты рейтингіндегі планета миллиардерлері тізіміне 49 жастағы Тимур мен 48 жастағы Динара Құлыбаевтар биыл да енген. Екеуінің әрқайсысының 2 миллиард 100 миллион доллар байлығы бар. Динара Құлыбаева – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы. Ол Қазақстанның ең бай адамдары тізімінде үшінші орында тұр.
Американың Forbes.com сайтының жазуынша, Тимур мен Динара Құлыбаевтар Халық банкіне «Алмэкс» компаниясы арқылы қожалық етеді. Халық банкі шетел инвесторлары кеткеннен кейін жуырда ғана HSBC банкін (атауы Altyn bank деп өзгерген) сатып алғанын ескерсек, қазір ерлі-зайыпты жұптың меншігінде екі банк бар.
Forbes.kz сайтының болжамынша, 2013 жылдың мамырындағы есеп бойынша, 595 миллион доллары бар 52 жастағы вице-премьер, президент Назарбаевтың қызы әрі марқұм топ-бизнесмен, бұрынғы топ-шенеунік Рахат Әлиевтің бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева Қазақстанның ең бай адамдарының тізімінде 13-орында тұр. Ол байлығы жағынан сіңлісі Динарадан 10 орын төмен тұр. Сайттың жазуынша, оның байлық көздері – медиа, телекоммуникациялар, девелопмент және қаржы саласы. Бірақ қазір әлеумет Дариға Назарбаеваның иелігінде банк болғанын ұмыта бастады. Ақпарат құралдары 2010 жылы баласы Нұрәлі Әлиев екеуі «Нұрбанктің» бақылау пакетін сатты деп хабарлаған.
Forbes.kz сайтының 2013 жылдың мамырындағы болжамына сәйкес, Қазақстанның ең бай 50 адамының арасынан 32-орынды иеленген Астана әкімінің 30 жастағы орынбасары, Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің үлкен ұлы Нұрәлі Әлиевтің 200 миллион доллар байлығы бар.
Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің кіші ұлы – 25 жастағы Айсұлтан Назарбаев әзірше байлар рейтингінің ешқайсысына енбеген. Бірақ биыл күздің басында ол Қазақстан футбол федерациясы президенті болғысы келетін ниетін мәлімдеген. Көптеген бақылаушылар бұл лауазымды «майшелпек» деп санайды. Жарты ай бұрын Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Назарбаев «жиендерінің қызметте өрлеуін сырттай бақылағанды жөн көреді» деп мәлімдеген
Нұрсұлтан Назарбаевтың екі інісінің бірі (Сатыбалды) 34 жасында автомобиль апатынан опат болған, екінші інісі – кәсіпкер Болат Назарбаев. Болат Назарбаев еңбек жолын совхозда слесарь-сантехник ретінде бастаған. Қазір ол – «Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесінің мүшесі. Кейбір ақпарат құралдары Болат Назарбаевты өте бай адам деп атайды. Болат Назарбаев кезінде Майра Назарбаеваға (Құрманғалиева) үйленген. 2013 жылы Нью-Йорктегі 20 миллион доллар тұратын пәтерді бөлісе алмай, Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі соттасқан еді. Жанжалға Болат Назарбаевтың өгей ұлы Данияр Кесікбаев та ілінген.
KASE келтірген дерекке сәйкес, 2014 жылғы қыркүйектің 1-індегі есеп бойынша Bank RBK акционерлері тізімінде банкте 7,83 пайыздық үлесі бар жаңа акционер Болат Назарбаев та көрсетілген. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 37 жастағы немере інісі, марқұм Сатыбалды Назарбаевтың баласы, генерал-майор Самат Әбіш қазір ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
45 жастағы Қайрат Сатыбалдыұлы – Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір немере інісі әрі марқұм бауырының үлкен баласы. Ол 35 жасында ҰҚК генералы болды. Әскери қызметке Суворов училищесінде оқып жүрген кезде араласа бастаған. Бірақ училищені бітіргеннен кейін ол әскери және азаматтық қызметпен қатар айналысты. 2005 жылы ҰҚК-ден отставкаға кетті. Қазір президенттік «Нұр Отан» партиясының хатшысы. Өзін нағыз мұсылман санайды. Қайрат Сатыбалдыұлы бір апта бұрын Kaspi холдингінің акционерлері мен инвесторларының біріне айналды. Бұл холдинг Kaspi Bank акцияларының шамамен 90 пайызының жанама иегеріне айналды.
Kaspi Bank.kz сайты Kaspi Bank директорлар кеңесі төрағасы Вячеслав Кимнің «Біз жаңа Kaspi холдингін құрдық. Холдингтің жаңа екі акционері бар. Бірі – ескі досым және серіктесім Қайрат Сатыбалды. Екіншісі – 10 жылдан бері бизнеспен бірге айналысып келе жатқан Kaspi Bank басқармасы төрағасы Михаил Ломтадзе. Қазір Kaspi Bank – холдингтің негізгі активіне айналды, енді серіктестерімізбен бірге жаңа әрі инновациялық жобаларға инвестиция салуды жоспарлап отырмыз» деген сөзін келтірген.
Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інілері – Қайрат Сатыбалдыұлы мен Самат Әбіштің екеуі де бұрын Назарбаев тегіне жазылатын. Бақылаушылардың айтуынша, Қазақстан билігі туыстарының тегін ауыстыруды дәстүрге айналдырған. Мысалы, ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың баласы Сергейдің тегі – Нұртаев. Ел президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі, марқұм Сарыбай Қалмырзаевтың баласы Нұрболдың тегі – Сұлтан. Бақылаушылар мұндай құбылысты Қазақстан билігінің жақын туыстарының мансабына жұрт назарын аудармауға тырысқан әрекетіне балайды.
Бақылаушылардың пікірінше, 75 жастағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын адамдарының ішіндегі ең білікті, дағдарыстарды шешуге қабілетті менеджерлер – қазіргі қорғаныс министрі 58 жастағы Иманғали Тасмағамбетов пен Астананың қазіргі әкімі 61 жастағы Әділбек Жақсыбеков. Иманғали Тасмағамбетов пен Әділбек Жақсыбековтің туыстарының ішінде сәтті кәсіпкерлікке жеткендері бар. Олардың ішінде жұртқа ең танымалы – қорғаныс министрі Тасмағамбетовтің күйеубаласы, кәсіпкер әрі мультимиллионер Кеңес Рақышев деуге болады.
Биыл қаңтарда «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы директорлар кеңесіндегі Кеңес Рақышевтің мүшелік өкілеттігін мерзімінен ерте тоқтату туралы шешім қабылданған. Бұл – «Самрұқ-Қазына» қорына кіретін әрі қорғаныс министрлігі қарауындағы компания. Бірақ көп ұзамай – биыл наурызда Кеңес Рақышев «Қазкоммерцбанк» директорлар кеңесіне кірді. Ол өзге коммерциялық құрылымдарға да мүше. Forbes.kz сайты Кеңес Рақышевтің байлығын 684 миллион доллар деп бағалайды; ол Қазақстанның ең бай 50 адамы тізімінде 10-орында тұр.
Forbes.kz сайты Жақсыбековтер отбасы байлығын 628 миллион доллар деп бағалаған. Forbes.kz сайты дерегінше, Жақсыбековтің отбасы мүшелері – 60 жастағы Ләззат Жақсыбекова (Ибрагимова) – Әділбек Жақсыбековтің әйелі, 37 жастағы баласы Дәурен мен 59 жастағы інісі, сенат депутаты Серік Жақсыбеков. Цеснабанк, «Цесна-Астық» Концерні» ЖШС, «Медет-Холдинг» ЖШС, «Цесна-Капитал» брокерлік компаниясы мен «Цесна-Гарант» сақтандыру компаниясы Жақсыбековтер отбасының бақылауында.
Qazaq banki акционерлері тізімінде жоғары лауазымды шенеуніктердің екі туысы бар. Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының баласы Нұрхан Нұрланов – 9 пайыз үлеске ие. БАҚ «вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың күйеубаласы» деп атайтын Бақыт Ибрагимнің банкте 10 пайыз үлесі бар.