Қазақстанда ең үздік әлеуметтік жарнама таңдалды
Алматыда алғаш рет Қазақстанның ең үздік әлеуметтік жарнамасы таңдалды.
Екі ай бойы жауапты жарнамашылар, дизайерлер мен студенттер заманауи әлеуметтік жарнаманың қандай болатынын өз ойындағыдай етіп жеткізуге тырысты. Республикалық "Make It Clear!" әлеуметтік жарнамалар конкурсы бұл жолы екі категория - PRO (кәсіби мамандар) және FREE (әуесқойлар) бойынша 70-тен аса жұмыс жинап үлгерді. Олар екі номинация бойынша іріктелді: ТВ-ролик және әлеуметтік баспа жарнама.
Конкурсқа қатысушыларға келесі тақырыптар ұсынылды: "Таза ел/қала", "Жолдағы қауіпсіздік", "Суицид проблемалары". Марапаттау рәсімінде әлеуметтік баспа жарнама көрмесі өтті. Сонымен қатар, кинотеатр экранынан әлеуметтік маңызды мәселелерді қозғаған қазақстандық видеороликтер көрсетілді.
Қазылар алқасы кәсібилер арасынан Сафар Шәкеевті және оның "Табиғатты сүйеміз, Қазақстанды сүйеміз!" жұмысын үздік деп таныды. Ал әуесқойлар арасында "Алматы. Жанданған картиналар" жұмысымен Глеб Пономарев жеңімпаз атанды.
Сафар Шәкеев. "Табиғатты сүйеміз, Қазақстанды сүйеміз!"
Глеб Пономарев. "Алматы. Жанданған картиналар".
Айта кетейік, конкурс жеңімпаздары ең үздік екі фестивальге жолдама алды: Eurobest-2015 (Бельгия) және Dubai Lynx-2015 (БАӘ). Конкурсты ұйымдастырушылардың айтуынша, "Make It Clear!" адамдарды қоғамдағы ең маңызды проблемаларға назар аударуға шақырады.
Сонымен қатар, конкурс аясында ұйымдастырушылар Қазақстанның ең ірі мегаполисіндегі билбордта ілінетін жұмысты да таңдады. "Бауыржан" қайырымдылық қорының президенті Жұлдыз Омарбекова жастардың жұмысына көңілі толғандарын айтты. "Қоғамға ондаған, жүздеген позитивті жұмыс ұсына отырып әрекет ету өте маңызды", - деді Омарбекова.