Ұлттық банк араласқаннан кейін доллар 30 теңгеге арзандады
Доллар бағамы Ұлттық банк интервенция жүргізуге шешім қабылдағаннан кейін 270,11 теңгеге дейін төмендеді.
17 қыркүйек күні таңертең жасалған сауда 275 теңгемен басталды, ең жоғары баға да осы. Ал ең төменгі баға 268,1 теңгеге тең болды. Сауданың жалпы көлемі 233,5 миллион доллардан асты. Барлығы 24 қатысушы болды.
Еске сала кетейік, ақша айырбастау орындары долларды 300 теңгемен сата бастағанда Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыруға шешім қабылдады.
"Валюта нарығына қатысушылардың алыпсатарлық операциялары себепші болған теңгенің айырбастау бағамының құбылмалылығының өсуіне байланысты, іргелі макроэкономикалық факторлардың объективті және елеулі өзгеруінің болмауы жағдайында Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 16 қыркүйектен бастап ішкі валюта нарығындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында валюталық өктемдік жүргізуге шешім қабылдады. Ұлттық банктің валюталық өктемдігінің көлемі биыл 16 қыркүйекте 144 миллион долларды құрады", - деген мәлімдеме жасады Ұлттық банктегілер.